3 миллионға жуық халық медициналық сақтандыру жүйесінде жоқ – депутат

3 миллионға жуық халық медициналық сақтандыру жүйесінде жоқ – депутат

3 миллионға жуық халық медициналық сақтандыру жүйесінде жоқ – депутат
ашық дереккөзі
«AMANAT» партиясы жанындағы білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті деп хабарлады turkystan.kz. Отырыста 20 қарашада өткен Президенттік сайлау қорытындысы және сайлауалды бағдарламасында айтылған білім беру, ғылым, медицина, мектепке дейінгі дайындық саласына қатысты мәселені талқыланды. Мәжіліс депутаты, кеңес төрағасы Жұлдыз Сүлейменова барлық парламенттік партия фракциялар, ірі қоғамдық ұйымдар жұмылып халықтық коалиция құрғаны туралы айтты.
«Халықтық коалиция Қасым-Жомарт Тоқаевты президентке үміткер ретінде ұсынды. Сайлау науқаны 3 айға жуық уақыт жүргізілді. Науқан кезінде республикалық сайлау штабы жұмыс істеді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақтастары 42 қаланы, 5 мыңнан астам елді мекенді аралады. 24 мың үгіт-насихат іс-шарасы өткізілді. 3 млн-ға жуық сайлаушы қатысты. Кездесулер барысында азаматтардан 40 мыңға жуық ұсыныс  пен тілек жиналды. Сонымен қатар Tokayev2022 сайты жұмыс істеді. Аталған сайтқа келіп түскен тілектер саны 51 мыңнан асады. Сайлауға 8,3 млн адам қатысты. Оның қорытындысы бойынша кандидатымызға 81,31 пайыз дауыс берілді. Осылайша, алдағы 7 жылдық дамудың бағыты айқындалды», - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оның айтуынша, отандық және халықаралық байқаушылар сайлау әділ әрі заңға сай өткенін атап өтті.
«Еліміз Әділетті Қазақстан құруға қадам басты. Ең алдымен әлеуметтік сала, экономика, өңірлік саясатта халық түбегейлі өзгерістерді күтіп отыр. Бұл өзгерістер тек Президенттен ғана емес, қоғам болып жасалатын бастамалар», - деді депутат.
«Bilim Invest» Ұлттық білім беру инвесторлары қауымдастығының президенті Күләнда Батырбекова елдің ертеңіне сенім білдіріп, Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс бергенін айтты.
«Өзім ауылдық жердегі білім саласын көтеріп жүрген азамат болғандықтан, осы саладағы белестерді бағындыру үшін бар күш-жігерімізді салуымыз керек. Президентіміздің бағдарламасы осыған сәйкес келіп тұр. Оны жүзеге асыруға өңірлердегі барлық әріптесіміз атсалысуы қажет», - деді ол.
Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова ауылдағы денсаулық сақтау мәселесін қозғады.
«Халық денсаулығы Президенит бағдарламасында жақсы көрініс тапты. Ауылдық медицина саласында жүзеге асырылғалы жатқан реформа өте құптарлық бастама. Халқымыздың жартысы ауылда тұрады. 75 мың дәрігердің 18 пайызы ғана ауыл тұрғындарына қызмет көрсетеді. Бағдарламада көрсетілген барлық бастаманы орындауымыз керек. 3 миллионға жуық халық медициналық сақтандыру жүйесінде жоқ. Осы мәселе алдағы 7 жылда шешіледі деген үміт бар. Себебі оның ішінде 1,5 млн адам – ауыл тұрғыны. Ана мен бала денсаулығын жолға қоямыз десек, осы мәселені түбегейлі шешуіміз керек», - деді Әлназарова.
Жиынға Мәжіліс депутаттары, кеңес мүшелері, партия жанындағы өңірлік және аймақтық қоғамдық кеңестің төрағалары мен мүшелері қатысты.