Жаңалықтар

Петропавлда құбыр жарылып, тұрғындар сусыз қалды (ВИДЕО)

ашық дереккөзі

Петропавлда құбыр жарылып, тұрғындар сусыз қалды (ВИДЕО)

Петропавлда су жүйесінде тағы апат болып, қала тұрғындары сусыз қалды деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Қаладағы М. Жұмабаев көшесінде су құбыры қайта жарылды. Апат орнында түсірілген видео әлеуметтік желіде лезде тарап кетті. Кәріз құдықтарынан тасып, ағып жатқан су бірден көшені алып, жеке сектордағы тұрғын үйлерге қауіп төндірді. Тұрғындардың айтуынша, қазіргі уақытта облыс орталығының бірқатар ауданында су жоқ. Оқиға орнында Петропавл әкімі Руслан Аңбаев та жүр.

«М.Жұмабаев көшесінде су құбыры жарылды. «Қызылжар Су» ЖШС-нің авариялық бригадасы жұмыс істеп жатыр. Қазір далаға аққан су тоқтатылды, мамандар себебін анықтауда. Қаланың басым бөлігінде су беру қысымы төмендетілді. Осы аудандағы 15 үйде қазіргі уақытта су жоқ. Сондай-ақ облыстық балалар ауруханасы, бейімдеу орталығы, Петропавл нан-тоқаш комбинаты мен «Севказэнерго» АҚ сусыз отыр» деп жазды әлеуметтік желідегі жеке парақшасында Руслан Аңбаев.

Әкімнің айтуынша, қала сусыз қалмайды. Алдағы бірнеше сағатта құбырдағы қысым біртіндеп көтеріледі. Ал апат болған аудан тұрғындары мен әлеуметтік нысандарға су жеткізілетін болады.

«Қызылжар Су» ЖШС-нде оқиғаға қатысты түсінік берді.

«Бүгін сағат 18:15 шамасында М.Жұмабаев – С. Мұқанов көшелерінің бойында Д=800 мм су құбыры жарылды. Алдын ала болжам бойынша, екі құбыр жалғанған жер ашылып кеткен, бұл құрылыс кезінде жіберілген ақау болуы мүмкін. Осыған орай, су жүйесінде қала бойынша қысым төмендетілді. Қазіргі уақытта апатты жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Магистральді тиектер жабылғаннан кейін апат болған ауданнан басқа жерлерге су беру қалпына келтіріледі. «Кәсіпорын барынша қысқа уақытта су құбырын қалпына келтіруге тырысады», - деді «Қызылжас Су» ЖШС бас директоры Ж. Сұлтанов.

Петропавлда қараша айының басында ғана су желісінде ірі апат болып, қала бірнеше сағатқа судан ажыратылған еді.