Қазақстан Суретшілер одағы «ұйқыда жатыр» – Аңсаған Мұстафа

Қазақстан Суретшілер одағы «ұйқыда жатыр» – Аңсаған Мұстафа

Қазақстан Суретшілер одағы «ұйқыда жатыр» – Аңсаған Мұстафа
ашық дереккөзі

Суреттері халықтың көзайымына айналған Аңсаған Мұстафа кейінгі жылдары халықаралық конкурстарға жиі қатысып жүр. Жақында ғана әлемнің 750 суретшісі сайысқа түскен байқауда бақ сынап, үздіктер қатарынан көрінді. Оны Кореяның Суретшілер одағы мүшелікке қабылдаған екен. Осы орайда, turkystan.kz суретшімен арнайы сұхбаттасқан еді. - Елорда тұрғындары мен қала қонақтары үшін «Сөйле, сурет!» атауымен көрмеңіз өтіп жатыр екен. Құтты болсын! - Рахмет! Жақында Жезқазғанда Жас ұстаздар форумы өтті. Оған Ұлытау облысынан 150-ге жуық мұғалім жиналған. Сол жиын барысында туындыларым көпшілік назарына ұсынылды. Бұдан бөлек, қаладағы білім ордаларына арнайы апарды. Міне, осыдан кейін Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының қызметкерлері суреттерімді сұратып, көрме дайындап шықты. Менде барлығы 76 сурет бар. Кітапхана ұжымы соның ішінен 50 шақты шығарманы таңдап алды. Олардың көбі әлеуметтік тақырыптарды арқау еткен.  width= Әуелде кітапханашылардың ұсынысын қабыл алғым келмеді. Себебі суреттерім шетелдердегі көрмелерге жиі қатысып тұрады. Сондықтан оларды жеткізу қызметімен жіберемін және өзіме қайта келеді. Сол кездерде бүлінеді, кірлейді... Бір жағынан, суреттерімді бәрі көрді, жалықтырып алармын деп ойлағанмын. Қателесіппін. Көрмеген кісілер әлі де баршылық екен. Өзімді ендігі көрмелерім тек шетелде болады деп программалап алыппын... - Жақында Оңтүстік Корея мемлекетінде суреттеріңіз үздік деп танылғанын естідік. Бұл қандай байқау? - Бұл елдегі байқау туралы былтырдан бастап естіп жүрдім. Биыл олар өздері хабарласты. Суреттерімді жолдауды сұрады. Бір суретімді жібердім. Халықаралық сайысқа 750 адам қатысты. Туындыларды бағалайтын арнайы комиссия солардың ішінен үздік 28 шығарманы таңдап алды. Тізімді өздерінің сайттарына жариялады. Үздіктер арасында мен 25-орынға жайғасыппын.  width= Сол тізімге скриншот жасап, жаңалығыммен әлеуметтік желіде бөліскен едім. Содан кейін олар маған хабарласып, реттік санның жүлделі орынды білдірмейтінін, үздік 28 жұмыс аталымының арасына енгенімді түсіндірді. Ұйымдастырушылардың мені өздері іздегеніне қарағанда, Оңтүстік Кореяның Суретшілер одағына қабылданғаным да әсер етсе керек. - Оңтүстік Кореяның Суретшілер одағына қалай қабылданып жүрсіз? - Аталған елде бұған дейін де сурет көрмесіне қатысқанмын. Ал олардың суретшілер қатысқан конкурстарында Корея суретшілер одағынан өкілдер жүреді екен. Мысалы, бізде Суретшілер одағы «ұйықтап жатады» ғой... Ал олар қай жерде көрме өтіп жатыр, сол жерге арнайы барып, қылқалам шеберлеріне өздері ұсыныс жасайды. Маған да солай хабарласты. Еш ойланбастан келістім. Соның арқасында жаздыгүні Парижден хат келді. Хат француз және кәріс тілінде жолданыпты. Өйткені, халықаралық суретшілер қауымдастығы мені Кореяның суретшісі ретінде қабылдаған. - Сіз Қазақстан суретшілер одағында барсыз ба? -  Жо-жоқ! Олар мені ешқайда шақырған да