Аргентиналықтар ет жеу мен кешігуден қазақтардан қалыспайды – Ирина Вагнер

Аргентиналықтар ет жеу мен кешігуден қазақтардан қалыспайды – Ирина Вагнер

Аргентиналықтар ет жеу мен кешігуден қазақтардан қалыспайды – Ирина Вагнер
ашық дереккөзі
Ирина Вагнер – Аргенти­на­да­ғы Қазақстан мәдени орта­лы­ғының директоры. Тарихи Ота­нын сағынып, қазақ мәде­ние­тін насихаттағысы келген­нен орталық ашқан Иринаның сегіз жыл ішінде істеген жұ­мы­сы аз емес, алда атқарар жұмыс одан да көп. Ирина аргенти­на­лық­тардан бөлек, Мексика, Чили, Швейцария, Колумбия, Ис­пания азаматтарына қазақ тілі­нен онлайн форматта сабақ береді. Атағынан ат үркетін Лио­нель Месси туып-өскен Ро­сарио қаласында тұратын ол ар­гентиналықтардың қазақ­стан­дықтармен біршама ұқсас­тықтары бар екенін айтады. Достарының арасында «Арғын­тин­ка» атанып кеткен, қайда бар­са да «қазақша» киініп ала­тын Иринаға хабарласып, сұх­бат­тасқан едік. – Сұхбаттасу үшін хабарласқанымда «Аргентина құрамасының ойыны аяқ­тал­ған соң сөйлесейік» деген едіңіз. Мес­си туып-өскен Росарио қаласында тұрып жат­қан сізден әлем чемпионатының ал­ғашқы айналымында арген­ти­на­лық­тардың сенсациялық жеңілісі туралы реакцияңызды сұрамай кетсем болмас. – Расында, сізбен басқа көңіл күйде сөй­ле­­семін деп ойлаған едім. Бірақ бұлай бола­ты­нын кім білген? Қандай реакция болушы еді? Әрине, бәріміз шок болдық. Күйеуім сіз­бен әңгімелесуіме кедергі келтірмейін деп, ойын нәтижесін достарымен талқылау үшін ау­лаға шығып кетті. Аргентина құрамасы дү­ниежүзінің ең үздік ойыншыларынан құралғанын күллі әлем біледі. Ал Сауд Ара­биясы туралы олай айта алмаймыз. Сон­дық­тан бірінші айналымда Сауд Арабиясынан жеңілу – біз үшін трагедия. Бүгін Аргентинада тра­гедия.  width=– Шетелде қазақ мәдениетін наси­хат­тап жүрген отандастарымыздың түгелін біле­мін деп ойлаушы едім, қателесіппін. Бізге сұхбат берген швейцариялық Эстер Ульман сізден қазақ тілінен сабақ алып жүргенін айтқан еді. Бірақ сіз қазақ тілін үйретуден де үлкен, қыруар жұмыс ат­қарып жүргеніңізді, Росарио қаласында Қа­зақстан мәдени орталығын ашқа­ныңыз­ды енді естіп-біліп отырмыз. – Жалпы, менің Аргентинада тұрып жат­қаныма 22 жыл болды. Өзім Алматының тума­сымын. Бойымда неміс, украин ұлтының қа­ны бар. Алматыдағы Қайнар универ­си­те­тінде халықаралық экономикалық қаты­нас­тар мамандығы бойынша білім алғанмын. Кейін Росарио қаласына қоныс аударып, Ар­ген­тина азаматына тұрмысқа шықтым. Ата-анам мен бауырым да осында тұрады. Біле біл­сеңіз, Росарио мен Алматы – бауырлас қа­лалар. Екі жыл бұрын біздің мәдени ор­та­лықтың бастамасы бойынша екі қаланың әкім­шілігі өзара келісімшарт жасасқан бола­тын. Мұндағы көшелердің біріне Абай Құ­нан­байұлының есімі берілген. Ал Қазақстан мә­дени орталығын ашуға не түрткі