Жаңалықтар

Қазақстандағы президенттік институттың эволюциясына арналған дөңгелек үстел өтті

ашық дереккөзі

Қазақстандағы президенттік институттың эволюциясына арналған дөңгелек үстел өтті

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің кітапханасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне және Қазақстандағы президенттік институттың эволюциясына арналған «Қазақстандағы президенттік институт: дәстүр, қазіргі заман және болашағы» атты дөңгелек үстел өтті деп хабарлады turkystan.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 26 қарашада өзінің ұлықтау рәсімі кезінде сөйлеген сөзінде: «Ұлттың бостандық жолындағы табанды күресінің арқасында Қазақ елі тәуелсіздігін алды. Егемен мемлекеттің құрылуына, оның іргесін бекіту жолында орасан зор еңбек сіңірген тарихи тұлғаларымызға әділ баға беруіміз керек. Табыстарды және олқылықтарды ажырататын, бұл – уақыт және тарих.  Уақыт – ең әділ қазы, ал тарих – бәріне таразы. Сондықтан саяси науқаншылдыққа жол бермеуіміз қажет. Біз болашақта әділетті мемлекет боламыз десек, өткенге әділдікпен қарап, одан тағылым ала білуіміз керек», – деп мәлімдеді. Естеріңізге сала кетейік, Тұңғыш Президент күні 2012 жылдан бастап атап өтілетін болды.  Мереке күнін таңдауға 1991 жылдың 1 желтоқсанындағы жалпыхалықтық сайлаудың нәтижесінде Н.Ә.Назарбаев Қазақ ССР Президенті лауазымына сайлануы негіз болды.  Сонымен Қазақстанда Қазақстан Республикасының мемлекеттілігі мен егемендігін нығайтуда, сондай-ақ еліміздің одан әрі нәтижелі дамуы үшін маңызды рөл атқарған президенттік институт дәстүрінің негізі қаланды. Тәуелсіздіктің кейінгі онжылдықтарында президенттік институт экономика мен саясаттағы және қоғамдағы жаңғыртулардың бастамашысы болғандығын айта кету керек. Ол трансформациялар мен прогрессивті реформалардың қозғаушы күші болды. Дөңгелек үстел барысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік және әскери қайраткері, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы Б.Е.Ертаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының вице-президенті, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі З.К.Шаукенова, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры, саясаттану ғылымдарының кандидаты Т.Б.Қалиев, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институты Саяси зерттеулер орталығының директоры А.М.Әмребаев, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы С.Б. Ахметжаров, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшелері Д.Р.Әшімбаев және М.М.Шибутов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ж. К.Төлендинова, «М.Нәрікбаев атындағы ҚаЗГЗУ Университеті» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары А.Б.Карбозова, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры А.Е.Чеботарев, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің Саясаттану кафедрасының меңгерушісі Б.А.Ғабдулина, «AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институтының Саяси талдау бөлімінің басшысы Д.Е.Базаров сөз сөйледі. «Тарихқа үңіле отырып, біз президенттік институттың енгізілуіне не себеп болды деген сұраққа жауап береміз. Екпінді демократияландыру және ел басшылығының басқаруды жоғалтуы орталықсыздандыруға және басқару жүйелері мен барлық қолданыстағы органдардың ыдырауына әкелді. Халық депутаттары Кеңесі мен атқару комитеттеріне негізделген Кеңес өкіметінің бұрынғы жүйесі жұмыс істемейтін болып шықты, ал Коммунистік партияға бекітілген билік беделін жоғалтып, құлдырай бастады. Нәтижесінде вакуум пайда болды, ол хаосқа айналуы мүмкін еді. Сол кездің өзінде, 1989 жылдың күзінде Жоғарғы Кеңестің төрағасы лауазымы пайда болды, бұл – болашақ президенттіктің алғашқы аналогы. 1990 жылдың басында мұндай лауазым біздің республикада қажетті барлық процестерді қамтамасыз етпейтіні белгілі болды, әрі көктемде Президент туралы заң қабылданған-ды. Ол кезде сайлау Жоғарғы Кеңестің сессиясында өтті, онда Нұрсұлтан Назарбаев абсолютті көпшілік дауысқа ие болды. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында кеңестік партиялық билік пен жаңа президенттік билікті біріктіруге әрекет жасалды. Нәтижесінде, мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданғаннан кейін Конституциялық реформа жүргізілді, оған сәйкес Президент жоғары әкімшілік-атқарушы билікке ие болды, Министрлер Кеңесін бағындырды, ал Президенттің жас аппараты іс жүзінде Министрлер Кеңесінің қуатты ескі аппаратын «жеді». Бұл алғашқы жылдары биліктің тұрақтылығын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Бұдан әрі тікелей президенттік сайлау өткізу туралы мәселе туындады, ол 1991 жылғы 1 желтоқсанда жүзеге асты», - деді Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшесі Данияр Әшімбаев.