жоқ, хабарласқан да емес. Өзім де ыңғай танытпадым. Мәселен, менің сурет көрмелеріме біздің одақтан ешкім келген жоқ. Одақтағылар шығармашылық адамын іздеп, шығармаларын қарап жүрмеген соң біздегі суретшілердің еңбегі көп елене бермейді. Суретшілер одағы деп құрылғаннан кейін елдегі шығармашылықпен айналысатын азаматтарға қарайласу керек... - Түсінікті. Жуырда өткен халықаралық байқауға қандай туындыңызбен қатыстыңыз? - Ол байқауға анасының құрсағында смартфон қарап жатқан шарананың суретін жібергенмін.  width= - Мұндай суреттерді жиі саласыз. Бұған не нәрсе түрткі болады? - Өмірде болып жатқан, өзім көріп жүрген оқиғалар ғой. Идея айналамыздағы адамдар айтқан әңгімелерден де алынады.  width= - Меніңше, сіздің суреттеріңіздің стилі өзгеше... Неге графикалық сурет салуды таңдадыңыз? - Журналист боламын деп ойлайтынмын, суретші де болғым келетін. Мүмкін осындай екі қалауымның тоғысуынан туындаған дүниелер шығар. Ата-анамның шығармашылықпен айналысқаны да әсер еткен болар.  width= - Суреттеріңізге жан-дүниеңіздегі толғаныстарды түсіріп, ойыңыздағы идеяларды тықпалайсыз ба? Әлде өзгелердің өміріндегі көріністерді бейнелейсіз бе? - Бәрі де бар. Аралас. Себебі, әрқайсысы әртүрлі кезеңдерде салынған. Мысалы, махаббатқа қатыстылары жас кезімде салынған. Одан кейін қыз-келіншектер тақырыбын қозғадым. Аборт мәселесіне де тоқталған кездерім болды. Ең алғашқы суретімді 15 жасымда салған екенмін. Тақырыбы: “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің”. Қазіргі қоржынымдағы суреттер сол кезден бастап салынған.  width= - Бертінде салған суретіңіз жайлы айтып беріңізші. - 2 ай бұрын «Жүрегіңмен доссың ба?» деген тақырыпта сурет салдым. Басы салбыраған күйде шаршаған қыз алға қарай кетіп барады. Ал оған ергісі келмеген жүрегі артында қасарысып келе жатқандай болады. Мұнымен ұяң, айтқанға көнбіс қазақ қыздарының мәселесін жеткізгім келді.  width= - Айтпақшы, сіз суреттеріңізді жеңіл киімдерге көрнекілік ретінде жабыстырып, оны сатылымға шығарып жүрсіз. Мұны тұрақты кәсіпке айналдырып алдыңыз ба? - Иә. Бірақ бастапқыда мұндай мақсатым болмаған. Қазақ хандығының 550 жылдығы атап өтілетін жылы арнайы суреттерім отандық сайттардың бірінде жарияланды. Кейін жұртшылық мені іздеп тауып, суреттерім жабыстырылған футболкаларды алғысы келетіндерін жеткізді. Басында әр жерден жасатып, клиенттерге жіберіп тұрдым. Кейін үлгермеген соң бір қызды жұмысқа алдым. Өзіміз істеп сататын болдық. Тапсырыстарды таситын жүргізуші керек болды. Есеп-қисапқа жауапты маманды жұмысқа қабылдадық. Сөйтіп, шағын фирмаға айналып шыға келдік. - Жоспарларыңызбен да бөлісе отырсаңыз. - Шынымды айтсам, Қазақстанда көрме өткіземін деп жоспарламадым. Кітапханашылардың ұсынысынан басымды ала қашқаным да сол еді. Шығармаларымды бәрі көріп болды ғой деп ойлағанмын. Сондықтан көрмемді шет елдерде өткізгім келеді. 30-40 мемлекетте суреттерім жеке-жеке болса да конкурстарда бой көрсетті. Ендігі ойым, мақсатым – барлық суреттерімді бірдей көрсетіп, өзге елдердің мәдени-рухани кеңістігіне шығу. - Әңгімеңізге мың алғыс! Шығармашылық табыс тілейміз!