«Астана» футбол клубының экс-директоры Президентке үндеу жолдады

«Астана» футбол клубының экс-директоры Президентке үндеу жолдады

«Астана» футбол клубының экс-директоры Президентке үндеу жолдады
ашық дереккөзі
«Астана» футбол клубының бұрынғы бас директоры Тастанбек Есентаев Мемлекет басшысына үндеу жасап, еліміздің спорт саласындағы былықтар туралы ашық айтты деп хабарлады turkystan.kz. Ол 7 қараша күні «Астана» футбол клубының бас директоры қызметінен еш себепсіз босатылғанын хабарлап, бұл шешімді негізсіз деп санайтынын жеткізді.
«Елордалық футбол клубында жұмыс істеген бір жыл ішінде менің тарапыма сын айтылған емес. Кемшіліктер мен заңбұзушылықтардың тіркелмеді. Атқарған ісіме тоқталсақ: «Астана» футбол клубын қабылдап алғанымда, клубтың 4 млрд 200 млн теңге қарызы болды. Жаттықтырушы, спортшы және олардың агенттеріне берілуі тиіс осы қаржы үш жыл бойы төленбей келген. Ұзақ жылдар төленбеген осы қарыздың 80 пайызын бір жылдың ішінде төлеп құтылдық. Екіншіден, клуб басшылығының жалақысын қысқарту арқылы, жаттықтырушылардың жалақысын 35 пайызға өсіруге қол жеткіздік. Ол үшін бюджеттен қосымша қаржы сұралмады. Үшіншіден, қаржы жоқ деген желеумен, клубқа қарасты балаларға арналған футбол орталығына спорттық құрал-жабдықтар үш жыл бойы алынбаған. Осы мәселені де бюджеттен қосымша қаржы сұрамастан, бір жылдың ішінде өз күшімізбен қамтамасыз еттік. Төртіншіден, осы бір жылдың ішінде екінші лигада ойнайтын 19 жастағы 25 жас футболшының кәсіби деңгейі жоғарылап, толық құрамда бірінші лигаға көтерілді. 2022 жылдың ең маңызды жетістігіне тоқталсақ, «Астана» футбол клубы Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алды. Осындай жетістіктеріміз тұрғанда, алғыстың орнына жұмыстан шығу туралы бұйрық алып, қадіріміз қашып отыр. Маған қарсы әрекеттердің бірі осылай басталды. Чемпиондық атақты қызғанды ма, басқа себебі шықты ма, чемпионатқа соңғы бір ойын қалғанда, «футбол клубындағы қызметіңді де өз еркіңмен тапсыр» дегендерін түсіне алмадым», - деді «Астана» футбол клубының экс-директоры.
Оның айтуынша, осындай қысастықтан денсаулығы сыр беріп, ауруханада емделуге мәжбүр болған. Ем-шара әлі де жалғасып жатыр екен.
«Бұл мәлімдемені жұмыстан шығарған күні жасауға дайын болғам. Бірақ президенттік сайлау алдында елді дүрліктіріп, саяси науқанға кедергі келтіргім келмеді. Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы! Елге, қоғамға, әр адамға жаныңыз ашитынын, әр саланы кәсіби мамандар басқармаса болмайтынын әрдайым айтып келесіз. Мен де өзімнің ғана емес, спорт деген үлкен, абыройлы саланың мәселесін қозғап отырмын. Айтарым да, берерім де мол. Қазақта дат деген бар.  Датым болғасын, сізге мәлімдеме жасап отырмын», - деді Тастанбек Есентаев.