Сейсенбі, 29 Қараша, 2022

Сауық ЖАҚАНОВА: Сөздің төркінін түсініп, жеткізе білу – Жаратушының сыйлаған қабілеті

Қазақ радиосының «Алтын қорындағы» әдеби-сазды хабарлардың көбі Сауық Жақанованың даусымен жазылған. Ол әсем үнімен тыңдарманға жарты ғасырдың тарихын жеткізіп, зор сүйіспеншілігіне бөленді. Радиоға қаршадайынан келген қыздың мақсаты да осы болатын. Өзіне артылған міндетті абыроймен атқарып, «эфирдің Ақбаяны» атанған диктор радиода қызмет еткен жылдарын өмірінің жарқын сәттері деп біледі. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, даңқты диктор Сауық Жақановамен әңгімелесіп, өткен шаққа саяхат жасаған едік.

– Жарты ғасырға жуық диктор болып қызмет атқардыңыз. Бұл мамандықтың қадір-қасиетін қалай бағалар едіңіз? Сіздің ойыңызша, бұл Жаратушы сыйлаған қабілет пе әлде еңбекпен жетуге болатын дүние ме?
– Мені таныстырғанда «радионың сан­­­дуғашы», «бұлбұл үнді» деген теңеу ай­тып жатады. Негізі, мәселе онда емес деп ойлаймын. Әрине, дауыс та белгілі бір деңгейде рөл ойнайды ғой. Өзім мә­тінді дұрыс жеткізуге қатты мән бере­мін. Ол жерде не айтылып тұр? Соны жүре­гіңнен өткізіп, тыңдаушыға шы­найы жеткізе білу қажет. Мәтіннің ішіне кіріп кету керек. Қазақтың сөздерінің жөні, реті бар. Соны диктор сезіне білуге тиіс. Менің ойымша, сөзді жеткізе білу, сөйлеу өнері тұқымда болуы керек. Қа­зақ «Тақыр жерге шөп шықпайды» дейді.
Анам әнді күшті салатын адам еді. Ра­диода «Бесігіңді түзе» деген хабар бол­ды. Сол жерде марқұм анамның айтқан сөз­дері бар. Көп бала туып, тәрбиелеген бек­зат адам болатын. Әке-шешем мал бақ­қан кісілер ғой. Кешке малды жай­ғас­тырып болып, өзіміз отырамыз. Анам біз­ге қазақтың ертегі, аңыз-әңгімелерін, жаңылтпаш айтып беретін. Аузымыз ашы­лып отырып, қыбыр етпей тыңдай­мыз. Қазір ойлап отырсам, алғашқы ұстазымдай болған екен ғой.
Әкемнің жалғыз қарындасы бар еді. Ол кісінің баласы болмады, күйеуі үлкен қызметте істейтін. Үйдің үлке­ні болғандықтан шығар, мені сол кісі­лердің қолына берді. Үйге жаздыгүні, де­малыста ғана келетінмін. Мектепті де, уни­верситетті де Алматыда оқыдым. Мек­тепте жүргенде хорға қатысамын, кон­церт жүргіземін. Біздің уақытта жур­налистика факультеті болмады, фи­ло­логия мамандығы бойынша оқуға түс­тім. Университетте де мәдени іс-шара­лар­ға қатысып жүрдім. 1966 жылы уни­верситет бітірген кезде радиода кон­курс жарияланып жатқанын естіп, ба­ғымды сынап көргім келді. Өнерге жа­қын екенімді білетін жездем де «Осы кон­курсқа қатысып көрсейші», – деді. Сөй­тіп, тәуекелге бел буып қатысып, ба­ғыма орай өтіп кеттім. Ол кезде бір-ақ ра­дио бар, соны тыңдап жүретінбіз. Зәм­зәгүл Шәріпованың оқығаны ұнай­тын. Даусы сондай әдемі, талантты жан еді. Радиодағы қызметінен бөлек, бір­не­ше рөлді сомдаған белгілі актриса. Оның даусын ұнатқаным соншалық, кон­курста берілген шығарманы сол кісі­ге ұқсатып оқыппын. Оны кейін байқап, ұял­ғаным-ай. Әркімнің өзіне тән ин­тонациясы, жолы болуы керек қой, не нәр­се де болса да. Қуанышыма орай, жақ­сы ортаға тап болдым. Радиода мық­ты дикторлар жұмыс істейді екен. Әсіре­се, Әнуарбек Байжанбаев.
