Алашорда большевиктерге қалай қосылды?

Алашорда большевиктерге қалай қосылды?

Алашорда большевиктерге қалай қосылды?
ашық дереккөзі

Архив деректері Қазақстандағы ұлттық-демократиялық қозғалыс­тың большевиктік билікпен қарым-қатынасы туралы сыр шертеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын­да XX ғасырдың бірінші шире­гін­дегі Қазақстан тарихын саралауда жаңа­ша серпін болғаны белгілі. Жарияланған ғы­лыми зерттеулер Ресейдегі Патша би­лі­гін келмеске кетірген қос револ­ю­ция­ның қазаққа бергені мен алғаны жайлы тың деректерге сүйенді. Әрине, Қазақстан үшін ғана емес, метрополияның өзі – Ресей үшін де қос төңкерістің барысы, ара­лығы, кейінгі зардаптары біршама түйі­ні шиеленіскен мәселе қалдырды. Ре­волюциялардан кейінгі әлеуметтік, ұлт­тық, ұлтаралық мәселелер қайта қа­рау­ды, тиянақты талдауды қажетсінеді. Ком­мунизмнің сыңар көзәйнегімен кеңес­тік насихат пен саясиландырылған пар­тиялық тарих ғылымы бұл мәселе­лер­дің барлығын өзінше тігісін жат­қы­зып, бояп, түрлендіріп қойғанымен, тү­сін­дірілмей қалған түйткілдердің сирағы сой­диып жататын. Мұндай сөз жетпей, дерек жетпей қалған мәселелерді жайын таптыру үшін советтік идеология пай­да­ланылды. Қазақстандағы қоғамдық са­на­ны отар­сыздандыру (деко­ло­ни­­зация) үде­рісі мен тарихи та­ным­ды жаң­ғыр­ту үшін аса пайдалы болып отыр­ған «Архив-2025» кешен­ді жоспарын жү­зеге асыру бойынша ҚР Орталық мем­лекеттік архивінің ғылыми іс­са­пары барысында Ресей Фе­дера­ция­сы­ның Москва қала­сын­дағы мұра­ғат­тардан әкелінген құнды құ­жаттар түр­лі түйткілді мәселе­лер­дің жай-жап­сарын зерттеуге мүм­кін­дік бе­ре­ді. 1917 жылдың 14-нен 15-інші қа­ра­­шаға қараған түнінде Орынборда ата­ман А.Дутов басқарған құрамына бо­льшевиктер мен анархистерден бас­қа барлық дерлік саяси партия өкіл­дері кірген Отан мен револ­ю­ция­ны қорғау комитетінің билігі орнады. Осы сәттен бастап, ұлттық-демокра­тия­лық бағыт ұстанған Алаш қозға­лы­­сының да қиындықтары үсте­ме­ленді. Қос төңкерістен кейін қалып­тас­қан саяси ахуалдың ерекшелігін та­рих­шы Д.Аманжолова: «Алашор­да­ның трагедиясы большевизмнің идея­сы мен тәжірибесін қабыл етпей, әлеу­меттік прогресс жолында кеңес­ке қарсы күштерге қосылғанымен, бұл лагерде де түсіністік пен қолдау тап­пай балға мен көріктің ортасында қал­ғанында болды. Ақ қозғалыстың Ре­сейдегі бұрыннан езілген ха­лық­тар­дың дербестікке ұмтылысын мүл­де қабыл етпейтін унитарлық дәс­түрі олардың Алашордамен қа­рым-қатынасының өн бойында сақ­талып тұрды. Басқа халықтарға деген се­німсіздік қазақ өлкесінде әрекет ет­кен барлық үкіметтердің саяса­ты­ның өзегі болды» – деп сипаттайды. width=Алаш өкілдерін қатыстыра оты­рып, Қазақ советтік автономиясы құрыл­тай жиналысын өткізу туралы ұлт­тар комиссариатының қаулы­сы­нан кейін большевиктер тарапынан Алашорданың батыс бөлімшесімен де байланыс орнатуға әрекет жасал­ды. Орал-Бөкей ревкомы ұлттар ал­қа­сының мүшесі Бақытжан Қара­таев­тың ұсынысымен 1919 жылдың 19 наурызында Жымпитыдағы Ала­шор­да кеңсесіне К.