Семейде дәрігерлер жаңа туған сәбидің өкпесіне күрделі ота жасап, аман алып қалды

Семейде дәрігерлер жаңа туған сәбидің өкпесіне күрделі ота жасап, аман алып қалды

Семейде дәрігерлер жаңа туған сәбидің өкпесіне күрделі ота жасап, аман алып қалды
ашық дереккөзі
Семей қаласындағы перинаталды орталықта жаңа туған сәбиге күрделі ота жасалды деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Перинаталды орталықта дүниеге келген нәрестенің өкпесінде туабітті ақау – кистозды-аденоматозды мальформация анықталды. Нәресте бірден қарқынды емдеу бөліміне ауыстырылып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Содан соң кішкентай пациенттің дүниеге келгенінің 16-күні сирек, әрі күрделі ота жасалды.
«Мұндай күрделі ақауы бар нәрестені емдеу үшін негізінен Астана немесе Алматы қалаларына апару керек. Бірақ нәрестенің ауыр жағдайына байланысты оны тасылмалдау мүмкін болмады. Сондықтан Алматы қаласының Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы балалар хирургиясы бөлімінің меңгерушісі К.Хаиров, Семей медицина университеті госпиталінің балалар хирургиясы бөлімі меңгерушісі Е.Жұмажанов, германиялық хирург Мария Краузак шұғыл түрде шақырылды», - дейді перинаталды орталықтың неонаталдық қызмет жетекшісі Гүлжазира Дюсекенова.
Ақ халаттылар нәрестеге ота жасап, сол жақ өкпенің кистасын алды. Осылайша, нәрестенің өмірі құтқарылды. Отадан кейін нәресте өздігінен дем ала бастады. Қазіргі уақытта ол анасымен бірге, ауруханадан шығарылды.
«Білікті дәрігерлердің арқасында ота сәтті өтті. Алғысымда шек жоқ. Сәбиім екеуіміз қазір үйдеміз. Алдағы уақытта баламның денсаулығына аса мұқият болып, оңалту шараларынан қалыс қалмауым керек», - дейді анасы Динара Садықова.