болғанын сұра­саңыз, Қазақстанды қатты сағынғаннан, таба­ным тиген жерлерде Отаным туралы айта бер­гім келгеннен ойыма осындай идея келді. Не­гізі, Аргентина – иммигранттар елі. Мұнда кө­біне Италия мен Испаниядан келген им­миг­ранттар тұрады. Ал Росарио – Арген­ти­на­ның екінші ірі мегаполисі. Елдегі алғашқы порт дәл осы қалада ашылған. Сол себептен де мұнда көп иммигрант тұрақтаған. Тиісінше мұнда әртүрлі елдің мәдени орталықтары жұ­мыс істейді. Росариоға алғаш келгенде «Жер­гілікті халық Еуропаның әр бұрышын жақ­сы біледі, тіпті кішігірім аймақтардан да ха­бардар. Алайда Қазақстан секілді алып ел ту­ралы ештеңе білмейтіні несі?» деп таң­ғал­ғанмын. Бір қызығы, Қазақстанның жер ау­мағы Аргентинанікімен шамалас. Аргентина әлем­де жер көлемі бойынша сегізінші, ал Қа­зақстан тоғызыншы орында. Бірақ сонда да Қазақстан туралы ешкім ештеңе біл­мей­тініне аң-таң болып, күйеуім екеуміз жүрген жері­мізде Қазақстан туралы айтып жүрдік. Жал­пы, университетте алған біліміме сәйкес бас­қа елдер туралы бар білгенімді ортаға салу, өзге тілдерді үйрену идеясы бұрыннан мен­мұндалап тұратын. Сөйтіп, күйеуім екеуіміз қызу жұмысқа кірісіп кеттік. Жыл сайын өте­тін «Ұлттар жәрмеңкесіне» қатысу үшін ар­найы стенд әзірлеп, өзіміз сурет салдық. Ол кезде еншімізде ел назарын бірден жаулап ала­тын ұлттық киімдер болмады. Десе де, Қа­зақстан екенін аңғартатын детальдардың түге­лін қамтыдық. Бауырсақ әзірледік. Әлгі стен­дімізге ерекше қызыққандар қасымызға жа­қындап, онда қамтылған деректер туралы сұрай­тын. Әсіресе, ондағы көпшілік аспан текті зеңгір көк түсті Туымыздың ерекшелігіне мән беретін. Сол кезде біздің стендке жақын­да­ғанның бәрі «Бұл қай елдің туы?», «Қазақ­стан картада қай тұста орналасқан? Көрсетіп жібересіздер ме?» деп сұрайтын. 2014 жылы күйеуім екеуіміз бұл жұмысты бір арнаға то­ғыс­тыратын мәдени орталық ашуды жөн са­на­дық. Кейін біз туралы естіген елшіліктен ресми мәртебе алған соң бағытымыз ай­қын­далып, жұмысымыз жандана түсті. Айта ке­тейін, осы жылдар ішінде ешкімнен ешқандай жәр­демақы алмадық. Орталықта бізге көмек­тесетін жанашыр азаматтар да ешқандай төле­мақы алмайды, атқарған жұмысы үшін ақы да сұрамайды.  width=– Суреттерден байқағанымыздай, Ро­­сариодағы Қазақстан мәдени орталы­ғы орналасқан ғимарат көздің жауын ала­ды. Кіреберістегі тақтайшаның төбе­сіндегі киіз үй, көк және сары түспен бе­зендірілген ою-өрнектер де өтіп бара жат­қан адамды бейжай қалдырмайды. – Иә, орталықты Қазақстанның «түсіне» бояу­ға тырыстық. Толығымен реконструкция жа­садық. Онда әртүрлі тілдерді үйрететін кіші­гірім тіл институты жұмыс істейді. Үш жыл бұрын қазақ тілін үйренуге деген қызы­ғу­шылық пайда болған соң қазақ тілі курсын ашқан болатынбыз. Біз бұл бастаманы бұрын да көтерген едік, бірақ ол кезде