Бельгер. Оқытушылар. Әнші-сазгерлер (ҮШТАҒАН)

Бельгер. Оқытушылар. Әнші-сазгерлер (ҮШТАҒАН)

Бельгер. Оқытушылар. Әнші-сазгерлер (ҮШТАҒАН)
ашық дереккөзі
1 − Гераға, жұрт сізді Мыщенкомен кездескен деп жүр ғой. Құпия болмаса, ол сізден нені білгісі келді? Жазушы-аудармашы Герольд Бельгер миығынан мырс етті. Менің Мыщенко деп отырғаным – КОКП Орталық Комитетінің бөлім меңгерушісі. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісі кезінде Алматыда болған. Гераға жымиып: «Мен оны «Мышкин-Тышкин» деймін. Желтоқсан көтерілісінен шамамен екі-үш күн кейін ол мені Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне шақырды. Шамасы оңаша отырып сөйлескісі келді ғой деймін. Кабинетте екеумізден басқа ешкім болған жоқ. Ол маған көзінің сұғын қадап: «Герольд Карлович, бізге алаңға шыққан жастардың талаптарының бірі қазақ тілін қолданысқа енгізу екенін жеткізген еді. Мен Алматыға шахтерлердің қаласы Қарағанды арқылы келдім. Шахтерлермен кездесіп, еңбек өнімділігі жайында кеңесіп, сондай-ақ қазақ тілі бойынша басшылық қызметте жүрген жергілікті ұлт мамандарымен арнайы кездесуіме тура келді. Мен олардан қазақ тілінің сөздік қорында қанша сөз бар деп сұрап едім, бес жүздей-ау деп жауап берді. Айтыңызшы, сол бес жүздей сөзбен қалай ел басқаруға, шаруашылықты жүргізуге болады? Осыған қайран қалып отырған жайым бар. Сізді жазушы-аудармашы деп естідім. Шахтер мамандардың маған айтқандары шындыққа қаншалықты жақын? Анығын сізден естігім келеді», − деді. Мен: «Жолдас Мыщенко, қазақ тілі туралы сізге қандай қазақтың сондай мәлімет бергеніне менің де таңым бар. Өзіңіз айтпақшы, мен аудармашымын. Қазақ қаламгерлерінің бірқатар шығармаларын орыс және неміс тілдеріне аудардым. Сол жұмыстарым барысында менің көзімнің толық жеткені – түркі халықтарының ішінде ең бай тіл қазақ тілі екен. Қазақтар фольклорға өте бай ел. Тіпті орыстарда ондай халық ауыз әдебиетінің туындылары жоқтың қасы. Ал жазушыларының шығармаларының көркемдік деңгейі өте жоғары. Әлем әдебиетінде өз орны бар. Кітаптарын орыс тіліне аудару кезінде көптеген сөздерінің мәнін жеткізетін баламалар таппай қиналған сәттерім аз болған жоқ. Егер маған сенбесеңіз, XIX ғасырда осында келіп, қазақтардың тұрмыс-салтын, мәдениетін, сөзін зерттеген орыс жиһангездерінің жазбаларын оқып көріңіз», − дедім. Мыщенко менен әлгі шахтерлердің мәліметін қолдауды күткен-ау, осыдан кейін өңі біртүрлі алабұртып, шарасыздықтан жақтырмай қарап, салқын үнмен: «Бара беріңіз», − деді. Иә, Желтоқсан көтерілісшілері қазақтан басшы болсын деп қана қойған жоқ, Ана тіліміздің мүшкіл мәселесін де көтерген еді. Ел басына күн туған осынау шақта әділдігін айтып, тілімізді қорғауда ары мен ұятына жүгініп, азаматтық танытқан Гераға да күні кеше бақилыққа аттанды. Артында сөзі қалды. 