Ақтөбе – тарихи ғажайыптары мол өңір
Ақтөбе – тарихи ғажайыптары мол өңір
1. Ақтолағай – мезозой дәуірінің «туындысы»
Одан бері қанша дүние өзгерді, қанша су ақты. Көмескі тарта бастаған көрністің бір себептермен санамда қайта жаңғырғаны...
Мамырдың екінші жартысы, әлде маусымның басы. Анығы 1986 жылдың жаз айы-тын. Гастрольдік сапармен Байғанин ауданын он бес-жиырма күндей араладық. Ол кезде Ақтөбе мемлекеттік-облыстық филармониясында «Ақтөбе әуендері» аталатын вокалды-аспапты ансамблдің құрамындамын. Қарауылкелді, Ноғайты, Жарқамыс... Атырау облысының әкімшілік-аумақтық шекарасына тақау орныққан «Дияр» совхозына шейін барған ек сонда. Оймауытта Сыражанов Мыңтұрған есімді досымның бізді қонақ еткені де әлі жадымда. Әскерде бірге болып едік екі жыл. Мурман шәрінде. Бұл – Солтүстік Мұзды мұхиттың шеті саналатын Баренц және Ақ теңіз деп аталатын сулардың иінінде орналасқан Кола түбегіндегі қала-тұғын. Фин шекарасына жақын. 150-200 шақырымдай... Жә, жақсы, сөздің ретіне қарай ғой айтып жатқанымыз. Баян етпегіміз бұл емес, басқа. Соған көшейік.
Сонымен, Байғанин ауданына жоспарланған концерттерімізді тәмамдаған соң гастрольдік сапарымызды әрі қарай жалғастырдық. Маршрутымызды Атырау облысына бағыттадық. Сауығымызды Мұқыр ауылынан бастамақпыз. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі әрі администраторы Қамбар Мінайдаровтың байламы солай.
Ақшаңдақ дала жолымен ызғып келеміз. Бір кезде алыстан таулар көрінді. Қардай аппақ. Жол сәлден соң ішіне енді. «Ақтолағай» аталады» деді арамыздан білетіндердің бірі. Таулардың пішіні әртүрлі. Етек тұстары көктесін. Әсерлі. Таңырқай, таңдана қарап келеміз...
Ақтолағай тауы – Ақтөбе облысы Байғанин ауданының территориясында. Сағыз бен Жем өзендері аралығында, солтүстік-шығыстан оңтүстікке қарай шамамен 80-90 шақырымға созылса, ені – 5-10 шақырым. Каспий ойпатымен жапсарлас.
Ақтолағай – борлы ақ тау. Жергілікті жұрт «Алатау» деп те атай береді екен. Ең биік тұсы – 302 метр. Бұл жерге арнайы сапарлап, куә боп қайтқандар таулардың түсі сан мәрте құбылып тұрады дейді. Таңертең сарғыш, түсте аппақ, кешке қарай көкшіл боп көрінеді екен (Қараңыз: суреттерде Ақтолағай тауларының көрінісі.) Бұрын кең шалқар судың табаны болған деген болжам айтылады. Өйткені кеңес үкіметі дәуірінде теңіз фаунасына тән дүниелер табылған. Осыған сәл тоқтала кетейік.
«Ақтөбе облысының табиғи, тарихи-мәдени мұралары: қорғау және тиімді пайдалану» атты еңбекте былай деп түзілген: «Аппақ түсті бор және бор тектес әксаз қойнауқаттары миллиардтаған өте ұсақ көне организмдердің қазба қалдықтарынан құралған. Мұнда біршама ірі таснұсқаларды да, мәселен, бор кезеңі акулаларының тістерін, белемниттерді, аммониттердің, тіржандардың, маржандардың, теңіз лалаларының, теңіз кірпілерінің т.б. қазба қалдықтарын да тауып алуға болады» (Қараңыз: Сергеева А.М., Әбденов А.Ж., Мамедов А.М., Сулейменова Г.Ж., Досмуратов Ф.С. Ақтөбе облысының табиғи, тарихи-мәдени мұралары: қорғау және тиімді пайдалану: – Жоғары оқу орындары студенттеріне, колледж, гимназия, лицей және орта мектеп оқушыларына, сондай-ақ көпшілік оқырманға арналған. // Қазақстандық ұлттық географиялық қоғамы, 2016 жыл, 23-бет).
