Жаңалықтар

«Айғайлап» келген апат

ашық дереккөзі

«Айғайлап» келген апат

Биылғы жылу маусымы үлкен апатпен басталды. 27 қарашада Екібастұздағы жылу электр орталығындағы қазандықтар бірінен кейін бірі істен шығып, халық жылусыз қалды. ЖЭО жағдай тез арада реттеледі деп мәлімдегенімен, қалада жағдай ушығып, төтенше жағдай жарияланды. Дегенмен бұл – жалпы жылу беру нысандарының жұмысында туындаған алғашқы түйткіл емес. Екібастұздағы жағдай еліміздің әбден тозған энергетикалық инфрақұрылымының жиынтық бейнесі деу артық айтқандық емес. Тозған жүйе, әдепкі әдет Естеріңізде болса, биылғы 20 нау­рызда Петропавлдағы ЖЭО-да үш құ­бырдың бірі құлаған бола­тын. Одан соң арада 3 күн өткенде Степ­­но­г­орск қаласындағы жылу ор­та­лы­ғын­да да апат болып, тұр­ғын­дар 3 күн жылусыз қалды. Ал 5 қара­шада Рид­дердегі ЖЭО-ның жұ­мысынан ол­қылық шықты. Биыл сәуірде Энергетика ми­нистрлігі ел бойынша жылу электр ор­талықтарының жай-күйі туралы ресми есеп берген еді. Онда елі­­міз­дегі ЖЭО-ның негізгі жаб­дық­тары 66 пайызға тозғаны айтылды. Бұл – орташа көрсеткіш. Ал Орал, Тараз, Кен­тау, Қызылорда және Степ­­но­горск ЖЭО энергия жабдық­тарының 80 дан астамы тозған. Елімізде барлығы 37 жылу электр орталығы бар. Со­лар­дың 76 пайызы 50 жылдан бері жұ­мыс іс­теп тұр, ал 24 пайызына 30 жыл бол­ған. Өткен жылыту маусымында жылумен жабдықтауға бай­ланысты 36 проблемалық жағдай орын алған. Төтенше жағдай ми­нистр­лігі және ЖАО Республикалық дағдарыс орталығының деректері бойын­ша, биылғы жылыту маусымы бас­талғаннан бері автономды қа­зан­дықтарда – 2, жылумен жабдық­тау желілерінде – 11, сумен жабдық­тау желілерінде 13 олқылық тірке­ліпті. Энергетика министрлігінің өзі мәселенің нақты себебі жылу жүйелерінің тозуы екенін мойын­дап отыр. «Энергетика саласы ескірген жаб­дықты жаңғыртуға, қайта құру­ға, ауыстыруға, сондай-ақ электр стан­цияларының жабдықтарын күр­делі жөндеуге қауқарсыз болып отыр, бұл мақсатта инвестициялық жо­баларды іске асыру үшін қаржы тап­шы». Бұл – ведомствоның бас­па­сөз релизінен алынған үзінді. Сонымен қатар қоғамдық сая­сат институтының биыл­ғы қарашадағы әлеуметтанулық зерт­теу деректеріне сәйкес, жылу, энер­гия, су магистральдары мен трас­са­лардағы ірі апаттар ең өзекті әлеу­мет­тік мәселелердің 3-тігіне кіреді екен. Ал ел бойынша әрбір алтыншы тұрғынды жылу желілерінің жағ­дайы алаңдатады. Яғни, бұл жерде айтпай кел­ген апат жоқ, «айғайлап» ке­ліп отыр. Екібастұзда да бұл мә­се­ле де қашаннан бері көтеріліп кел­ген. Тұрғындар да қаншама рет ша­ғымданған. Тек оны естір құлақ, на­зар аударған жауаптылар бол­ма­ған. Енді, әдеттегідей, іс насырға шап­қанда салдарымен ғана күресуге тура келіп отыр. Түйткілдің түйіні көп Екібастұздағы апаттан кейін осы аталған 37 жылу орталы­ғы­ның екеуі ғана мемлекеттің мен­ші­гінде еке­ні мәселе ретінде кө­теріл­­ді. Коммуналдық меншікте 10 орталық (Семей, Қостанай, Кентау, Орал, Арқалық, Шахтинск, Астана, Қы­зылорда, Тараз) болса, үшеуі ква­зи­мемлекеттік, («АлЭС» АҚ) ал 22-сі же­ке меншікте. Яғни, орталықтарды мен­шік­ке алғандарды жылу орта­лық­тарының ахуалы аса алаң­дат­па­ған. Енді жекеменшіктегі стра­те­гиялық нысандарды қайтадан мем­лекетке қайтару мәселесі бойынша бас­тама көтеріліп отыр. Сенат Төра­ғасы Мәулен Әшімбаев Парла­мент тарапынан Үкіметке тиісті сауал жолданатынын мәлімдеді. – Бұл да маңызды мәселенің бірі жә­не барлығы заң аясында жүр­гі­зіл­уі керек. Осы жағдайдан кейін кім жауапты болды, қалай болды, неге дайындық жұмыстары жасал­ма­ған деген сұрақтардың барлы­ғы­на тиісті органдар жауап береді. Со­дан кейін осы нысандарды мем­ле­­кетке қайтару мәселесі қаралады, – деді Сенат спикері.