Жаңалықтар

Қазақстан Суретшілер одағы «ұйқыда жатыр» – Аңсаған Мұстафа

ашық дереккөзі

Қазақстан Суретшілер одағы «ұйқыда жатыр» – Аңсаған Мұстафа

Суреттері халықтың көзайымына айналған Аңсаған Мұстафа кейінгі жылдары халықаралық конкурстарға жиі қатысып жүр. Жақында ғана әлемнің 750 суретшісі сайысқа түскен байқауда бақ сынап, үздіктер қатарынан көрінді. Оны Кореяның Суретшілер одағы мүшелікке қабылдаған екен. Осы орайда, turkystan.kz суретшімен арнайы сұхбаттасқан еді. - Елорда тұрғындары мен қала қонақтары үшін «Сөйле, сурет!» атауымен көрмеңіз өтіп жатыр екен. Құтты болсын! - Рахмет! Жақында Жезқазғанда Жас ұстаздар форумы өтті. Оған Ұлытау облысынан 150-ге жуық мұғалім жиналған. Сол жиын барысында туындыларым көпшілік назарына ұсынылды. Бұдан бөлек, қаладағы білім ордаларына арнайы апарды. Міне, осыдан кейін Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының қызметкерлері суреттерімді сұратып, көрме дайындап шықты. Менде барлығы 76 сурет бар. Кітапхана ұжымы соның ішінен 50 шақты шығарманы таңдап алды. Олардың көбі әлеуметтік тақырыптарды арқау еткен. Сол тізімге скриншот жасап, жаңалығыммен әлеуметтік желіде бөліскен едім. Содан кейін олар маған хабарласып, реттік санның жүлделі орынды білдірмейтінін, үздік 28 жұмыс аталымының арасына енгенімді түсіндірді. Ұйымдастырушылардың мені өздері іздегеніне қарағанда, Оңтүстік Кореяның Суретшілер одағына қабылданғаным да әсер етсе керек. - Оңтүстік Кореяның Суретшілер одағына қалай қабылданып жүрсіз? - Аталған елде бұған дейін де сурет көрмесіне қатысқанмын. Ал олардың суретшілер қатысқан конкурстарында Корея суретшілер одағынан өкілдер жүреді екен. Мысалы, бізде Суретшілер одағы «ұйықтап жатады» ғой... Ал олар қай жерде көрме өтіп жатыр, сол жерге арнайы барып, қылқалам шеберлеріне өздері ұсыныс жасайды. Маған да солай хабарласты. Еш ойланбастан келістім. Соның арқасында жаздыгүні Парижден хат келді. Хат француз және кәріс тілінде жолданыпты. Өйткені, халықаралық суретшілер қауымдастығы мені Кореяның суретшісі ретінде қабылдаған. - Сіз Қазақстан суретшілер одағында барсыз ба? -  Жо-жоқ! Олар мені ешқайда шақырған да жоқ, хабарласқан да емес. Өзім де ыңғай танытпадым. Мәселен, менің сурет көрмелеріме біздің одақтан ешкім келген жоқ. Одақтағылар шығармашылық адамын іздеп, шығармаларын қарап жүрмеген соң біздегі суретшілердің еңбегі көп елене бермейді. Суретшілер одағы деп құрылғаннан кейін елдегі шығармашылықпен айналысатын азаматтарға қарайласу керек... - Түсінікті. Жуырда өткен халықаралық байқауға қандай туындыңызбен қатыстыңыз? - Ол байқауға анасының құрсағында смартфон қарап жатқан шарананың суретін жібергенмін. - Меніңше, сіздің суреттеріңіздің стилі өзгеше... Неге графикалық сурет салуды таңдадыңыз? - Журналист боламын деп ойлайтынмын, суретші де болғым келетін. Мүмкін осындай екі қалауымның тоғысуынан туындаған дүниелер шығар. Ата-анамның шығармашылықпен айналысқаны да әсер еткен болар. - Бертінде салған суретіңіз жайлы айтып беріңізші. - 2 ай бұрын «Жүрегіңмен доссың ба?» деген тақырыпта сурет салдым. Басы салбыраған күйде шаршаған қыз алға қарай кетіп барады. Ал оған ергісі келмеген жүрегі артында қасарысып келе жатқандай болады. Мұнымен ұяң, айтқанға көнбіс қазақ қыздарының мәселесін жеткізгім келді.