ешкімнен он­дай әуестік байқалмады. Ал Димаш дүние­жүзіне таныла бастаған соң бәрі өзгеріп сала берді. Бізге Қазақстан туралы деректер сұрай­тындардың, онда қалай баруға болатынын біл­гісі келетіндердің қарасы көбейді. Со­нымен қатар қатысқан іс-шарада қазақ мә­де­ниеті, салт-дәстүрі, ұлттық тағам туралы са­ғат­тап әңгімелегеннен кейін де тілді үйренгісі ке­ле­тіндер табылды. Осылайша испантілді ор­тада өскендерге қазақ тілінен бастапқы дең­гей бойынша сабақ беру ісін қолға алдым. Шә­кірттерім тек Аргентинадан емес, арасын­да Швейцариядан, Колумбия, Мексика, Чили, Испанияда тұратындар да бар. – Қазақстаннан көшіп кеткеніңізге 22 жыл болса да қазақ тілін ұмытпаға­ныңыз­ға риза болып отырмын. – Мен бастауыш сыныпта қазақ тілін өте жақ­сы бағаға оқыдым. Бірақ ол заманда қазақ тілі пәні интенсивті түрде оқытылмайтын. Қа­зір бұл жүйе толығымен өзгергенін білемін, де­генмен ол кезде қазақ тілі маңызды сабақ ре­тінде қарастырылмайтын. Сондықтан пан­де­мияға дейін елшіліктің көмегімен ұйымдас­тырыл­ған, онлайн форматтағы қазақ тілі кур­сына қатысып, қазақшамды жетілдіре түс­тім. Үйренерім әлі көп, бірақ үйренгенімді де­реу өзгеге үйреткім келеді. Негізі, қазақ тілі­нен сабақ беруге тілдерді үйрену және өзге­­лерге үйрету қабілетім көмектеседі. Мен орыс және қазақ тілін қоспағанда испан, ағылшын, италиян және неміс тілін жетік білемін. Алғашында орыс тілінен сабақ бердім, кейін өзге тілдерді үйрете бастадым. Тілдерді үйрету Аргентинада тұрған осы жыл­дар бойы менің басты кәсібім болды. Өйткені мамандығым бойынша мұнда жұмыс табу оңай емес. Сондықтан тілдерді үйрету, ресми ау­дармалар жасау ісін қолға алдым. Қазақ тілін қайта оқи бастаған кезде оны үйреніп қа­на қоймай, өзгелерге де үйрете алатынымды түсіндім. Шынымды айтсам, қазір бұл іс өзге жұмыстарым мен әуестіктерімнен әлдеқайда қызық. Мұны үзбей жалғастырғым келеді, қа­зақ тілін білмейтіндерге оны үйреткім ке­леді. Қызығушылығым зор. Сабақ үстінде үйренушілерге қазақ тілінің ережелерін түсіндіріп отырғанымда ерекше күй кешемін, өзімді бақытты сезінемін десем, артық айтпаймын. Айтпақшы, біз тек тілді үйретіп қоймаймыз, сонымен қатар мәдениет туралы да сөз қозғаймыз. Әсіресе, олар қазақтың ерекше салт-дәстүрлері туралы сұрақтарды үсті-үстіне жаудырады. – Әлеуметтік желідегі парақшаңызда қа­зақ­ша-испанша видеолар жүктеп жүр­геніңізге қарап, Аргентинада қазақ тілі­нің қолданылу аясын кеңейткісі келетін болар деп болжадық. – Дәл солай. Виртуалды сабақпен шек­тел­мей, жеке парақшама испанша сөйлейтіндерге арналған видеолар сериясын жүктеп қойдым. Димаштың Алматыда өткен концертіне көп адам баратын болғанда осындай идея туын­дады. Сөйтіп, Қазақстанға алғаш рет барғанда нені білу керек, нені қалай сұрау керек, қалай амандасу керек екенін үйрететін, ең