– Қазақ радиосынан, теледи­дар­дан берілген республиканың ты­ныс-тіршілігі жайлы жаңалықтар, түрлі хабарлар тыңдарман қауымға, кө­рерменге Әнуарбек Байжан­баев­тың ашық та әуезді үнімен жет­ке­ніне тарих куә. Сізді «эфирдің Ақ­бая­ны» деп атаған сол кісі екен. Жұрт­шылықты ерекше даусымен бау­рап алған, талай хабарды бірге жүр­гізген әріптесіңіз туралы айтып беріңізші.
– Әр адамның дауыс бояуында өз­ге­ше­лік болады. Әнуарбек Байжанбаевтың дауысы – күмбірлеп тұрған, құлаққа жа­­­­­ғымды естілетін керемет дауыс. Ана­сы әнші болған екен. Ол кезде жазу­шы­лар, журналистер кітапты машинкамен тере­тін. Ол кісі кітап басатын корректор бо­лып қызмет еткен. Кітап басар ал­дын­да оны оқып отыру керек екен. Әнекең ол уақытта жап-жас жігіт, кітапты кең ты­нысты үнімен оқығанда, қазір атын ұмы­тып тұрмын, қасында отырған бел­гілі жазушы таңғалыпты. Тыңдап болған соң «Сенің дауысың керемет қой! Мына шығарманы қалай ретімен оқып отыр­сың?! Сен радиоға барсайшы» дейді. Айт­­қандай-ақ, ол кісі радиоға келіп, жұ­­мысқа қабылданады. Ол кезде Мина Сейі­това деген алғашқы диктор болған. Со­ғыс уақытында майданнан келген хат­­тың бәрін сол кісі оқыған екен. Ең­бек жолын пионер диктор болып бас­та­ған оның екі баласы болыпты. Біреуін пиа­ниноның астына, біреуін үстіне жат­қызып, күні-түні жұмыста жүреді екен. Күйеуі соғыста. Әнуарбек Байжан­баев­ты сол кісі жұмысқа алады. Айтпақ­шы, Әнекең соғыстан оралғаннан кейін Қазақ радиосына жұмысқа орналасқан. Майданнан аяғы жараланып келген.
Мінезі қандай десеңші?! Адамның дау­сынан да мінезін білуге бо­ла­ды дейді. Әнекең бала мінезді, ақкөңіл адам еді. Үлкен болсын, кіші болсын ал­дынан кесе-көлденең өтпейтін. Өзіне ұнай­тын болуы керек, хабарды бір ер, бір әйел оқуы керек болғанда «Мен Сауық­пен оқимын» дейтін. Көңілі тол­ған кезде «Ой, Сәке, қатырдық иә, бір әрпін де қисайтпай оқыдық қой» дейді риза болып. Ол кісінің қасында жүріп, біраз дүние үйрендім. Дара дауысымен, ше­берлігімен, жайдары мінезімен есте қал­ды. Келесі жылы Әнуарбек Байжан­баев­тың жүз жылдығы болады. Біз тура­лы кітап жазылып жатыр. Жақында жа­рыққа шығып қалар.
Сауық ЖАҚАНОВА: Сөздің төркінін түсініп, жеткізе білу – Жаратушының сыйлаған қабілеті– Ол уақытта хабардың барлы­ғын дерлік сіздер оқыдыңыздар. Дик­торларға қандай талап қойы­ла­тын еді?
– Иә, бұрын қандай хабар болсын, бә­рін біз, дикторлар оқитынбыз. Қазір жур­налистер шығады ғой. Ол кездегі та­лап басқа болды, көрермен, тыңдаушы қауым­ға тек жақсы жаңалықтарды жет­кізетінбіз. Күніне алты сағат емес, өмі­рім­нің бәрі радиода өтті. Қандай хабар оқымадым десейші?! Жанры әртүрлі шы­ғарма оқыдық: сатира, өлең, ертегі, жаңа­лық. Өз ісімді жақсы көргеннен ғой, жұмыста жүргенде бәрін ұмытамын. Мә­тіннің ішіне қалай кіріп кеткенімді біл­мейтін едім. Сөздің төркінін түсініп, жет­кізе білу – Жаратушының сыйлаған қа­білеті. Мысалы, ақын, жазушыларды біреу сүйреп отырғандай болады. Оны өздері білмей жатады. Мысалы, кейбір ақындар сөз іздеуі мүмкін. Ал енді бірі сөз іздемейді. Өзімен-өзі құйылып келе бере­­ді. Бұл да сондай өнер дер едім. Мә­тін оқығанда құлағыма сыбырлап отыр­ған­дай болады.
