Алматы облысындағы жолдардан 30 битум сынамасы алынды

Алматы облысындағы жолдардан 30 битум сынамасы алынды

Алматы облысындағы жолдардан 30 битум сынамасы алынды
ашық дереккөзі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Қазақстан  халқына  Жолдауында «Автомобиль жолдарын, оның ішінде жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салу сапасына ерекше назар аудару қажет» екеніне тоқталған болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жол-құрылыс саласында битум тапшылығын да атап өтті. Осы ретте «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Алматы облысы бойынша филиалы битум сапасын жіті бақылауында ұстап отырғанын айта кеткен жөн. Қазақстанда жол-құрылыс саласында көп қолданысқа ие битум түрі – жолдық тұтқыр мұнай битумы. Біздің елде ірі төрт битум өндіретін зауыт бар. «Caspi bitum» ЖШС Маңғыстау облысында, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС Павлодар облысында, «Қазақбитум» ЖШС Түркістан облысында, «Асфальтбетон 1» ЖШС Алматы қаласында орналасқан. Осы негізгі зауыттардан Қазақстанның түкпір-түкпіріне битум жеткізіледі. Кәсіпорынның сынақ зертханасында тапсырыс берушінің тапсырысы бойынша ұлттық және мемлекетаралық стандартқа сай битумды физикалық-механикалық көрсеткіштер нормалары негізінде тексереді. Жыл басынан бері Алматы облысына тиесілі жол-құрылыс нысандарынан 30 битум сынамасы алынды. Оның ішінде 17-сі нормаға сәйкес келді, 13-і нормаға сай болмай шықты. Бүгінде аталмыш филиал тапсырыс берушінің өкілдерімен, техникалық қадағалау қызметтерімен, сынақ зертханасының өкілдерімен кеңестер және семинарлар өткізіп тұруды жүйелі жолға қойған. Оған қатысушылар сынақ түрлерімен, нормативтік-техникалық талаптармен және жол-құрылыс материалдарының ұлттық стандарттарымен таныса алады. Бұл іс-шаралар жалпыға ортақ пайдаланылатын автожолдардың жай-күйін жақсарту үшін жүзге асырылады.

Әділбек ЕҢСЕПБАЙ,

                                                   «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК қызметкері.