«Ортеке» және Қожанасырдың ауызша фольклоры ЮНЕСКО-ның тізіміне енді

«Ортеке» және Қожанасырдың ауызша фольклоры ЮНЕСКО-ның тізіміне енді

«Ортеке» және Қожанасырдың ауызша фольклоры ЮНЕСКО-ның тізіміне енді
ашық дереккөзі
«Ортеке» биі мен Қожанасырдың ауызша фольклоры ЮНЕСКО-ның репрезентативтік тізіміне енгізілді деп хабарлады turkystan.kz. Марокконың астанасы Рабат қаласында 1 желтоқсанда өткен ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитеттің 17-сессиясында қазақтың «Ортеке – қазақтың дәстүрлі орындаушылық өнері: би, қуыршақ және музыка»; «Қожанасырдың әзіл әңгімелері» элементтері Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілді. Аталған сессияда Комитет 46 номинацияны қарастырып, олардың 20-сы ЮНЕСКО-ның репрезентативтік тізіміне енгізілді. Оның ішінде, «Ортеке» биі мен Қожанасырдың әзіл әңгімелері. Ортеке – қуыршақ музыкантына бір жіппен байланған тау ешкісінің ағаш мүсіншесін қолданатын музыкалық-қуыршақ өнері. Қазіргі уақытта түріктердің бұл ежелгі өнері қуыршақ-музыкалық мәртебеге ие, өйткені мұнда көркем шығармашылықтың бірнеше түрлерінің синтезі байқалады: сәндік-қолданбалы өнер, музыка, би және қуыршақ жүргізу өнері. Ортеке жай ғана би емес, көрермендердің көз алдында өрбіген тұтас оқиға. «Қожанасырдың әзіл әңгімелері» элементін Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстан бірлесіп енгізді. Қожанасыр немесе Қожа Насреддин – Шығыс фольклорлық кейіпкері, қысқа әзіл-сықақ және сатиралық миниатюралар мен әзіл әңгімелердің, кейде тұрмыстық ертегілердің кейіпкері. Ол анти-қаһарман, қаңғыбас, еркін ойшыл, бүлікші, ақымақ, диуана, айлакер, алаяқ және тіпті философтың ішкі қайшылықты бейнесін біріктіреді, адамның зұлымдықтарын, сараңдарды, арсыздықтар мен екіжүзділерді мазақ етеді. ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне осыған дейін 11 элемент енгізілген, оның ішінде төртеуі ұлттық қазақ мәдени мұрасына қатысты: «Қазақтың дәстүрлі домбырада күй орындау дәстүрі» (2014), «Қазақ күресі» (2016), «Асық ату ұлттық ойыны» (2017), «Қазақ жылқы өсірушілерінің көктемгі мерекелік салт-дәстүрлері» (2018).