Ақтолағай тауларынан табылған деп зерттеушілер атап көрсетіп отырған жәндіктердің біріне мынадай ғылыми анықтама берілген: «Теңіз кірпілері – палеонтологияда: теңіз суларында еркін қозғалатын, сыртқы тұрқы шарға, жұмыртқаға немесе жүрекке ұқсайтын, кейде конус пішінді қылқантүтіктілер класына жататын жәндіктер. Ордовик кезеңінен белгілі, әсіресе мезозой эрасында кең тараған...» (астын сыздық-Б.К.).
Мезозой дәуірі палеозой мен кайнозой арасын қамтиды екен. Бұл кезеңді былайша жіктейді:
а) триас;
ә) юра;
б) бор.
«Бор кезеңі – мезозой заманының үшінші кезеңі, бұл дәуір 70 миллион жылға созылды» делінген қолдағы мәліметтерде.
Бор кезеңіне жататын акулалар тістері, белемниттер, аммониттер, маржандар, теңіз лалалары жұқаналарының табылуына байланысты зерттеушілер Ақтолағай таулары бір кездердегі теңіз шөгіндісі деген тұжырым жасаған.
Сондай-ақ пікіріміздің өзегі боп отырған тақырыпқа қатысты жазылған қолдағы ғылыми еңбектерді шолу барысында Англияның Дувр қаласы маңынан табылған және Ақтолағай тауларында кездесетін қазба қалдықтардың өзара ұқсастығы, бір-бірін қайталаулары, төбелердің аппақ түсті бор, бор тектес әксаздардан құралуы мезозой дәуірінен екенін және бекітіп тұрғанын аңдадық.
Бұл ландшафт 1976-1993 жылдардағы материалдар бойынша РМҚК «Картография» баспасында құрастырылып, дайындалған Қазақстан Республикасы Ақтөбе облысының әкімшілік-аумақтық бөлінісі картасында «Ақтолағай тізбесі» деп түсірілген.
Енді «Ақтолағай» атауының мағынасына қатысты ғылыми тұжырымдарды да ұсына кеткен жөн сияқты.
«Толағай» сөзі моңғол, бурят тілдерінде де «тологой», «толгай», «толгой» деген фонетикалық өзгерістермен ұшырасады екен. Мысалы, Лам-Тологой, Баян-Толгой. Бурят республикасында Чулун-Толгой, Ундэр Толгой деп аталатын таулар бар көрінеді. Моңғол тілінде «толгой» сөзі «бас» мағынасын білдірсе, топоним ретінде «төбе, шоқы» деген ұғым береді дейді. Осы жайттарды негізге алып, жан-жақты зерделеген ғалымдар «толағай» сөзі моңғол тілінен енген, «шоқы, жеке тұрған биік тау» деген мағынада деп тұжырым жасаған (Қараңыз: Конкашбаев Г.К. Словарь казахских географических названий: – Алма-Ата, Издательство Академии наук Казахской ССР. 1963 г., Стр. 17).
Буряттардың, қалмақтардың қазіргі «моңғол» атауын иеленіп отырған халхалармен түбі бір, діні бір, тамырлас жұрт.
Қалмақтардың XVII ғасырда Каспий теңізі, Жем бойына дейін біршама уақыт көшіп-қонып жүргені кейбір деректерде айтылған. Сондықтан ғалымдардың әлгінде келтірілген пікірлері қисынға келеді. Бірақ «Ақтолағай» атауының мағынасын басқаша қып ашатын тағы бір дәлелдер бар, соны да келтірейік.
Махамбет «Ереуіл атқа ер салмай» деген өлеңінде:
Темір қазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай, – дейді.
Шал ақын да бүй деп өтіпті бір сөзінде:
«Тау толағай көрінер тасы кетсе...»
Дулат Бабатайұлы да:
«Төрт түлікке толтырды
Толағай тұлдыр қыратты...» – деген екен.