Тәттібаев жіберіл­ді. Алашорданың батыс бөлімшесінің советтермен қарым-қатынасы өңір­де­гі казактардың әрекетіне алаңдап, үне­мі өзгеріп тұрды. Алашорданың Қ.Тәттібаевпен қол қойылуы таяп қал­­ған келісімін ақ казактардың Мер­­генов елді мекенінен Қызыл ар­мия бөлімдерін ығыстырып шығаруы кейінге қалдырды. Осы жылдың кү­зінде кеңестік билік ағайынды Дос­мұхамедовтермен байланыс орна­тып, оларды өз жақтарына шығару үшін әрекеттерді жалғастырды. 1919 жылдың шілде айында құрылған Қырғыз әскери революциялық коми­теті төрағасы С.Пестковский 4-ар­мия­­­ның әскери-революциялық кеңесімен келісе отырып, осы армия­ның уәкілі В.Лежаве-Мюрат, әскери-революциялық комитет мүшелері Б.Қаратаев, Ғ.Әлібеков және басқалар кірген арнайы делегацияны Жымпи­тыға жібереді. Бұл сапарлар да Батыс Алашорда жетекшілерінің ұста­ны­мына әсер ете алмаған. Жағдайдың қиын­дай беруі алашордалықтардың өз тірек пунктін ауыстырып, Жым­пи­тыдан Қызылқоғаға орын ауыс­тыруына алып келді. 1919 жылдың 4 қарашасында Әскери-революциялық кеңес алашордашыларға рахымшы­лық жариялады. «Көптеген еңбеккер­лер­ді болашақ шығармашыл қызмет үшін сақтауға дайындықты, қырғыз (қазақ) халқына Кеңестік Консти­туция аясында автономия беру ние­тін бекіте отырып» Кеңестік Ресейге қарсы күреске тура немесе жанама түр­де қатысқан барлық қырғыздарға ке­шірім жарияланды. Қалыптасқан жағдайға қарамастан, Батыс Алашор­да өлкедегі басқа саяси күштермен де тең позиция ұстап отырды. 1919 жыл­дың желтоқсанында Түркістан май­данының қызылдардың басым түсуі­мен бірге Алашорданың батыс бөлім­шесі ұстанып келген күштер ара салмағына орай аунап түсу, күту так­тикасы да ақырына жетті.  width=  width= Азамат соғысы жағдайындағы Қа­­зақстан аумағындағы саяси ахуал­ға қатысты маңызды құжаттар әс­кери бөлімдер кеңселерінде сақтал­ған. «Архив-2025» бағдарламасы ая­сын­да Ресей мемлекеттік әскери ар­хивінің (РГВА) №842 Заволжье әс­кери округінің Орал бекініс ауда­ны­ның штабы (1920-1921) қорынан Ала­шордамен қарм-қатынасқа бай­ла­­нысы құнды түпнұсқа және кө­шір­ме құжаттар табылды. Құжаттардың ара­сында 1919 жылдың 25 қыркүйегі күні Саратов губерниялық партия ко­митетіне Орал-Бөкей Қырғыз әс­кери-революциялық комитетінің аты­нан жолданған әскери-рево­лю­ция­лық комитет төрағасы Б.Қаратаев пен хатшысы М.Усанов қол қойған түп­нұсқа хаты бар. Хат мазмұнында «Қы­зыл Армияның шығысқа қарай Ре­сейдің аз халықтары арасына қа­рай жылжуымен Совет өкіметінің міндеттерін кеңейіп отырғаны» атап көр­сетіліп, Орал өңірінде Кеңес өкі­метін орнату жұмыстарын жүргізу үшін адамдар жіберу туралы өтініш ай­­тылады. Б.Қаратаев Саратов губ­ко­мы­­нан әсери-революциялық коми­тет­­тер құру жұмыстарын ұйымдас­тыруға Дмитрий Фисенко бастаған 2-3 адамның жіберілуін аттай қалап сұраған. Аталған ресми қатынас хат­тан бөлек Д.Фисенкоға оны жақ­сы та­нитын Орал-Бөкей әскери-рево­лю­ция­­лық комитеті хатшысы М.