«Ақшамызды кешіктірді»: Атырауда 40 шақты санитар наразылыққа шықты

«Ақшамызды кешіктірді»: Атырауда 40 шақты санитар наразылыққа шықты

«Ақшамызды кешіктірді»:  Атырауда 40 шақты санитар наразылыққа шықты
ашық дереккөзі
Атыраудағы «Нұрсая» ықшамауданындағы жұқпалы аурулар ауруханасының 40 шақты санитар қызметкері 3 айдан бері өздеріне тиесілі ақшаны ала алмағндықтандықтан, наразылқтарын білдірді деп хабарлады turkystan.kz «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап. Қызметкерлерге сақтандыру және «зейнетақы жарнасы» аударылмаған, соның кесірінен көпшілігі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатыса алмаған.
«Қызым І топ мүгедегі. Мен «Отбасы банкінде» баспана кезегінде тұрмын. Жақында «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша байқауға зейнетақы жарнам түспегендіктен, өтпей қалдым. Ал жалақымыз небәрі 100 мың», – деді №2 облыстық аурухана қызметкері Айжан Сағындықова.
 width=
«Жұмысымыз ауыр. Науқастар таңға дейін түсіп жатады. Осы мәселені қозғағанымыз үшін бізге қысым жасалды. Адал еңбегімізді төлесін. Осындай жұмысты өздерің таңдадыңдар деп бізді жазғырып, кемсітеді. Ал біз адам емеспіз бе?» – деді санитар Қарлығаш Сақтағанова.
Аурухана басшылығы ешқандай «қысым» болмағанын айтса да, төлемдерді кешіктіргенін мойындап отыр. Өйткені мекеменің өзге компанияға 90 миллион теңге қарызы бары анықталды.
«Біз ешбір қызметкерімізді қудалап, қысым жасаған емеспіз. Барлық қызметкер бізде қаржылық қиындықтар бар екенін біледі. Бізге түсетін қаражат тек жалақыға ғана жетеді, өкінішке қарай  зейнетақы мен басқа да жарналарға жетпейді»,  – деді №2 облыстық аурухана директорының міндетін атқарушы Надия Ерғалиева.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Абдалиев аталған мәселе бойынша арнайы комиссия құрылып, есеп-аудит жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты және бұл мәселе жыл соңына дейін шешілетініне уәде берді. Айта кетейік, жұқпалы аурулар ауруханасына жыл сайын қазынадан 1 миллиард 100 миллион теңге бөлінеді. Бірақ бұл қаражат жеткіліксіз. Мекеме басшылығы мұндай жағдайдың алдын алу үшін бюджетті қайта қарап, оны 2 миллиард теңгеге жеткізу керегін айтады.