Cоққы көрген балалардың психикасына қандай зақым келеді? – маман жауабы

Cоққы көрген балалардың психикасына қандай зақым келеді? – маман жауабы

Cоққы көрген балалардың психикасына қандай зақым келеді? – маман жауабы
ашық дереккөзі
Балалар психологтары мен нейропсихологтар қауымдастығының президенті, нейропсихолог Айнұр Алдашева баланы кішкентай кезінен бастап ұрып-соғудың салдары қандай болуы мүмкін екенін, ата-аналар балаға неге қол көтеретіні туралы айтты деп жазды turkystan.kz. Massaget.kz сайтына берген сұхбатында маманның айтуынша, көп жағдайда ата-аналар ұру мен зорлық-зомбылықтың не екенін білмейді.
«Ең алдымен, ұру, зорлық-зомбылық дегеннің не екенін түсініп алайық. Көп ата-ана «мен жай ғана баланы қағып жіберсем, бұл зорлық-зомбылыққа не ұруға жатпайды» деп ойлайды. Шын мәнінде, баланы арқасынан, көтенінен ұрсаңыз да, баланы сабасаңыз да, құлағынан тартсаңыз да - мұның барлығы зорлық-зомбылық», - деді Айнұр Алдашева.
Психолог ата-аналар, әдетте, балаға неге қол көтеретінін айтты.
«Не үшін баланы ұрамыз? Бізде бір түсінік қалыптасқан. Мені бұрын ұрған, мен де балама сондай тәрбие беремін. Мен әке-шешемнен таяқ жеп өстім, ештеңі етпейді. Керісінше, мен оларға рақмет айтамын. Олар мені ұрмаса, мен адам болмас едім деген пікірлер бар. Шын мәнінде, бұрынғының балалары мен қазіргі балаларды салыстыруға келмейді. Қазіргі балалар мүлде өзгеше, олар әлсіздеу. Сондықтан біз оларды ұратын болсақ, әсіресе, ең жақын адамдарынан сондай зорлық-зомбылық көретін болса, міндетті түрде бала өзін қауіпсіз жердемін деп сезінбейді. Яғни, ол адамдар мені жақсы көреді, бар болмысымды риясыз қабылдайды деген сенімнен айырылады. Екіншіден, ертең бала мектепке барғанда біреуді ұрып жіберуі мүмкін, бауырын ұрып жіберуі мүмкін. Себебі сіз оған зорлықтың не екенін көрсеттіңіз», - деді маман.
Психологтың айтуынша, бала ұрып-соғудың зардабын өскенде, әсіресе, отбасын құрғанда көреді.
«Үшінші зардабы, бала зорлық-зомбылықты қалыпты жағдай деп қабылдай бастайды. Яғни, мені біреу ұрды, мен де біреуді ұрамын. «Мені біреу ұрса, мен де біреуді ұрамын, бұл - қалыпты нәрсе» деп ойлайды. Әлемде зорлық көп деген ой қалыптасады. Бірақ ол ертең отбасын құрады, әке не ана атанады, сонда ол отбасындағы зорлықты қалыпты деп ойлай бастайды. Әсіресе, ата-аналар қыздарға қол тигізбеу керек.  Қыздарға «саған ешкім тиіспеуі керек» дегенді саналарына сіңіріп өсіруіміз керек», - деді ол.
Айнұр Алдашева баланы ұрмай-ақ жазалаудың бірнеше жолын айтты.
«Баланы жазалау үшін ұрмаймыз, оны басқаша жазалаймыз. Себеп-салдарын түсіндіреміз. Мысалы, сен мынаны істеп қойдың, мына ережені бұздың, оның салдары мынадай болады деп бала психикасында себеп-cалдар байланысын құруымыз керек. Бұдан басқа, әр отбасының ережесі болуы керек. Яғни, балаға күнде ереже туралы айтып отыруымыз керек. Мысалы, кешкі 09:00-ден кейін жүгірмейміз, тамақты тек асүйде ішеміз деген ережелер айқын болуы керек. Бала ережелерді білсе, ол ұрып-соғуға жеткізбейді. Ал бір ережені бұзса, бұзық болса, себеп-cалдар байланысын түсіндіруімізі керек. Әдетте, ата-аналар бала қатты айқайласа, шыңғырып жыласа, бірден ұра кетеді. Сол кезде бала «анам мені не үшін ұрды?» деп түсінбей қалады. Себеп-cалдар байланысының түрі ретінде шектеу қойсаңыз болады немесе бір нәрсесін алып қойсаңыз болады. Мысалы, «сен айтқанды тыңдамадың, мен телефоныңды аламын» деген сияқты. Бала сонда қай әрекетінің дұрыс емесін түсінеді. Тағы бір жазаның түрі - орнынан тапжылтпау. Мысалы, ол қатты жүгіріп кетті. Сол кезде баланы қозғалтпай бір жерге отырғызып қоямыз. Бұл - баланы жазалаудың дұрыс жолы. Ол қандай да бір қателік істеп қойса да, біз оның көзіне қарап, қатқыл дауыспен «істегенің ұнамады, қазір қоймасаң, жаза қолдануыма тура келеді» деп түсіндіру керек. Егер бала сізді тыңдап тұрса, ол бірден бұзық болуын қояды», - деді маман.