Марқасқа жыраудың (XVII ғ.) толғауында:
«Тоқтамай соққан толағай
Толастар мерзім жеткен дүр», – деген тармақтар бар.
Белгілі тілші-ғалым, академик Р.Сыздықова Махамбет, Шал, Дулат ақындардың қолданыстарындағы осы «толағай» сөзі «тақыр, жалаңаш» деген мағына береді дейді. Ал Марқасқа жырау мұны өз заманындағы ұғым бойынша желдің бір атауы ретінде қолданған деп тұжырымдайды. (Қараңыз: Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді (сөздердің қолданылу тарихынан). Көптомдық шығармалар жинағы / Рәбиға Сыздықова / – Алматы: «Ел-шежіре», 2014 жыл, 166-167 беттер) Шынында да, тұлғалары бірдей болғанымен мағыналары мүлде басқа омоним сөздер екенін жоғарыдағы салыстырулар да толық көз жеткізіп тұр.
Ақтолағай тауларын шола қарағанда етек тұсынан жоғары қарай өрлей өскен ағаш не өсімдік көрмейсің. Тұт жалаңаш. Олай болса, «ақ» түсіне, ал «толағай» түріне байланысты қолданылған сөздер. Яғни, ақ+толағай – біріккен сын есімдер.
Бұдан бірнеше миллион жыл бұрынғы бор дәуірінен жеткен Ақтолағай таулары ландшафтысы қалай десек те, Қазақстанның басқа өңірлерінде кездеспейді. Сондықтан бұны он сегіз мың ғаламның жалғыз иесі Ұлы Жаратушының туған аймағымызға тартқан өзгеше бір қадірлі сыйы десек те болады.
Осы тұста мына ойларымызды да білдіре кеткенді жөн көрдік. Ақтолағай таулары орналасқан өңірден агротуризмді, этнотуризмді дамытуды қолға алса, мынадай пайдалы жақтары болары анық:
а) өңір экономикасының дамуына;
ә) жергілікті халықтың жұмыспен қамтылуына;
б) шетелдіктердің қазақ тілін игеруге ынталануына;
в) мәдениетіміздің рухани және заттық түрлерінің насихатталуына, т.б.
Бұларды жүзеге асыру үшін әуелі өндірістік инфрақұрылымды, атап айтсақ, жолдар мен кемпингтер салуды, киіз үйлермен, көліктермен, байланыстармен, электр желісімен қамтамасыз етуді және т.б. қолға алса. Сонда туризмді дамытудың негізгі алғышарттарына қадам жасалынар еді деген ой ғой біздікі...
Бор таулары жайындағы сөзімізді осы тұстан үзейік. Ақтөбе аймағының өзіне тән ғажайыптары мұнымен шектелмейді. Басқасына көшейік енді. Қалың қарындас біле жүрсін.
3. Мұғалжар таулары: петроглиф таңбалары, Ноғайлы дәуіріне қатысты жер-сулар
Сәңкібаев Мұздыбай есімді тарихқа құрметі ерекше сыйлас інім: «Бөке, Мұғалжар тауында ерте заманның таңбалары түсірілген тас үңгір бар көрінеді, көне түркі жазуларына ұқсас дейді көргендер, соған барып қайтсақ қалай қарайсың?» деген-ді бірде. Елең ете қалдым. Бұрын Орхон ескерткіштеріне қатысты бірер мақала жазып, басылымдарға жариялағанбыз-ды. Тіпті, осының соңына түсуге де ниеттеніп ек бір уақыттарда. Алайда түрлі жағдаймен жайына қалған болатын...
Дүйсенбіде (10. 10. 2022 жыл) Мұғалжар өңіріне бет түзедік. Аудан орталығы – Ембіге жеткен соң Мұздыбай Мұғалжар ауылдық округінің әкімі Әлімжан Қорғанбайдың көмегімен алдын ала хабарласып, жолбастауға келіскен Қартбай есімді азаматты (1966) жанымызға қосып алдық. Жемнің бойында туып-өскен. Өңірдің ой-шұқырын жақсы біледі. Бізге жол көрсетіп, әр қоныстың, бұрында өткен белгілі тұлғалардың тарихын баяндап, таныстырып келеді...
