Қостанай облысында 518,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне өтті
Қостанай облысында 518,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне өтті
Ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселе – жайылым тапшылығы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында пайдаланылмай бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде тапсырма берген болатын. Осыдан кейін «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясына маңызды міндет жүктелді. Комиссия мүшелері еліміздің әр өңірін аралап, пайдаланылмай бос жатқан және заңсыз берілген жерді мемлекет меншігіне қайтарумен айналысып жатыр. Биыл комиссияның араласуымен Қостанай облысында 67,1 мың гектар жер мемлекет меншігіне өтті. Осы орайда Қостанай облысы Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Қайрат Темірханұлымен сұхбаттасып, өңірдегі жер мәселесіне қатысты жағдайды сұраған едік.
– Биыл «Жер аманаты» комиссиясының араласуымен Қостанай облысында 67,1 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Осы бағыттағы жұмыс қалай жалғасып жатыр? Жерді өз еркімен қайтарып жатқандар бар ма?
– Жалпы, Қостанай облысының жер аумағы – 19,6 млн гектар. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі – 10,6 млн гектар. Ал 6,2 млн гектар егістік, 4,2 млн гектар жайылым және 136,7 мың гектар шабындық жер бар. Осы аумақтарда 4,7 мыңнан астам шаруа қожалығы мен 584 ауыл шаруашылығы кәсіпорны еңбек етіп жатыр.
Биыл, яғни 2022 жылдың басынан бері ауыл шаруашылығы мақсатындағы 518,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 67,1 мың гектары жаңа өзіңіз айтып өткендей, «Жер аманаты» республикалық комиссиясының көмегімен мемлекет меншігіне өтті.
Осы орайда қайтарылған 518,2 мың гектар жердің 71 пайызын, яғни 365,6 мың гектарын жер пайдаланушылар өз еркімен қайтарғанын айта кетейін.
– Қайтарылған жер тұрғындардың қажеттілігіне қарай берілетіні белгілі. Жерді қайта бөліске салғанда қандай қиындық кездесуі мүмкін?
– Барлық жер аудандардың арнайы қорында есептелген. Кейін қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес берілетін болады. Негізі, жерді бөлу және беру ісі жергілікті әкімдіктердің құзыретіне кіреді. Ал жерді қайта ауыл шаруашылығы айналымына тарту кезінде қандай да бір кедергі, қиындық кездеспейді.
– Жергілікті тұрғындарды жерге байланысты қандай мәселе мазалайды?
– Қостанай облысының аумағында тұрғындар көтеретін негізгі мәселе – халықтың мал жаюына арналған жайылымның жетіспеуі. Бұл мәселе облыс әкімдігінің және мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында.
– Осы орайда облыс халқына неше гектар жайылым жетіспейтінін айта кетсеңіз. Бұл мәселені шешу үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр?
– Қостанай облысы әкімдігінің Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының деректері бойынша, бүгінде мал саны және басқа да жүктеме нормативіне сәйкес, жайылым тапшылығы – 920,5 мың гектар. Аталған мәселені шешу үшін аудан әкімдіктері ауылдық елді мекендердің аумағын кеңейту бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Мәселен, облыс бойынша осындай жұмыстар Денисов (5,8 мың гектар), Сарыкөл аудандарында (0,4 мың гектар) жүргізілді. Қазір 3 ауданда – Әулиекөл, Денисов, Сарыкөлде жалпы ауданы 4,7 мың гектар жер учаскесінің материалдары елді мекендер шегіне көшу сатысында тұр.
Ауылдық округ әкімдіктері мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында ауыл халқының мал жаюы үшін 228,7 мың гектар алқаптағы жайылымдық жерді өтеусіз беру туралы меморандумдар мен келісім жасалды.
Халықтың жеке ауласын күтіп-ұстау жөніндегі қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында облыс әкімдігі 17 аудан бойынша жалпы ауданы 528 мың гектар мемлекет қорындағы жер учаскелерін резервтеу туралы 4 қаулы шығарды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер оларды өндірістік секторға ауыстырды. Бұл елді мекендердегі жайылым тапшылығын 22,3 мың гектарға төмендетуге мүмкіндік берді.
Жалпы, өткізілетін іс-шаралардың нәтижесінде жайылым тапшылығы 130,6 мың гектарға дейін төмендеді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр және тұрақты бақылауда.
– Жер ресурстарын басқару департаменті ұйымдастырған тексеру жұмыстарының нәтижесінде қандай заңбұзушылықтар анықталды?
– Облыста жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылауды Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық органы Жер ресурстарын басқару департаменті жүзеге асырады. Департамент 2022 жылы құрылған. Құрылған сәттен бастап жалпы ауданы 216,8 мың гектарға 395 тексеру жүргізілді. Жалпы, 130,6 мың гектар аумақта 225 жер заңнамасын бұзу дерегі анықталды. Осы іс бойынша 80 әкімшілік материал қозғалды. Атап айтар болсақ, жалпы 4,6 млн теңгеге айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы 67 қаулы шығарылды. ҚР ӘҚБтК 462-бабының 3-бөлігі бойынша Заңбұзушылықты жою бойынша берілген нұсқаманы орындамағаны үшін әкімшілік құқықбұзушылық туралы 15 хаттама сот органдарына жолданды.
Сонымен қатар коммерциялық құрылыс үшін берілген ауданы 0,24 гектар жер учаскесін пайдаланбағаны үшін 1 заңбұзушылық анықталды. Осы іске қатысты Жер кодексінің 92-94-бабы бойынша нұсқама беріліп, ол әділет органдарында ауыртпалық ретінде тіркелді.
Жер заңнамасына қатысты 109 заң бұзу анықталып, оны жою туралы нұсқама берілді. Өкінішке қарай, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдаланбауға қатысты заңбұзушылықтар саны көп.
Елді мекендерде азаматтар жол беретін негізгі заңбұзушылық – мемлекеттік меншіктегі жерді өз бетінше иемдену. Қостанай облысының аумағында бұл сауда павильондары түріндегі жеңіл конструкцияларды орнатуда, берілген жерлерден тыс қоршауларды ұзартуда және тағы басқа жағдайлардан көрінеді. Бұдан басқа, коммерциялық нысандарды салу үшін берілген жер учаскелерін пайдаланбау фактілері анықталды.
Жер заңнамасына қатысты заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында департамент облыстағы өңірлерді аралап, семинар өткізіп тұрады. Бұдан басқа, бұқаралық ақпарат құралдарында осыған қатысты тұрақты негізде ақпарат жарияланады. Сонымен қатар департамент ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жерді пайдалану қажеттілігі, сондай-ақ заңбұзушылықтарға жол беру кезінде заңда көзделген санкциялар туралы жадынама әзірледі.
Жер заңнамасының нормаларын түсіндіруге қатысты кеңес беру үшін департамент базасында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» функциясын іске асыруға бағытталған Jeradaldygalany фронт-офисі ашылды.
Фронт-офис азаматтар үшін әрдайым ашық. Онда департамент қызметкерлері жер заңнамасына қатысты заң көмегін көрсетеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