Жаңалықтар

Қызылордада ақын Әскербек Рахымбекұлын еске алу кеші өтті

ашық дереккөзі

Қызылордада ақын Әскербек Рахымбекұлын еске алу кеші өтті

Бүгін А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Әскербек Рахымбекұлының 80 жылдығына орай «Қара өлеңнің құлагері» атты еске алу кеші өтті.

Аймақ басшысының тапсырмасымен өткізілген жиынға облыстың зиялы қауым өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары және ақынның туған-туыстары мен жақындары қатысты.

Шарада Әскербек Рахымбекұлының бірге оқыған достары, замандастары, жазушы Махмұтбай Әміреұлы, ақын Қаршыға Есімсейітова, Зинабдин Шермұхамедұлы, Шәкизада Әбдікәрімов және Дүйсенбек Аяшұлы жылы естеліктерімен бөлісті.

«Әсекең өте ақжарқын жан еді. Әрдайым өзінің артынан ерген іні-қарындастарына үлгі болып, жанындағыларға жылулық сыйлай білді. Осы қасиеті арқылы ортасында абыройлы болды. Бүгінгі еске алу кеші келер ұрпаққа қалатын ізгілікті іс. Қазақ поэзиясында Әскербектің есімі мәңгі өшпейді»,- деді Махмұтбай Әміреұлы.

Қасиетті топырақтан нәр алып, қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған Әскербек Рахымбекұлының есімі қазақ өлеңі тірі тұрғанда жасай бермек.