Жаңалықтар

Бұл сайлаудың басты жаңалығы президенттік мерзімнің өзгеруі болды – Андрей Чеботарёв

ашық дереккөзі

Бұл сайлаудың басты жаңалығы президенттік мерзімнің өзгеруі болды – Андрей Чеботарёв

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық  университетінің Философия және саясаттану факультетінде белгілі саясаттанушы Андрей Чеботарёвтің  «Президент сайлауы-2022 ерекшеліктері мен қорытындылары» атты талдамалық  баяндамасының тыңдалымы өтті. Шараға елімізге белгілі саясаттанушылар мен студенттер қатысты. Саясаттанушы жиналғандардың алдында 20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауы туралы өз ойын айтты. Ол баяндамасының басында еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бергі өткен барлық  президент сайлауларына тоқталып өтті. Осы күнге дейін өткен 6 мәрте президент сайлауының әрқайсысына қатысты қысқаша сараптама жасап өтті. Оның пайымдауынша, 20 қарашадағы президент сайлауы өз деңгейінде өткен. «Аталған саяси науқанға Қазақстан халқының қатысу деңгейі де көңіл көншітерлік. Меніңше, айтарлықтай заңбұзушылық болмады. Мұның өзі халықтың саяси мәдениетінің өсіп келе жатқанын көрсетеді», – деді белгілі саясаттанушы. Сонымен қатар осы сайлаудың ең үлкен жаңалығы президенттік мерзімнің өзгеруі. «Бұдан былай мемлекет басқаратын адам бір-ақ рет және жеті жылға сайлана алады. Мұндай өзгеріс Мексика, Оңтүстік Корея секілді елдерде бұрыннан бар. Бұл жалпы әлемдік саясатта тәжірибеден өтіп, жемісін берген тәсіл», – деді Андрей Чеботарёв. Сондай-ақ белгілі саясаттанушы «осы жолғы сайлауға неге оппозициялық топтан бірде-бір кандидат тіркелмеді?» деген сұраққа да тоқталып кетті. Оның айтуынша, ел болашағы үшін маңызды саяси науқанға еліміздегі оппозициялық топтар ортақ мәмілеге келіп бір кандидат ұсына алмады. Оның бірден-бір себебі, өздерін оппозиция санап жүргендердің арасында қандай да бір ауызбіршіліктің жоқтығы себеп болған. Саясаттанушы президент сайлауынан бұрын биыл маусым айында Конституцияға өзгеріс енгізу туралы жалпыхалықтық референдум өтуін де жоғары бағалайтынын атап өтті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы екі науқанның да алдында өзін ешқандай саяси ұйымға мүше болмайтынын жариялауын да тарихи қадам деп санайтынын айтты. Соның бір айқын көрінісі ретінде Президенттің  «AMANAT» партиясына төрағалық етуден  бас тартуы дер едім», – деді саясаттанушы. «Бір сөзбен айтқанда, бәріміз куә болған соңғы президент сайлауы өз деңгейінде, барынша әділ өтті. ОСК-ның алдын ала берген мәліметінше, сайлаушылардың  82 пайыздан астамы  Тоқаевты қолдап дауыс беруі, ел тұрғындарының басым бөлігі өз болашағын  Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамаларымен бірге көргісі келетіндігінің көрінісі», – деп аяқтады өзінің сараптамалық баяндамасын белгілі саясаттанушы.