Тағы төрт құрама плей-офф кезеңіне жолдаманы сарапқа салады

Тағы төрт құрама плей-офф кезеңіне жолдаманы сарапқа салады

Тағы төрт құрама плей-офф кезеңіне жолдаманы сарапқа салады
ашық дереккөзі
Бүгін футболдан әлем чемпионатының 3-туры аясында C және D топтарындағы құрамалар жасыл алаңға шығады деп хабарлады turkystan.kz.  Алдымен D тобындағы Австралия мен Дания және Франция мен Тунис құрамалары әлем чемпионатының 1/8 финалына берілер жолдаманы сарапқа салады. Турнирлік кестеде 6 ұпаймен Франция құрамасы көш бастап тұр. Олар екі тур қорытындысы бойынша топтық кезеңнен қиындықсыз шықты. Үш ұпайы бар АФК өкілдері кестеде екінші орында. Ал бір ұпайы бар Дания мен Тунис құрамалары үшінші-төртінші орындарға жайғасқан.

Австралия - Дания

Франциядан жеңіліп, Тунис құрамасын жеңген Австралия үшінші турда Даниядан да ұпай алуды көздейді. Егер Франция Тунистен жеңілмесе, тең есеппен де Грэм Арнольд жаттықтыратын құрама келесі кезеңге жолдама ала алады. Ал Данияға шешуші ойында тек қана жеңіс керек. Өйткені олар алғашқы кездесуде Туниспен (0:0) тең түсіп, екінші матчта 2:1 есебімен Франциядан жеңілген. Статистикалық мәліметтер
  • Қос құрама бір-бірімен бұған дейін 4 рет кездесті. Екі мәрте Дания, бір мәрте Австралия жеңіске жеткен. Бір рет тең есеп тіркелген.
  • 2018 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінде екі команда тең есепті (1:1) қанағат тұтты. Бұл квартетте Дания топтан екінші орынмен шықты. Ал Австралия төртінші орын алды.

Тунис - Франция

D тобында соңғы орында тұрғанына қарамастан Тунистің әлі де плей-офф сатысына шығуға мүмкіндігі бар. Ол үшін Джалил Кадри жаттықтыратын құрама бұрынғы әлем чемпиондарын ірі есеппен жеңуі қажет. Қазір көптің көкейінде «Франция құрамасының бас бапкері негізгі құрам ойыншыларына демалыс бере ме?» деген сұрақ тұр. Ал ол жағы әзірге белгісіз. Статистикалық мәліметтер 
  • Екі құрама 4 рет жолдастық кездесу өткізген. Екеуінде Францияның мерейі үстем болса, екі ойын тең есеппен аяқталған.
  • Тунис футболшылары Франциямен өткен кейінгі үш ойында да гол соққан.
  • Тунис құрамасы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі қос ойында қарсылас қақпасына әлі бірде-бір гол сала алған жоқ.
  • Франция екі матч қорытындысы бойынша плей-офф кезеңіне жолда алып қойды.
  • ӘЧ дейін Тунис қатарынан 5 ойында гол соққан.
  • Франция екі кездесуде де қақпасына гол өткізіп алды.