Уса­нов­тың жеке хаты да жолданған екен. Хат­тардың ортақ сипаты «езілген» «бос­­тандық аңсаған» қырғыз халқын ояту міндетіне керекті адамдардың жоқтығы сипатталған. Осы орайда, Мұстафа Шоқайдың Түркістандағы ре­волюция мен кеңес өкіметі орыс әскерінің найзасымен орнатылғаны туралы түйінінің дәлдігі ойға келеді. Кеңестерге қосылу мәселесін тал­қылау мақсатында Ала­шор­да жетекшісі Жаһанша Дос­мұ­хамедов 1920 жылдың 15 қаң­тарын­да Ойылда өтетін келіссөздерге өз жақ­тастарын шақырады. Хат түп­нұс­қасы қазақ тілінде жазылған. Орал бекініс ауданы штабына бұл хаттың орыс тіліне аударылған көшірме нұс­қасы мен келіссөздер барысында Алаш­ордаға жіберілген кеңестік өкіл Ғ.Әлібековтің түсініктемесі бірге жол­данған. Ж.Досмұхамедовтың ха­тын­да: «Казачествоның қырғыз (қа­зақ) халқына қорлығы үдей түскен се­бепті Алашорда қырғыз (қазақ) хал­қының большевиктерге қо­сылуын тиімді деп санайды. (Қазақ­тар) өткен 1919 жылдың 27 жел­тоқ­са­нында Қызылқоғада казачествоға қарсы көтеріліске шығып, казактар­ды жеңіп, Елек корпусының бастығы генерал Акутинді және онымен қоса 800 қарулы жасақты тұтқындады. Бұған қоса, пулеметтер мен қарулар алын­ды. 28 желтоқсанда қазақтар ка­зактармен тағы да ұрысқа түсіп, жеңіп, көптеген тұтқынды қолға тү­сірді. Бұдан кейін Ойыл боль­шевик­терімен келіссөздер жүргізіліп, ке­лісім жасалды. Енді барлық нақты және маңызды мәселелер шешілуі үшін 15 қаңтарда Ойылға келулеріңіз ке­рек және басқа да жетекші-зиялы­лар­ға осыны хабарлаңыздар» делін­ген. Ойылда өтетін жиынға шақы­рыл­ғандардың тізімі де белгіленген. Ойылдағы жиынға уездік управа, уездік сот толық құрамда шақырыл­ды. Бұдан бөлек, 21 адам тізімделген. Советтердің өкілі Ғалиакбар Әлібеков өл­келік ревкомға қосымша мәлі­ме­тінде Ойылдағы жиынға шақырыл­ған­дардың барлығы байлар деп көр­сеткен. 2020 жылдың 5 қаңтарын­да Алашорда бөлімшесінің төрағасы Жаһанша Досмұхамедовтің 4 армия әскери-революциялық кеңесінің мү­шесі В.Лежава-Мюратқа жолдаған ар­найы хатында келіссөздерге Кеңес­­тер тарапынан Лежаваның өзі­нің қатысуын сұраған. Ж.Досмұ­ха­ме­дов Лежава-Мюратты «біздің сая­са­ты­мызбен таныс, мәнісін білетін қай­раткер» ретінде бағалайтынын жет­кізген. 1920 жылдың 5 қаңтарында Қы­зыл­қоғадан Орынбордағы Қырғыз өл­келік ревкомына жолданған Жаһан­ша Досмұхамедовтің хатында Алашорданың Кеңестер жағына өтуі бойынша негізгі мәселелер қамтыл­ған. Ресей мемлекеттік әскери архи­він­де бұл құжаттың көшірмесі сақ­тал­ған. Айта кету керек, тарихшы­лар­ға бұл құжат бұрыннан таныс. Осы хаттың ҚР ОМА-де сақталған нұс­қасы «Алашорданың Батыс бөлі­мі­нің тарихы» (Орал қаласы, 2012 жыл) атты құжаттар мен материал­дар жинағына кірген. Ресей мемле­кет­тік әскери архивінен табылған кө­шірме нұсқада хаттың соңында «Қазақ ревкомына арналған бұл ха­бар­ламаның көшірмесі Қызыл Ар­мияның Жымпиты тобының бас­шы­ларына мәлімет үшін және таныс­қан­нан кейін Түркістан майданының 4-армиясының Әскери-револю­ция­лық кеңесі мүшесі Лежава-Мюратқа осы хатпен бірге берілген басқа па­кет­пен бірге беруді өтініш етеміз» деп көрсетілген. Осыған қарағанда 5 қаң­­­тардағы хаттың бұл нұсқасы дербес түрде Қызыл Армия әскерилеріне жол­данған. 