көп таралған сөйлемдерді қамтитын бірнеше видео әзірледім. Негізі, испанша сөйлейтін­дер­ге қазақ тілін үйрену оңайға соқпайды. Қазақ тілін үйреніп жүргендердің дені – ере­сектер, зейнеткерлер. Жұмыс, отбасы қамы­мен жүгіріп жүретіндіктен көбінің үй тап­сырмасын орындауға кейде уақыты болмай жатады. Әрі олар үйреткеніңді жастар секілді тез сіңіріп алмайтыны түсінікті. Олармен өтетін сабақтарға ерекше ритм, ерекше тәсіл қолдану керек. Сондықтан әр сабақ алдын олар­дың нені меңгере алатынын, ал нені игеру қиынға соғатынын сараптап аламын. Бірақ олар дән риза, сабақ сайын жетіле түскендеріне мен де ризамын.  width=– Мәдени орталықта сізге көмекте­се­тін­дердің дені Аргентинада тұратын қа­зақ­стандықтар ма, әлде? – Росариода Қазақстаннан келген екі-үш жұп тұрады. Бірақ біздің мәдени орталықтың не­гізгі күші олар емес. Жоғарыда айтып өт­ке­нім­дей, мұнда алғаш келгенде орыс тілінен са­бақ бердім. Сол топта оқыған жергілікті арген­тиналықтар кейін менің мүдделестеріме, біздің орталықта атқарылатын қоғамдық жұмысқа жанын салып кірісетін белсенділерге айналды. Айлық төленбесе де, Қазақстан мә­дени орталығы десе, жүгіре жөнелетін көмек­ші­леріме айналды. Бірақ Росариода бұған еш­­кім таңғалмайды. Мұнда 70-ке жуық мәде­ни орталықтар жұмыс істейді. Сондықтан өз­ге мәдениетті дамытуға атсалысу анау айт­қандай оғаш іс емес. Аргентиналықтар – ра­сы­мен ерекше халық. Мысалы, біз қазір ұлт­тық киім жоқтығынан кейінге ысырылып кел­ген маңызды жобамыз – би тобын дайын­дап жатырмыз. Алдағы уақытта біз қатты қала­ған би тобын қолдайтындар көбейетініне сені­мім мол. Себебі аргентиналықтар бойын­да қазақ қаны болмаса да қазақ биіне мың бұра­ла билейді. Олар билегенді қатты ұната­ды. Әлбетте, мұның бізге пайдасы зор. Мы­са­лы, егер біз ұлттық биді Германияның алаңын­да билесек, ортаға онда тұратын этни­калық қазақтардан басқа ешкім билеп шық­пас еді. Бірақ Аргентинада олай емес. Мұнда түрлі ұлт өкілдері бастаған идеяға қы­зығу үшін бойыңда сол ұлттың қаны болуы мін­детті емес. Айтқызбай-ақ көмектеседі, іс-ша­лардың жоғары деңгейде өтуіне барынша ат­салысады. Жергілікті халықтың мұндай бейім­ділігі бізге де оң әсерін тигізді. Маған ор­та­лықта көмектесетін он аргентиналықтың тү­гелі – ерекше адамдар. Бірі турагенттікте, ен­ді бірі жылжымайтын мүлік агенттігінде жұ­мыс істейді. Келесі бірі – архитектор, бірі – оқытушы. Енді бірі – фотограф. Іс-шаралар ке­зінде суреттерді тегін түсіріп береді. Ара­сында студенттер де бар. Әрбірінің жұмысы, қоғамдық жұмыстан да маңызды мәселесі болса да Қазақстан мәдениетіне ерекше қы­зық­қандықтан бізге көмектеседі. Сосын мен оларға ол мәдениетке қызығып қана қоймай, оны айналасына насихаттау идеясын «жұқ­тырдым». Қазір олар бұдан ләззат алып жүр­генін байқаймын. Алдағы уақытта түрлі фес­тивальдерде билейтін болсақ, бұл істен одан бетер ләззат алатынымыз сөзсіз.  