Ол уақытта тамақ табу да оңай бол­­мады. Отбасым, екі балам бар, үлкен кісілермен тұрдым. Әнуарбек Бай­жанбаев «халық «Сауық оқысын» деп, үнемі сені сұрайды» деп айтатын. Ара­сында үйге жүгіріп барып келемін. Қар­балас тірлікпен жүріп қалай оқы­ға­ным­ды асықпай тыңдауға, қарауға қат­ты көңіл бөлмеппін. Сөйтсем, жаман оқы­­­маған екенмін. Құдайға шүкір, аз­ды-көпті еңбегіміз еленіп, 1995 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі», радионың 100 жылдығында «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Қазір бұл атақ бүкіл сала қызметкерлеріне бері­­ліп жатыр. Жалпы, өзім ештеңе сұра­­ған емеспін, орден, медаль беріп жа­та­ды. Кеңес заманында алған «Құрмет бел­гісі» орденім де бар. Жақында 78-ге ке­­ле­мін. «Жасым ұлғайған шақта оның пай­дасы бар ма?» деп ойлаймын. Тікелей өзі­­ме айтпаса да, сезесің ғой, қызға­ныш­пен қарап, «Біз де солай еңбек еттік қой» дей­тін адам табылады. Атақ алғанның ауру­­ханаға тіркелуге, қаралуға көмегі бо­­ла ма деп ойлаған едім. Өкінішке қа­рай, көмектеспейді екен. Бұрын дау­сы­мызды тыңдаған адамдар көрген жерде сый­лап, құрмет көрсетіп, көтермелеп жа­тады. Соған риза боламын. Диктор үшін бұл – үлкен бақыт.
Сауық ЖАҚАНОВА: Сөздің төркінін түсініп, жеткізе білу – Жаратушының сыйлаған қабілеті– Бір сұхбатыңызда «Әйел ретін­де аса бақытты болдым деп айта ал­май­мын» деген екенсіз.
– Енді күні-түні радиода жүрдім. Ден­­­­­саулықты күтпеппіз, бүйрегім ауы­ра­­ды екен, қан қысымым жоғары. Өзім нә­зік, кішкентай едім. Күйеуге шық­қан­нан кейін екі жылдан кейін, жиырма же­ті жасымда босандым. Тұңғыш балам­мен бірге тоғыз ай бойы ауруханадан шық­падым ғой. Ол кездің жастарын сіз­дермен салыстыруға болмайды. Сіз­дер бәрін білесіздер. Ал біз аңғалдау бо­лыппыз (күліп). Абысыным гине­ко­лог-дәрігер болатын. Ол ауруханаға кел­­­генде босанып жатқан әйелдерді көр­сетеді. Өзім эмоцияға жақын адам­мын, анадан кейін ұйықтай алмай қала­тын едім. Сосын ауру болып туған бала­лар болады. Ұлымның аяғы сынып, өмі­рі­мнің бәрі сол баланы емдетумен өтті. Жұмыс, сосын баланы емдету. Ал­ма­­тыда бірнеше рет операция жасады. Ре­сейге де апардық. Жолдасым екеуіміз ке­зекпен барып, тамақ тасимыз. Ол уа­қыт­та қазіргідей дөңгелегі бар шабадан да жоқ. Баланың ауырғаны қиын екен. Со­ның бәрі оңай болмады. Қазір ойла­сам, жастықпен білінбеген екен.
Отбасында он бір бала болдық, қа­зір бәріміз бармыз, Құдайға шү­кір. Жездем Жоғарғы сот төраға­сы­ның орынбасары, Алаш қайраткерлерін ақта­ған кісі еді. Сол үйде өскенімді жаңа айт­тым. Апам марқұм – әкемнің жалғыз қа­рындасы, әкем екеуі жетім өскен. Қан­ша дегенмен қыз бала бауырмал болады екен. Сосын ғой, жалғыз ағасының қы­зын оқытуға көмектескені. Ол кісі бәрі­міз­ді оқытты. Менен басқа бауырларым ин­тернатта тұрды.
Жолдасым Мәрлен Қамбаровтың өмірден өткеніне біраз уақыт болды. Политехникалық институтты бітір­ген. Әкесі министр, ал енем үй шаруа­сындағы әйел еді. Бір үйде бес ба­ла өскен: үш бала, екі қыз. Жолдасым ұл­дың кішісі болатын.
– Қалай танысқандарыңыз есіңіз­де ме?