2 − Сіз биыл газет-журналға жазылдыңыз ба? Осы сұрақты бүгінгі интеллигенция өкілдеріне қойып көріңізші. Бірі естімегенсіп, бұрылып жүре береді. Ал бірі онда сенің шаруаң қанша дегендей өзіңе едірейе қарайды. Жалпы, олардың бірен-сараны ғана баспасөздерге жазылған. Ал басқасы редакциялар демеуші тауып, өздері жаздыртады дегенге малданып алған секілді. Қысқасы, олар соңғы жылдары осыны әдетке айналдыруда. Жасы жетпістен асқан қарттарға айтарымыз жоқ. Ал соған дейінгілер ше? Жуырда атағы дардай танысыма кездестім. Филология ғылымдарының докторы, профессор. Талай додалы жиындарда: «ЖаҺандану деген келе жатыр. Егер ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалмасақ, алпауыттарға жұтылып кетеміз. Ең бастысы – ана тіліміз. Соны қалайда сақтап қалуымыз керек. Тілімізден айрылсақ, ұлт болудан қаламыз...», − деген от-жалынды сөздерін бір емес бірнеше рет естігенім бар. Ал сол мықтың газет-журналға өздігінен жазылмаса не шара?! Ол жалғыз болса, мәселе етіп көтеріп, сөз етуге де тұрмас. Өкінішке қарай, олардың қатары жүздеп, мыңдап саналады. «Сабақты ине сәтімен» демекші, орайы келгенде айта кеткеннің де айыбы жоқ шығар. Өткен күзде баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатты. Сонда Астанадағы елімізге әйгілі бір университеттің баспасөз қызметіндегі танысыма кездейсоқ кездесе қалдым. Қысқа амандық-саулықтан кейін, сөзіміздің желісі баспасөзге жазылуға ауысты. Біздің сұрақ белгілі. Ол: «Қазір оқытушылардың жағдайлары жақсы. Ғылым кандидаттарының көбісінің айлық еңбекақысы үш жүз мың теңгеден кем емес. Ал мүйіздері қарағайдай ғылым докторларының жеті жүз мың теңгеден алып жатқандары аз емес. Соларға газет-журналдарға жазылыңыздар деп айтып-ақ келеміз. Жоқ, жазылмайды. Қалталылардың демеушілігіне әбден дәнігіп алған», − деді қынжылып. Қалай айтсақ та, шындық осы. Бұл жерде мәселе біреудің қалтасына түсуде емес. Мәселе, тіл үшін күресте. Ал сол тілді сақтап қалудың бірден-бір құралы газеттер мен журналдар болып табылатынын сол оқытушылар біз айтпасақ та жақсы біледі. Бүгінде еліміздің қай қаласына барсаңыз да дүңгіршектерде толып тұрған Ресей басылымдарын көріп, зығырданыңыз қайнайды. Ресей орыс тілін күшейтудің, орыс мәдениетін ықпалды етудің бірден-бір жолын осылай тауып отыр. Ал біз ше? Атап айтқанда, біздің интеллигенция ше? Жел сөзге келгенде алдарына жан салмайтындар қайдан шықты? Жалған патриотизмді неге жамылып жүр? Ұлттық басылымы бар отбасында ғана ұлттық тіл бар. Мұны түсінетін уақыт жетті. Иә, шындық қай кезде де ащы естіледі. Шындықтан қашып құтыла алмайтының да рас, ағайын. Қазір басылымдарға жазылу ай сайын жүргізіліп жатыр. Ұлттық басылымдарға жазылу интеллигенцияның, оның ішінде оқытушылардың да ары мен намысына сын дер едік. 3 − Сіз ел таныған әншісіз. Сіз той басқарған асабасыз. Сіздер мемлекетке салық төлеп жүрсіздер ме? Оларға бұл сұрақ ел есін жиып, еңсесін көтергелі бері қойылып келеді. Содан бері де он бес жылдай уақыт өтті. Бірақ шыққан нәтиже болмады. Енді міне, соңғы апталардан бері телеарналардың тілшілері осы түйінді мәселені қайта көтеруде. Өнер адамдарына осы сұрақтарды қойып, пікірталас ұйымдастыруда. Оларды жақтаушылар да, қарсы болушылар да бар. Телеарнадан өзін сазгермін дегеннің бірі: «Осы өнер адамдарынан салық алуды қою керек қой», − деп екі қолын ербеңдетіп, жаныға сөйлегенін де көрермендер көріп, естіді. Кейбірінің: «Біз демеушілермен жан сақтап келеміз. Олар қараспаса, үлкен салтанат сарайларында ән кештерімізді өткізе алмаймыз», − деп шыр-пыр болғанын да көрді. Енді бірі: «Біз халықтың адамымыз. Біз өз өнерімізбен ұлтты