width=– Жеке парақшаңыздан тағы бір аң­ғарғанымыз – іс-шара сайын орталық­та­ғы­лар біздің Тумен түстес киімдер кие­тінін байқадық. Өзіңіз де маңызды кездесулер мен жиындарға Қазақстан­ның Туы бейнеленген киімдер киеді екенсіз. Бұл сондай дресс-код па әлде? – Иә, іс-шараларға үнемі солай киінеміз. Ол жейделердің дизайнын өзім жасап, ар­найы тапсырыс бергенмін. Мен үнемі тағатын шарф пен жаулықтың дизайнын өзім жаса­ған­­мын. Жалпы, Қазақстанның Туына назар аудар­мау мүмкін емес. Әрі ол Ту бұл конти­нент­те бейтаныс. Бастапқыда барған жерімде Қа­зақстан туралы қандай да бір хабар беру үшін барлық жиынға, түрлі іс-шараға үнемі «қазақша» киім киіп баруым керек екенін түсіндім. Осыдан соң үстімдегі киімге көбі қызыға қарайтынды шығарды. Сосын қасыма келіп, сұрақ қоя бастайды. Осылайша, менің ә дегендегі мақсатым – Қазақстанды наси­хаттау туралы жоспарым орындалды. Олай киіну – Қазақстан жөнінде әңгімелеудің бір тәсілі.  width=– «Арғынтинка» деген атыңыз бар екен... – Иә (күліп). Қазақстандағы достарым осы­лай атайды. Сосын Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының бір сессиясына қатысқанда осы­лай айтқаным есімде. Содан соң осылай атау­ды шығарды. – Әлем жұртшылығы Аргентинаны футбол аңыздарының және танго биінің отаны ретінде таниды. Ал олардың көп мә­дениеттің ішінен дәл қазақ мәде­ние­тіне ерекше қызығатыны біз үшін қы­зық болып тұр. – Мұнда былай айтады – «Сенің әкең, анаң бар және футбол клубың бар». Футболға деген ынтықтығын сөзбен сипаттап түсіндіре алмаймын. Әр ойынды қызу талқылайды. Тіп­ті, кейде айнымас достар футболға бола дау­ласып, арты кикілжіңге ұласады. Біздің қа­лада екі футбол команда бір-бірімен бәсе­ке­лес. Қаланың өзі географиялық тұрғыда екі бө­лікке бөлінген. Көшеде келе жатқанда тро­туар, қоршаудың қандай түске боялғанына қа­рап-ақ ол аймақтың қай футбол клубқа «тие­сілі» екенін түсінесің. Сондықтан осында туып-өскен біраз мықтының қазір Аргентина ұлттық құрамасында ойнауы бекер емес. Лио­нель Месси Росариодан, Анхель Ди Мария да Росарионың тумасы. Олардан бөлек мықты ойыншылар жетерлік. Олардың бәрі жер­гілікті клуб­тар­дан шыққан. Ондағы тұрғын­дар футболды бәрі­нен биік қойса да олар әр елдің мәдение­тіне бейжай қарамайды. Қазақ­стан туралы ал­ғаш естігенде «Ең көп таралған қандай дәс­түрлі тағамдары бар?», «Қай тілде сөй­лей­ді?», «Туы қандай екенін көрсетіңіз­дер­ші?», «Қа­зақша қалай алғыс айтуға болады?» деген­дей сұрақтар қоятын.  