Астанадағы көшеге өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің есімі беріледі

Астанадағы көшеге өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің есімі беріледі

Астанадағы көшеге өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің есімі беріледі
ашық дереккөзі
Астана көшелерінің біріне марқұм болған өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің есімі берілмек. Тиісті шешім ономастикалық комиссияның отырысында қабылданды деп хабарлады turkystan.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. Бүгін Астана ономастикалық комиссиясының отырысында Есіл ауданында (Үркер ТМ) орналасқан Е-583 көшесінде адамдарды құтқарып, өртті сөндіру кезінде ерлікпен қаза тапқан Асқар Забикулиннің есімін беру туралы шешім қабылданды. Осы Есіл ауданында өрт сөндіруші Саят Абеев пен гранатаны кеудесімен жауып, террористі залалсыздандырған полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың есімімен аталған көшелер бар екенін айта кетейік. Сондай-ақ ономастика комиссиясы Асқар Забикулин қызмет еткен №6 Мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне оның есімін беріп, мекеме алдына бюст орнатуды ұсынды. Бұдан бөлек, өрт сөндірушінің естелік суретін Астана қаласының А.Пушкин көшесінде орналасқан «Құтқарушылар саябағындағы» ақпарат тақтасына орналастыру шешімі қабылданды. Бұл саябақта қайтыс болған құтқарушыларды еске алуға арналған ақпарат тақтасы орналастырылған. Қаланың ономастика комиссиясының отырысында қаралған ұсыныстар енді Астана мәслихатының тұрақты комиссияларының жария тыңдауына, Астана қоғамдық кеңесінің қарауына жіберіледі. Айта кетейік, бұған дейін құтқарушы Асқар Забикулиннің отбасына Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үш бөлмелі пәтердің кілті табысталған болатын. Пәтер Асқардың жұбайына жекеменшікке берілді. Әкімдік мәліметінше, қазіргі уақытта пәтерде әрлеу және одан әрі жиһазбен толықтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тағы оқи отырыңыз: Асқар Забикулиннің өмірін қиған өрттің себебі анықталды