Жаңалықтар

Алматыда жастар форумы өтті

ашық дереккөзі

Алматыда жастар форумы өтті

Оңтүстік астанадағы іргелі оқу орындарының бірі Менеджмент университетінде жастарды БҰҰ ТДМ және ESG-ды іске асыруға арналған «ESG және БҰҰ ТДМ-дағы инновациялық шешімдер мен көшбасшылық» атты жастар форумы өтті, деп хабарлады turkystan.kz.  Аталған форумды оқу орнының жанындағы AlmaU  ESG мен Тұрақты даму орталығы алғаш рет ұйымдастырып отыр. Іс-шараға ғылым саласындағы көрнекті қайраткерлер, халықаралық ұйымдардың, ҮЕҰ-ның және корпоративтік сектордың өкілдері және Алматының жоғарғы оқу орындардың беленді де білімді жастары қатысты. Форумды кіріспе сөзімен ашқан оқу орнының ректоры Гүлнар Күренкеева аталмыш шараға қатысушыларды шын жүректен құттықтай келе, мұндай жиындардың өтуі жас мамандардың білімі мен біліктілігінің артуына зор ықпал ететінін жеткізді. Одан кейін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек форумға қатысушыларды видеоүндеу арқылы  құттықтап, жастарға сәттілік тіледі. Министр сондай-ақ айтулы іс-шараның AlmaU-да өтіп жатқанына қуанышты екенін сөз етті. Форум аясында AlmaU студенттері жүргізген зерттеу жұмыстары да таныстырылды. Олар Lehigh университетімен бірлесе жұмыс істеп, Алматы қаласындағы ауаның ластану деңгейін анықтады. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Алматы ауасы Лос-Анджелес қаласынан да лас. Еліміздегі электостанциялардағы электр қуатының 80%-ы көмірден өңделеді. Әлем тұрғындарының 92%-ы ауаның ластануынан зиян шексе, 3,5 миллион адам кеңседегі лас ауадан көз жұмады екен. Университет студенттері арнайы чип орнатылған құрылғы арқылы Алматы қаласы Бостандық ауданындағы  пәтерлерге зерттеу жұмыстарын жүргізіп көрген. «Біздің ең бірінші мақсатымыз – Алматы тұрғындарының денсаулығына лас ауаның  қаншалықты теріс әсері барын анықтап, оның шешімін табуға атсалысу.  Егерде біздің ойлап тапқан құрылғы оң нәтиже берсе, онда оны  кеңселер мен үйлерге орнатып, қала халқының денсаулығын жақсартуға үлес қосамыз. Болашақта медициналық университеттер мен экологияға жауапты мекеме қызметкерлерімен бірлесіп, ауаның ластану деңгейін төмендету арқылы халықтың да денсаулығын жақсартуға үлесімізді қосамыз», – дейді AlmaU университетінің 1-курс студенті Умид Аблуллаев.