– Көрші тұрдық. Жалпы, орысша сөй­­­лейтін отбасы болатын. Үйінде үл­кен шешесі мен енем, үлкендер ғана қа­­зақша сөйлейді. Ағалары үйленіп, жол­дасымның бойдақ жүрген кезі бола­тын. Екі үй жақын тұрамыз. Оның апасы сөм­ке асынып келе жатады. Сондайда мен кездесіп қалып, «Апа, мен апарып берейін» деп, екінші қабаттағы үйіне жет­кізіп саламын. Көріп қалғанда кө­мек­тесіп жүремін, оған қазақша сөй­лей­тінім ұнайды екен. Содан апа үйіне ба­рып, мені мақтап, «Осы Биғайшаның сің­лісі, Сауық деген қандай тамаша қыз. Қа­зақ­ша сөйлейді. Үнемі көмектеседі, тәр­биелі» деп айтады екен. Бірақ «Жас­тар өздері білер» деп, ұлдарына «Осыны ал, көр» деп айтуға ыңғайсызданған ғой. Бірақ үлкен кісілердің сөзін құлағы ша­лып жүрген жолдасым кейін киноға ша­қырды. Мен орыс тілін білмеймін, ал ол орысша оқыған. Осыған қарамастан екеуі­міз жақсы тіл табысып кеттік. Жол­дасым кейін қазақша жақсы үйреніп, ма­қал­датып сөйлейтін болды. Сөйтіп, «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» деп, үй болған жайымыз бар.
Жолдасым әзілге жақын адам еді. Бір нәрсені тарс еткізіп айта са­латын. Әкесі комсомолдан бастап пар­тия жұмыстарын істеген. Туған жері Көк­шетауға зейнетке шыққаннан кейін ғана барды. Еліміздің әр өңірінде қыз­мет атқарған. Мысалы, жолдасым Ақ­тө­бе­де туса, тағы бір баласы Атырауда, енді бірі Талдықорғанда дүниеге келген.
Отбасымыз туралы айтар болсам, екі ұлымыз өмірге келді. Үлкен ұлым әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің фи­зика факультетін ағылшын тілінде бі­тіріп, кейін Лондонда білім алды. Қа­зір университетте ағылшын тілінен са­бақ беріп жүр. Ағылшын тілінде кітап жаз­ған, Forbes журналына үнемі шығып тұра­ды. Ал қолымдағы ұлым – заңгер.
Сауық ЖАҚАНОВА: Сөздің төркінін түсініп, жеткізе білу – Жаратушының сыйлаған қабілеті– Үлкен жиындарда аракідік бой көр­сетіп қаласыз. Жалпы, қазір те­ле­­дидар көресіз бе, дикторларға көңі­ліңіз тола ма?
– Жақында «Үркер» сыйлығының жеңім­паздарын марапаттау салтанатты іс-шарасына қатысып, бәрімен кездесіп, арқа-жарқа болып қалдым. Ардагер деп ша­қырып тұрады, рақмет. Ондай іс-шара­ларға қуана барып тұрамын. Дулат Исабеков «Еңбек Ері» атағын алды ғой. Ол кісімен университетте бірге оқыған­мын. Кеше бір жігіт хабарласып, «Хабар тү­сіреміз, студент кезінде қандай болға­нын айтып беріңізші» дейді. Енді соған дайындалып жатырмын.
Ал дикторларға келетін болсақ, оқы­ған дүниені түсіну бір бөлек, оған сену ке­рек. Өзің не айтып, не қойғаныңа өзің сен­бесең, көңілің басқа жақта болса, мә­тінде айтылған ойды жеткізе алмай­сың. Сосын мінез керек. Жалпы, маған жаттап айтқан ұнамайды. Оны да дұрыс жаттамайтындар бар ғой. Соны көріп, қын­жыласың. Қазақтың сөздері күрделі, соны бұзбай айту керек. Айтатын басты сөз болады, соған мән берген жөн. Со­сын, әрине диктор үшін сезімталдық, шы­найылық маңызды. Эфирге шығып жүр­гендердің қатесін көріп қоямын. Әде­мі адам, әдемі қыз. Мағынасы кере­мет нәрсе айтып жатыр. Бірақ оны жат­тап алып, «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» де­гендей жай айтып тұр. Айтып тұрған нәр­сең жан дүниеңнен шығуы керек, әйт­песе, бәрі бекер.
– Арманыңыз бар ма?
– Адамда арман таусылған ба? Жан-жа­­ғыма ауыртпалығымды түсірмей, өз аяғым­мен жүріп, өз қолыммен тама­ғым­ды ішіп, бес уақыт намазымды оқып, еш­­­­кімге қиындық артпай өткен адам­дар­дың ізімен кетсем деймін. Екі ұл ғой мен­де, қыз жоқ. Екі балама адал сүт ем­ген, қазақы тәрбие көрген, ақылы бар, ерін сыйлай алатын, жақын-жуығын тү­сіне алатын қыз кездессе екен деп ар­мандаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ

Байқау айқын
Байқау айқын
Back to top button