5 қаңтардағы Ж.Дос­мұ­хамедовтің хатында Қазақ­стан­ның батысындағы ақ казактарға қарсы тұру мақсатындағы Алашорда бөлім­дерінің әрекеті тарқатып жазылған. Ж.Досмұхамедов Қызылқоға үшін ұрыста Қызыл Армия бөлімдерімен ті­зе қоса күресе отырып, Алашорда іс жүзінде Кеңестік Ресейге қосылды деп санауға болатынын көрсеткен. Ба­тыс бөлімше жетекшісі сондай-ақ Алашорданың Қырғыз ревкомымен бірігуі заңды, өйткені «бір өлкеде екі қожайын болуы мүмкін еместігін» де айтып өткен. Ж.Досмұхамедовтің Кеңестерден негізгі талабы Алашорда өкіл­дерін жергілікті билік орын­дары­на кіріктіруге байланысты және басқа да мәселелерді келіссөздермен шешуді ұсынады. Ж.Досмұхамедов осы хатында барлық Алаш мекеме­лері, мүліктер, әскери бөлімдермен Қызылқоғадан Ойылға жету туралы Қызыл Армия өкілі Наумовтың тала­бын орындаудың «мүмкін еместігін» көрсетеді. Қызыл Армияның Оңтүстік топ майданының қолбасшы­сы М.Фрунзенің Ленинге жолдаған мәліметтерінде көрсетілгендей, бо­ль­шевиктер Алашорданың әскери қуа­­тынан гөрі, саяси салмағынан кө­бірек қауіптенді. Архив құжаттары бо­льшевиктердің бұдан арғы әрекеті қалайда Алашорда өкілдерінің саяси ықпалын кеміту бағытында жүргізіл­генін көрсетеді. Архив құжаттары Алашорданың ба­тыс бөлімшесіне тиесілі мүлік­тер­дің Қырғыз әскери комиссариаты мен Қырғыз ревкомына берілу про­це­сін де сипаттайды. С.Пестковский­дің атына Заволжье әскери округі іс бас­қарушысы Андерс, әскери комис­сар Куземский және басқарма басты­ғы Брандттар жолдаған жеделхатта 1920 жылдың 13 мамырында әскери округ командирі Алашорда мүлкін жоғарыда аталған билік тармақ­тары­на беру туралы бұйырғанын хабар­ла­ған. Ал 1920 жылдың 20 маусымын­да Орынбордағы Қырғыз өлкелік әскери комиссариатына «Төртінші ар­мия басып алған Алашорданың мүл­кін қабылдап алатын адамды Орал­ға жіберу» туралы жеделхат жол­данды. Осылайша, Патша отаршыл­дығы күйреп, азаттық үміті көңілді қытықтаған алмағайып ара­лық кезеңдегі бостандық үшін саз кеш­кен арыстардың жансебіл күре­сінің тұтас бір кезеңі аяқталып, ал­да отаршыл сипаты бұрынғы өкі­меттен асып түскен большевиктік то­та­ли­таризмнің сұрапыл жылдары бас­талған еді. Мақалаға арқау болған бір­не­ше құжат тұтас тарих ке­зеңі­нің бір сәтінен хабар беретін жә­ді­герлер екені анық. «Архив-2025» ке­шенді жоспарын жүзеге асыру мақ­сатында ҚР Орталық мемлекеттік ар­хивінің ғылыми іссапары бары­сын­да Ресей әскери мемлекеттік ар­хиві мен Ресей Федерациясының ме­м­лекеттік архивінен әкелінген бас­қа да құжаттар ел тарихының әр­­қилы алмағайып кезеңінен сыр шер­теді. Мемлекеттік бағдарлама жос­парына сай, әкелінген құжаттар Қа­зақстан Республикасының Ұлттық ар­хив қорына сақтауға өткізіліп, зерт­теушілер мен өткен тарихқа зейін­ді оқырмандарға ұсынылмақ.

Е.СТАМШАЛОВ, гуманитарлық ғылымдар магистрі, Б.ОРЫНБАСАР, ҚР Орталық мемлекеттік архиві қор қойма меңгерушісі