Айдос Сарым: Жігіттер, ит болмайық!
Айдос Сарым: Жігіттер, ит болмайық!
Желіде қазақ қыздарының шетелдік азаматтарға тұрмысқа шығуына наразылық әлі де басылмай тұр. Бойжеткендердің қытай жігіттерімен көңіл қосуына қарсылық танытқандар жуырда елордада митинг өткізді. Белсенділер қытайлықтарға тұрмысқа шыққан қазақ қыздарын азаматтығынан айыруды талап еткен болатын. Nur.kz ел азаматтарының жұртты дүрліктерген даулы мәселеге қатысты пікірлерін жариялады.
Геройхан Қыстаубаев, журналист:
– Қытай қимылдамайды. Ал қимылдаса жұтады! Жұтып та келді. Жақындағанның бәрін, тіпті өздерін жаулап алғандардың өзін жұтып қойды. Енді олар әлемдегі ыңғай "берген" елдің бәрін жұтуға көшті. Қытайдың "Чайна Тауны" әлемнің көптеген елдерінде бар. Бұл не? Бұл – қарсылықсыз жаулау! Сол сияқты тап қазіргі бізге қолданып отырған "Қытай жобасы", яғни "қытайдың ауқатты азаматтарының қазақ қыздарынан қалыңдық іздеуі" де, жұтудың бір түрі.
"Қарындасыңды қатын қыламын" дегені ауыр тиіп тұр маған. Шын мәнінде бұл қытайдың қазаққа бір тамызуы! Қызыңа тамған бір тамшы - ұлтыңа шашыраған мың тамшы! Менің намысымды келтіріп, өлтіріп бара жатқан жері де осы!
Қытайлықтардың қазақ қыздарына, мейлі олар, кейбіреулер айтқандай, жаман қыздар болса да, осылай салтанатты түрде келіп, өздеріне жар таңдай алуы - түбі ұлттың жұтылуы, жойылуына соқтырады! Біз бұл жағдайда, өз еркімізбен қытайлықтарға күйеуге тиіп жатқан, бей-берекет құбылысты, өз қолымызбен ретке келтіріп, даңғыл жол салып берген боламыз. Қашанда "күйеу" баланың осылай "есік ашып" келуін күтетін күйге түсеміз.
Оларда 40 млн еркек жалғыз басты екен. Қайтеді енді дегендей, жүректері елжіреп тұр. Сонда бұлар, қытайдың дегеніне көнсең, сол 40 млн сүрбойдақ, бары-жоғы 17 млн қазақты, талғамай-ақ, түгелдей дерлік өздеріне "адал жар" етіп ала салатынына милары жетпейді-ау деймін! Әлде милары жетсе де, оларға сондай жағдай ұнай ма? Ұнаса, елді үміттемей, өз қыздарын берсін. Тіпті, өздері де сол қытайларына еркек-ұрғашы бар, үрім-бұтағымен қоса "тиіп" алсын», - деп жазады өзінің желідегі парақшасында Геройхан Қыстаубаев.
Мұхтар Шаханов, ақын:
– Шетелдікке тұрмысқа шыққан қазақ қыздары азаматтықтан шығарылсын. Адамның құқынан гөрі бізге мемлекеттің қауіпсіздігі маңызды. Қазақстанның тұтастығы, бүтіндігі, болашағы маңызды. Қолдауларыңызды сұраймын! Әр адамда әртүрлі ойлар болуы заңды. Бірақ бұл мәселеде дауласпай, қырық пышақ болмай шешейік. Осы күнге дейін өмір сүріп кеткен бабаларымыздың рухы мен болашақ ұрпағымыздың алдында жауапты шешуші тарихи қадам. Атам қазақ "Жиен ел болмас" деген нақыл сөзін жадыңыздан шығармаңыздар» – деп жазды ақын өз парақшасында.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
– Жалпы қыздарымызды ешкімге бермейміз, ойбай-ойбай дегеніміздің өзі таза аграрлық, архаикалық сана. Яғни қыздарды жылқымен, басқа малмен тең санау. Əсіресе «тіркеу дегеніміз –сталиндік түрме» дегендердің осы түрмеден қыздарды шығармаймыз деп зарлауы күлкілі.
Жігіттер! Мықты болсақ жұмыс істейік, ынжық болмайық, ит болмайық, бəсекеге қабілетті, білімді, парасатты, бай-бақуатты болайық! Ешкімге тіл тигіздірмейік, тұмсықтыға шоқытпайық, бай мен бастыққа қорлатпайық! Сонда қыздарымыз ешқайда қашпайды, теңін ішінен іздейді.