Польша - Аргентина

Дохадағы «Стадион 974» аренасында Польша мен Аргентина арасындағы ойын өтеді. C тобының көшін 4 ұпаймен Польша құрамасы бастады. Аргентина мен Сауд Арабиясында 3 ұпайдан бар. Жалқы ұпаймен Мексика төрттікті түйіндеп тұр. Роберт Левандовский бастаған футболшылар бірінші айналымда Мексикамен тең түскен болатын. Сол кездесуде польшалық сұрмерген 11 метрлік айып добын сәтсіз орындап, командасын жеңіс сыйлай алмады. Алайда екінші турда Левандовский бұл қателігін жуып-шайып, әлем чемпионатындағы алғашқы голын Сауд Арабиясына соқты. Бірақ сол ойында Польша құрамасының футболшылары жақсы ойынымен көзге түсе алмады. Аргентина да алғашқы айналымда сүрініп, жанкүйерлерін уайымдатып қойды. Сауд Арабиясына қарсы ойында үш бірдей голын офсайдтан салған аргентиналықтар ойынның алғашқы бөлігіндегі 1:0 есебін ұстап тұра алмады. Екінші таймда екі гол өткізіп, матч аяқталғанша қарымта қайтара алмады. Бірінші турдағы сәтсіздіктен сабақ алған Месси бастаған футболшылар Мексикаға қарсы өткен ойында қос доп соғып, маңызды үш ұпайға қол жеткізді. Енді С тобында көш бастау үшін Аргентина құрамасына жеңіс керек. Топтан шығу үшін Польшаға да жеңіс ауадай қажет. Қос құраманың топтан шығу-шықпауы квартеттегі Мексика мен Сауд Арабиясы арасындағы ойынның нәтижесіне де тікелей байланысты болады. Статистикалық мәліметтер  
  • Польша мен Аргентинаның жасыл алаңда 11 рет жолдары түйіскен. 6 рет Аргентина, 3 рет Польша жеңіске жеткен. Екі ойында тең есеп тіркелді.
  • Қарсыластар әлем чемпионатында 2 мәрте кездескен. 1974 жылы Польша құрамасы 3:2 есебімен жеңіске жетсе, 1978 жылы Аргентина 2:0 есебімен есе қайырған. Сол жылы Аргентина әлем чемпионы атанды.
  • Польша Катардағы доп додасында әлі күнге дейін өз қақпаларына гол өткізген жоқ.
  • Аргентина футболшылары екі турда да гол соқты.

Сауд Арабиясы - Мексика 

Астана уақытымен түнгі сағат 1.00-де Лусаил стадионында Сауд Арабиясы мен Мексика текетіресі басталады. Саудиялықтардың тағы бір сенсация жасауға күші жетер ме екен? Әлде Мексиканың мерейі үстем болар ма екен? Оған тартысқа толы кездесуде куә боламыз. Эрве Ренар бастаған құрама Аргентинаны жеңгеннен кейін топтан шығуға тамаша мүмкіндікке ие болған. Екінші турда Польша құрамасымен де тәп-тәуір ойын өрнегін көрсеткен. Тек сәттілік жетіспеді. Қақпаға бағыттаған соққылары мен үсті-үстіне ұйымдастырған қауіпті шабуылдары голсыз аяқталды. Бірінші таймда Сәлем әл-Даусари пенальти сала алмады. Дегенмен саудиялықтардың топтан шығуға әлі де мүмкіндігі сақтаулы. Мексика бір тең ойын, бір жеңілістен соң жанкүйерлерінің сенімін ақтай алмады. Енді олар үшінші ұмтылысында жеңіске жетуге талпынады. Статистикалық мәліметтер 
  • Екі құрама бұған дейін 5 мәрте кездескен. Оның төртеуінде Мексика жеңіске жетсе, бір ойын тең нәтижемен аяқталған.
  • Конфедерация кубогында Мексика қарсыластарын үш рет қапы қалдырды.
  • 1999 жылы өткен кездесуде мексикалықтардың (5:1) мерейі үстем болған.
  • Мексика Катардағы турнирде әлі гол соға алған жоқ.
  • Сауд Арабиясы екі турда да өз қақпаларына гол өткізіп алды.
Айта кетейік, С және D тобындағы командалардың ешқайсысы плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігін жоғалтқан жоқ. Әлем чемпионатының ойындарын Qazaqstan және Qazsport телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. 21:00. C тобы. Австралия - Дания (Qazaqstan) 21:00. D тобы. Тунис - Франция (Qazsport) 01:00. C тобы. Сауд Арабиясы - Мексика (Qazsport) 01:00. D тобы. Польша - Аргентина (Qazaqstan)  

Абылайхан ЖҰМАШ.