width=Территориясын, әлеуе­тін айтқанымда бәрі аң-таң болатын. Кейбірі тіп­ті сенбейтін. Димаштың өнеріне тәнті ар­­­гентиналықтар Қазақстан туралы бәрін біле­тіні хақ. Ал оның өнеріне онша қы­­зық­­пайтындарға, оны дұрыс танымайтын­дарға Қа­зақстан әлі де жұмбақ. Халықаралық сая­сат­ты зерттеп жүргендер де хабардар. Дей тұр­ғанмен, көбі Қазақстанды дұрыс таны­май­ды. Ал оларға Қазақстанды таныстыру менің мін­детім деп санаймын. Менде оларға айта­тын арнайы спич бар. Тіпті, көбі сұрамаса да әрі кездесудің мәдениетке еш қатысы жоқ бол­са да әлгі спичімді қыстырып, сөйлей жө­нелемін (күліп). Сол кезде байқағаным, арген­тиналықтар қазақтардың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрыптарына, отбасындағы ұлттық тәр­биеге қатты қызығады. Кейінгі кезде мұн­да маңызды әрі қымбат саналатын кейбір дәс­түрлердің сиқы кеткенін байқап жүрмін. Ал кездесулерде олардың Қазақстанда үнемі на­зардан түспейтін дәстүрлерге ерекше құр­мет­пен қарайтынын аңғарамын. Жалпы, біз ар­гентиналықтармен бас қоссақ, міндетті түрде бауырсақ әзірлеймін. Кәуап пісіреміз. Үлкен­дер былай тұрсын, он жастағы ұлым­ның сүйікті тағамы – бауырсақ. Ол мектепте бір топта 20 баламен бірге оқиды. Сенбессіз, бірақ сол жиырманың барлығы бауырсақтың не екенін беске біледі. Сабақ біте сала олардың түгелі дерлік бізің үйге келіп, бауырсақтан дәм татқысы келеді. Ұлыма салсаң, мен оларға күн сайын бауырсақ әзірлеуім керек (күліп). Оның сыныптастарының анасы «Ал бізге бауырсақты қалай әзірлеу керек екенін айтып жі­бер. Болмаса, рецептісін жазып жібер. Әйт­песе, балам сенің үйіңнен келген соң «Бауыр­сақ әзірлеші» деп әбден мазамды алды» дейді (күліп). Кезінде интернетте қазақ асханасы туралы курс жасаған едім. Соның ішінде бауыр­сақ әзірлеудің рецептісі бар видеоны жол­дадым, оның сыртында тағы да түсін­дірдім. Мұның барлығы біздің орталықтың дамуына және біздегі консулдықтың жұмы­сына ерекше серпін берді деп ойлаймын. Тағы бір айта кетерлігі, менің күйеуім Қазақстан елшілігінің шешімімен осындағы консул­дық­тың Құрметті консулы қызметіне тағайын­далды. Мұны осы жылдар бойы атқарған жұмысымыз үшін марапат деп білемін. – Кейде біз қазақтардың үнемі ке­ші­гіп жүруін ұлттың мінезіне балаймыз. Бір сұхбатыңызда сіз аргентиналық­тар­дың қазақтардан бетер кешігіп жүретінін айтасыз. Қайсысы мұқият расымен? – Қазақтар әлдеқайда мұқият. Кешігіп жү­ре­тіні былай тұрсын, мұнда барлығы ер­тең­ге қалдырылады. Ал екі елдің арасындағы басты ұқсастық ретінде етті көп жеуді айтар едім. Мұнда жан басына шаққанда ет жеу пайы­зы жоғары. Бірақ кейінгі кезде белең алған дағдарыс салдарынан бұл көрсеткіш біраз азайды. Бірақ Қазақстанда негізінен қой­­дың еті көп желінсе, мұнда сиыр етін көп қол­­данады. Жылқыны союға тыйым салын­ған. – Аргентинаға көшкеніңізге ширек ға­сырдан астам уақыт өтсе де, Қазақ­станда тұтанған ұшқынның әлі өшпе­генін тұтқаның ар жағынан-ақ сезіп тұр­мын. Латын Америкасындағы мың бояу­лы мәдениетке қазақтың өрнегін қо­сып жүргеніңізге алғыстан