өзгелерге танытып жүрміз», − деп міндетсінсе, тағы бірі: «Осы жетімдер үйіне әншілерден көп баратындар жоқ. Біз табысымыздың бір бөлігін соларға беріп тұрайық. Бізге Үкімет сондай мүмкіндік берсін», − дейді. «Біздің Жазушылар, Суретшілер және Композиторлар одақтарындай құрылымымыз жоқ. Сол одақтар өздерінің мүшелеріне жағдайларын жасап тұрады. Ал біз өзімізді-өзіміз асырап келеміз. Сонда бізден мемлекетке қандай салық керек? Қайта осылай күн кешіп келе жатқанымызды мақұл көрмей ме?», − деп уәж айтқандары да болды. Бір айта кетерлігі, көбінің қалайда салық төлемеудің айла-тәсілдерін ойлап табатынын байқайсың. Тіпті баз біреулерінің айтуларына қарағанда жағдайлары тым мүшкіл де секілді. Алайда бәрі бірдей солай айтады дегеннен аулақпыз. Заттыбек Көпбосынұлы секілді әнші-композиторлар салық төлеуге қарсы емес. Олар: «Бізге салық төлеудің заңға сәйкес механизмдерін жасаса, біз төлеуден қашпаймыз», − дейді. Ия, заң жалпыға бірдей. Кәмелетке толған, дені-басы сау жандардың бәрі мемлекетке салық төлеуге міндетті. Мемлекет сол салықтың арқасында дамиды. Әншілер ән кештерін өткізіп жатқан салтанат сарайлары да сол салықтан түскен қаражатқа салынуда. Жалпы, салықтың бір бөлігі мектептерге, ауруханалар мен емханаларға, балалар бақшаларына, жетімдер үйіне, қоғамдық көліктер мен жолдарға т.б. да халыққа қажетті нысандар мен ғимараттарға жұмсалады ғой. Еңбекақысы он бес, жиырма бес мың теңге тұратын еден сыпырушылар да салықтарын төлеп жүр. Қазір көшедегі қайыршылар да салық төлейтін болды дейді. Ал апта сайын тойларда көрініп жүрген асабалар мен әншілер неге салықтан қашуы керек? Телеарналардың ақпараттарына қарағанда, олардың той иелерінен алатындары да қомақты екен. Алды бір тойдан он екі мың доллар алса, ең азы үш, төрт мың доллардан кем түспейтін көрінеді. Және аптасына бір емес, талай тойда жанды дауыспен емес, фонограммамен ән айтқансып, ауыздарын қимылдатып, тойшыл қауымды алдап, арбап қайтатыны бар. Белгілі кәсіпкер Құрман Ашанұлы: «Мен кәсіпкермін. Нәпақамды маңдай теріммен тауып жүрмін. Мұқтаж жандарға да шамамның келгенінше көмектесіп тұрамын. Салық төлеуден қашқан емеспін. Қазір кімдердің жағдайлары жақсы? Әншілер мен тамадалардың, айтыскер ақындардың табыстары да, тұрмыс жағдайлары да жақсы. Ал неге олар салық төлемейді? Олар Қазақстанның азаматтары емес пе? Заң жалпыға бірдей ғой», − дейді. Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев телеарнаға берген бір сұхбатында: «Біздің жастардың спектакльдерге дайындық кезінде қалта телефондарында тыным болмайды. Әлдебіреулермен тойларында асабалық жасауға келісіп жатқаны», − деген еді. Ия, осыдан кейін есіл-дерттері ақшаға ауып кеткендерден қандай актерлік шеберлікті күтуге болады? Көрші Өзбекстанның жағдайы бізден төмен болмаса, асып бара жатқан ештеңесі де жоқ. Бірақ олардың әншілері мен асабаларының қолдарында лицензиялары бар. Сол бойынша ай сайын мемлекетке салықтарын төлеп тұрады екен. Бізге неге осы жүйені қалыптастырмасқа? Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Қазақстан заңы бойынша өнер адамдары да мемлекетке салық төлеулері керек», − дейді. Бәлкім министрлік осы мәселенің механизмдерін жасауы керек шығар...