Ахмет Байтұрсынұлы туралы фильмнің шығатын күні белгілі болды
Ахмет Байтұрсынұлы туралы фильмнің шығатын күні белгілі болды
Семейде қазақтың көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері және саяси публицист Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына арналған «Соңғы үкім» тарихи фильмінің түсірілімі аяқталды деп хабарлады turkystan.kz.
Туынды Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен өндіріске енгізілді.
Жобаның түсірілімі былтыр Алматыда басталған болатын. Ал биыл түсірілім процесінің негізгі бөлігі Семей қаласында және Алматы мен Абай облыстарының табиғи нысандарында өтті.
Қазіргі уақытта картинаны монтаждау кезеңі жүріп жатыр. Ал фильмнің тұсаукесері 2023 жылдың 2 ақпанына жоспарланып отыр. Себебі бұл күні Байтұрсынов редактор болған алғашқы кәсіби «Қазақ» газетінің 110 жылдығы тойланады.
«Фильм ХХ ғасырдың басындағы қазақ саяси элитасының ең жарқын көшбасшыларының бірі, қазақ грамматикасының негізін қалаушы, ғалым, ақын және публицист өмірінің қырық жылын қамтитын шағын эпизодтардан тұрады. Киножоба бастауыш мектептің қарапайым оқытушысынан ұлттың ұстазына айналған Ахметтің таңғажайып тағдырына әсер еткен маңызды оқиғалар туралы баяндайды. «Алаш» партиясының негізін қалаушылардың бірі, қудаланған, бірнеше рет қамауға алынған, бірақ соған қарамастан толық драма мен трагедияға толы дәуірде әдемі махаббатқа да орын таба білген саясаткер-күрескердің қиын өмірі көрсетіледі», - делінген хабарламада.
Басты рөлді Азамат Сатыбалды сомдаған. Сондай-ақ фильмде Дарья Александрова, Александр Багрянцев, Ерлан Карибаев және басқалар ойнады.
«Байтұрсынов – біздің мақтанышымыз. Менің ойымша, біздің жас ұрпақ осындай фильмдерді көруі тиіс. Өйткені, Ахмет ағаның жасаған істері, Алаш Орда қайраткерлерінің ерлігі – бүгін кездеспейтін батылдық. Сондықтан сол кездегі оқиғаларды заманауи көрерменге көрсету керек», - деді басты рөлді орындап шыққан Азамат Сатыбалды.
Түсірілім тобын режиссерлер Ерлан Нұрмұхамбетов пен Ерген Тоқмурзин басқарады. Қоюшы-оператор Марс Омаров. Бас продюсер - Дастан Атығаев. Сценарий авторы - Ғалым Доскен.