басқа ай­тарым жоқ! – Ол ұшқын өшпейді де. Себебі... Қалай айт­сам болады екен? Қазақстан – кіндік қа­ным тамған жер. Қазақстан – менің Отаным. Ме­нің одан басқа Отаным жоқ. Мен онда әр­кез барғым келеді. Үнемі сағынамын да жү­ре­мін. Аргентиналықтардың да Қазақ­стан­ға барғанын қалаймын. Өткенде Димаштың Алматыда өткен концертіне барып қайтқан шәкірттерім керемет әсермен оралды. Олар­дың сабақ барысында таласып тұрып айтқан эмоцияларын көргенде көңілім жібіп сала берді. Мұндайда бойымды мақтаныш кер­ней­ді, марқаямын. Қазақстанмен байланысым еш­қашан ажырамайды. Менің атқарып жүр­ген шаруам оң әсерін беріп жатқанын бәрі біле­ді. Сондықтан бойымдағы сіз байқаған ұш­қын бір күні өшіп қалады деп ойламаймын. Ла­пылдап жанбаса, өшпейтіні анық. Сосын ме­нің жоспарлап жүрген жобаларым жетер­лік. Мысалы, қазір испан тілінде сөйлейтіндер­ге қазақ тілін үйретуге арналған оқулық әзір­леумен айналысудамын. Жоғарыда айтып өткен­дей, би тобының жұмысын қадағалап жүр­мін. Бразилиядағы Қазақстан елшілігі биыл бізге ұлттық киім тарту етті. Дегенмен ол бізге аздық етеді. Мысалы, бізге сәукеле, тақия секілді басқа киетін киімдер жетіспейді. Ұлт­тық киім туралы толық картина болу үшін бас киімнің болуы маңызды екенін сіз жақсы білесіз. Одан бөлек, қазақтардың тұрмысынан хабар беретін жабдықтар қажет. Себебі көр­мелер мен жәрмеңкелерге қатысқанда аң­ғарғанымыздай, ол заттарға да қызығатындар бар екен.  width=Сосын бізге домбыра аса қажет. Қа­зақстандағы достарымыз сыйлаған бір дом­б­ыра бар, бірақ ол – әуесқойларға арнал­ған аспап. Тағы бір көздеген жоба – орта­лықтың террасасында киіз үй тіккіміз келеді. Сосын тағы бір айта кетерлік жайт, қазақ тілі курстарына қатысқандарға арнайы бір сертификат берілсе екен деймін. Біздің инс­титутта басқа тілдерді үйреніп жүргендерге Арген­тина университеттерімен расталған арнайы сертификаттар беріледі. Ал қазақша үйреніп жүргендерге ешқандай сертификат бере алмаймыз. Сондай-ақ орталықта маған көмектесіп жүрген аргентиналықтар Қазақ­станға барып қайтса деймін. Қазақстанға барып көрмеген олар 8 жыл бойы Латын Аме­рикасында Қазақстан мәдениетін наси­хаттау үшін тынбай жұмыс істеп жүр. Мың рет естігенше, бір рет барып көрсе жақсы бо­лар еді. Негізі, көздегеніміздің көбі орын­дал­ды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығына орай Росариода Қазақстан аллеясы ашылды. Қазір онда көп адам қыдырады. Бұл біздің жобамыз деп мақтана айта аламын. Алда да іске асырғымыз келетін жоба жетер­лік. Түсінгенім – шын жүректен жұмыс істе­генде бір жобаның соңынан екінші жоба мен­мұндалап тұрады. Маған көп уақыт бер­сеңіз, мен жобаларым туралы сағаттап айтуға әзірмін (күліп). – Әңгімеңізге рақмет! Ойлағаныңыз іске ассын!

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