Келбеті көз тойғысыз Құндызды, Егіндікөл, Қамыстыкөл, Миялыкөл, Соркөл аталатын жерлерді басып өтіп, Төлеубұлақ делінетін мекендегі петроглиф таңбалары бар тас үңгірге ат басын тіредік. Тарихи бұл орын аудан орталығы Ембі қаласынан (дұрысы Жем.-Б.К.) 60-65 шақырым шамасында. Солтүстікте, сәл шығысқа таман.
Тас үңірге белгі орнатылған, онда былай деп жазылған: «Қазақстан Республикасы. Төлеубұлақ үңгіріндегі петроглифтер ерте тас дәуірі. Ескерткіш мемлекет қорғауында». «Петроглифтер – тас дәуірінен орта ғасырларға дейінгі ғұмыр кешкен адамдардың аңшылық, балықшылық, т.б. тіршілік-кәсіптеріне қатысты наным-сенімдерінен, дүниетанымынан туған шығармашылық туындылар» делінеді ғылымда...
Үңгір көлемі 3x4 шаршы метр шамасында. Көз мөлшерімен алғанда. Кірер ауыздың биіктігі – 1 метрдей. Ортасына тақау тұсты 60-70 см деп жобаладық. Түкпір жағы мүлде тар. Тек еңбектеп барасың. Бажайлап қарағанда, тас үңірдің еденіне қашалып салынған белгілер «Күлтегін» жыры жазуларына ұқсамайды. Өзгеше. Мұздыбай таңбаларды түгелдей фотоға түсіріп шықты.
Қартбайдың айтуынша, өткен жылы (2021 жыл) Ә. Марғұлан атындағы археология институтынан құрылған экспедиция Төлеубұлақтағы петроглифтер таңбаланған осы үңгірге арнайы келіп, бірнеше күн барлау жасаған, зерттеулер жүргізген. Әрі қарай жалғастырамыз депті кетер кездерінде...
Бет түзеген келесі бағытымыз – Айрық. Атақты Мұғалжар тауларының ең еңселі тұсының бір есімі. Биіктігі – 634 метр. Аудан орталығынан отыз шақырым, оңтүстік-шығысында. Жергілікті жұрт осы күні сонау Алтын Орда заманынан келе жатқан ежелгі атын ұмытқан. «Два Брата» немесе «Маяк» дейді екен. Тарихты тәрк еткен құлдық сананың әдетімен келімсектердің ығына жығылып, осылай атауға дағдыланып кеткен...
«Айрық» топонимикасы көне деректерде «Урукъ» деп түзілген. Айғақ берейік бұған, қолымыздағы «Книга большему чертежу или древняя карта Россійскаго государства, поновленная въ розряде и списанная въ книгу 1627 года» деп аталатын еңбекте былай жазылған: «А отъ Синево моря 300 верстъ Урукъ гора; въ доль Урукъ горы 90 верстъ изъ горы потекли три реки: река Воръ, течетъ въ реку въ Яикъ въ ночь; река Иргызъ течетъ въ озеро Акбашлы [Акбашль] на востокъ; река Гемъ течетъ на полдни къ Хвалимскому морю, и пала не дошедъ до моря въ озеро».
Мұндағы «Синево моря» деп отырғаны – Арал теңізі. Ертеректе қазақтар «Көк теңіз» деп те атаған дейді кейбір дереккөздерде. Осыған қарап, жат жұрттықтардың атауды аудармасы бойынша бергенін пайымдауға болады. Ал «Воръ» Ор, «Иргызъ» Ырғыз, «Гемъ» Жем өзендері. Мұндағы баян етілген арақашықтықтар шамасы дұрыс, аталған сулардың Мұғалжар тауларынан, Айырықтан бастау алатыны да анық, әлі солай.
