Тележурналист Әбілқайыр Ысқақовтың орнына келген Олег Крукты сынады

Тележурналист Әбілқайыр Ысқақовтың орнына келген Олег Крукты сынады

Тележурналист Әбілқайыр Ысқақовтың орнына келген Олег Крукты сынады
ашық дереккөзі
Танымал журналист Мақсат Толықбай Павлодар облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Олег Крукты олигарх Клебановтың сенімді серіктесі екенін айтты. Ол бұл туралы Facebook-тегі парақшасында жазды деп хабарлады turkystan.kz.
«Павлодар облысының экс-әкімі Әбілқайыр Ысқақовтың орнына келген Олег Крук бұрын «Павлодарэнерго» мен «Павлодар жылу желісі» АҚ-ның директоры болған. Ал, бұл екі компания да Александр Клебанов басқаратын «ЦАТЭК» АҚ-ға тиесілі. Одан бөлек, Олег Крук әкімнің бірінші орынбасары болғанда, өңірді жылыту маусымына дайындау жұмыстарына жетекшілік еткен. Ол енді тікелей құзыретіне қараған жылыту мәселесін шеше алмағанымен қоймай, әкімнің қызметін уақытша атқаратын болды. Демек, Олег – мұзды шаһарға айналған Екібастұздағы апатқа тікелей жауаптылардың бірі. Осындайда «Айран ішкен құтылады, түбін жалаған тұтылады» деген мәтел еске түседі», - деді ол.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен Олег Крук Павлодар облысының әкімінің уақытша міндетін атқарушы болып тағайындалды. Олег Крук 1967 жылы туған, Павлодар индустриалдық институтын бітірген. Өнеркәсіптік жылу энергетикасы инженері біліктілігі бар. Павлодар облыстық мәслихатының VІ шақырылым депутаты болған. Еңбек жолын Павлодар үшінші Жылу электр орталығында (ЖЭО) монтер болып бастады. Ұзақ жылдар бойы Павлодар қаласының тіршілікті қамтамасыз ету кәсіпорындарында жұмыс істеді. 2007 жылы Павлодар облысының Энергетика және коммуналдық шаруашылық департаментін басқарған. 2008 жылдан 2012 жылға дейін Павлодар қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Осы лауазымда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, энергетика, құрылыс және көліктік инфрақұрылым мәселелеріне жетекшілік етті. Кейінгі жылдары «Қазэнергокабель» акционерлік қоғамының бас директоры, Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры болып жұмыс істеді. Осыған дейін Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.