«Олигархтар проблеманы мемлекетке ысыра салғысы келеді» – Саиров (ВИДЕО)

«Олигархтар проблеманы мемлекетке ысыра салғысы келеді» – Саиров (ВИДЕО)

«Олигархтар проблеманы мемлекетке ысыра салғысы келеді» – Саиров (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының мүшелері Жанарбек Әшімжан, Ерлан Саиров, Артур Платонов Үкімет басшысы Әлихан Смайылов пен Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Facebook -тағы парақшасында жазды деп хабарлады turkystan.kz.
«Елімізде жылыту маусымы басталмай жатып, Қазақстанның бірқатар қаласында Жылу электр орталықтары істен шықты. Риддер, Екібастұз қалаларында техногенді апат болды. Президент Үкіметке еліміздің барлық жылу объектілерін тексеріп, апатты жағдай болмауы үшін іс-шаралар жасау жөнінде тапсырма берді. Осыған орай, «AMANAT» партиясы Фракциясы мүшелері Екібастұз қаласына барып, қиын-қыстау кезеңде халықпен бірге болып, жұртшылықтың пікірін тыңдады. Мәселені жергілікті тұрғындармен бірге жан-жақты қарастырды. Олигополия бұл объектілердің пайдасын сүліктей сорып, енді проблеманы мемлекетке, халыққа ілмекші. «AMANAT» партиясы халықтың мұң-мүддесі, әрбір азаматтың жан тыныштығы басты мақсат деп есептейді. Үкімет және Бас Прокуратура Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мына мәселелерге баса назар аударуы қажет деп есептейміз. Бірінші – энергетика кәсіпорындарын толық техникалық аудиттен өткізу. Екінші – жылу электр орталықтары, магистарльді желілердің тозу дәрежесін анықтай отырып, халықтан алынатын тарифтердің инвестициялық бөліктерінің қайда кеткенін анықтау. Үшінші – жылу электр орталықтары мен магистарльдардың техникалық жағдайы үшін кәсіпорын акционерлерінің құқықтық жауапкершілігін қарастыру. Төртінші – 2015-2022 жылдары жылу жүйелеріне әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы 183 млрд теңге бөлінген. Осы соманың қайда, қалай жұмсалғанына тексеру жүргізу. Бесінші – жалпы энергетика саласына, стратегиялық, сезімтал сала болғандықтан, қоғамдық бақылау орнатуға жан-жақты көңіл бөлу. Сауалға заңда көрсетілген мерзімде жауап берулеріңізді өтінеміз» деп жазды  Ерлан Саиров.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаты «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде елге Екібастұздағы жағдайды баяндады. Ол апатты жағдайға кінәлі «Екібастұзжылуэнергоның» иесі Александр Клебановтан бастап, жылумен қамтамасыз етуге жауапты олигархтар халықтан кешірім сұрасын деген талап қойды.
«Екібастұз халқы бүгінде қиналып жатыр. Жағдай қиын. Менің ойымша, халықты осындай жағдайға жеткізген кәсіпорын мен оның акционері Клебанов мырза Екібастұз азаматтарынан кешірім сұрауы керек. Бізге тұтынушылар алдында жауапкершілік этикасын жасау өте маңызды!» - деді Мәжіліс депутаты.