"Қазына" баспасының балаларға тартуы
"Қазына" баспасының балаларға тартуы
Жуырда «Ана тілім – алтын қазынам» жобасының аясында жеткіншектерге арналған танымдық жеті кітапша жарыққа шықты.
Жұқа болса да, жүгі жеңіл демес едік. Ортақ бір қаптамаға салынған жеті кітапшада жеті түрлі тақырыпқа қатысты сан қилы атаулар топтастырылған. Сөздік қоры шетелдік «мультиктер» арқылы «байып» жатқан балдырғандарға ұлттық таным-түсінігімізге қатысты түрлі атаулар ұсынылып, әрбір атауға қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қысқа-нұсқа анықтама берілген. Әр атау тілге жеңіл тақпақтармен, жаңылтпаш, жұмбақтар арқылы суреттеліп, түрлі-түсті әсем фотосуреттермен безендіріліпті.
«Қазына» баспасының балдырғандарға ұсынған қазынасына топтастырылған кітапшалар «Жануарлар», «Құстар», «Балықтар», «Жәндіктер», «Ағаштар», «Туыстар», «Менің денем» деп аталады. Әрқайсысында балалар түгілі, ересектердің өзі біле бермейтін деректер жетерлік.