Жаңа жоғарыда келтірген мәліметтегі «...река Гемъ течетъ на полдни къ Хвалимскому морю, и пала не дошедъ до моря въ озеро» деп түзілген сөйлемдер «Советская историческая энциклопедия» атты еңбекте «Хвалын теңізі немесе Хвалис теңізі» атаулары Каспий теңізінде сауда жасаған Хорезм тұрғындарының атына байланысты» делініп түсіндіріледі. Сондай-ақ деректе келтірілген Жем суының ағысы Каспий теңізіне тақалып іркілетіні, құймайтын қалпы осы күні де өзгермеген, көпке аян жайт...
Жемнің негізгі басы Мұғалжар тауларының етегіндегі Қызыладыр деген жерден басталады. Бұл – әлгінде айтқан петроглифтер таңбаланған үңгір орналасқан Төлеубұлаққа тақау тұс.
Жем тағы бір бастау-көзін Айрықтан алады екен. Аталған таудың төменгі жағынан беріректе су алабы жасалған. Етекке қарай құлаған ондаған бұлақ сонда тоғысып, шалқар көлге айналған. Көрінісі әсем... Көктемде, күзде шлюз ашылып, су жіберіліп тұрады екен. Жем өзеніне түйісіп, құйылатын тұсқа дейін бір арнамен аққан осы бұлақ сулары «Әулие» деген атауды иеленген, ұзындығы 30-35 шақырымдай.
Айрықтың тарихы Ноғайлы дәуіріндегі тұлғалармен байланысты болғанымен де ерекшеленеді. Айғақ ұсынайық, «1492 г., лето – Доставка к Ивану III послания из Казани от ставленника Москвы Мухаммед-Амин-хана» деген тақырыппен жазылған архивтік деректерде былай түзілген: «...Ино уж осле тово приехали мои люди из Нагай, а сказывают так: Апаса князь на Урухе горе, а Мысу мырзу на Оре месте, а Ямгурчей мурза на Емь аяге на Беле озере, а пят мырз на Каргале Илеке, а Едисан со князем Опасом вместе».
Мұндағы есімдері аталған Апас – Ер Едігенің туған немересі. Нұраддиннің ұлы. Ал Мыса дегені Мұса. Ямгурчейі Жаңбыршы. Ұғынықты болсын, әлі де ашыңқырай түсейік бұларды.
Жалайыр Қадырғали би Қосымұлы барша түркі жұртына белгілі өзінің шежіре-жазбасында: «Нұраддин мырзаның ұлдары Афас, Оқас, Хуразми еді. Мансур би қаза болған соң Афас би болды. Атасының інісі Қази бидің ұлысын сол биледі. Содан соң Оқас би болды. Біраз уақытқа дейін ұлысты сол биледі. Қырық тоғыз жасында өмірден қайтты. Афас би сексен жасында қаза болды.
Оқастың ұлдары Мұса, Ямғұрчи еді. Атасынан соң Мұса би болды. Ұлысты сол биледі. Ямғұрчи ағасының көзі тірісінде би болды. Содан Хуразми би болды. Мұса Ямғұрчымен бір анадан туған еді...» – деп таңбалап кеткен. Сонда Мұса, Жаңбыршы – Апаспен немере бауыр.
Айта кетейік, алуан түрдегі тастардан құралып, бір-бірімен иық тіресе жалғасып жатқан Мұғалжар таулары ішінің көрнісі тіпті ерекше. Айнала бұлақтың көзі. Әр тұста шоқталып өскен қайыңдар, теректер. Отты... Табиғаты өз алдына бөлек әңгіме.
Исі кәуірді ғұмырының соңына дейін тұқыртып, тізерлетіп құлдық ұрғыздырған Алтын Орданың даңқты билеушісі Ер Едігенің немересі, асылдың тұқымы Апас би бір уақыттарда мекен еткен Айрықты, Жем бойын, Мұғалжар тауларын һәм тас дәуірінің белгісі қалған үңгірді аралап, таным-білімімізді аз-кем болса да осылайша кеңейтіп қайттық. Соларды ортаға салып отырған жайымыз еді бұл...
Қайсыбірін айтып тауысайық, Ақтөбе – осындай тарихи ғажайыптары мол өңір. Ал ортаға салып отырғанымыз солардың мыңнан бірі ғана!
Бөрібай КӘРТЕН, Ақтөбе қаласы