Жаңалықтар

Бағаны бақылау нарық заңына қайшы

ашық дереккөзі

Бағаны бақылау нарық заңына қайшы

Бұдан былай Үкімет азық-түлік бағасын бақылаудан бас тартпақ. Нақтырақ айтқанда, жаңа жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке шекті баға қойылмайды. Оның орнына «әлеуметтік әмиян» атты балама тетік ұсынылып отыр. Сауда және интеграция министрлігі осы мәселеге қатысты ережелердің жобасын даярлаған. Бұл нені білдіреді? Онсыз да баға ша­рық­тап тұрғанда, «қазаннан қақпақ кетсе», ішкі нарықта дүрбелең тумай ма? Ұсы­­ныс қабылданар болса, салдары эко­но­микаға қалай әсер етуі мүмкін? Экономист мамандар неге бағаны реттемеуді қолдайды? Бағаны бақылау ақшалай көмекке алмастырылмақ Соңғы 3 жылда азық-түлік бағасы күрт шарықтап, инфляция өсіміне тос­қауыл қоя алмай отырмыз. Мәселен, биыл­ғы қазанның қорытындысы бойын­ша еліміздегі инфляция деңгейі 18,8% болды. Бұл – ЕАЭО елдері арасындағы ең жо­ғары көрсеткіш. Осы 3 жыл ішінде азық-түлік бағасын бақылауға алу, шекті баға қою мәселелері жиі көтеріліп отырды. Пре­зидент бірқатар тапсырма берді, ат­қарушы органдар да сәйкесінше түрлі те­тік­тер, жобалар, жоспарлар тағысын тағы бастамалар әзірледі. Үкімет әсіресе был­тыр­ғы қуаңшылық пен қымбатшылық қа­тар қыспаққа алған тұста бағаны бақы­лауға барын салғандай көрінді. Енді билік баға саясатына керісінше өзгеріс енгізуді көз­деп отыр. Бұл мәселеге алда нақтырақ тоқ­талатын боламыз. Сонымен, дәл қазіргі қолданыстағы заңнамада әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік өнімінің бағасына қо­сы­ла­тын үстемеақы 15 пайыздан аспауға тиіс де­ген талап бар. Талапты орындама­ған­дар­ға 100 айлық есептік көрсеткіш мөл­шерін­де айыппұл салынады. Сауда және ин­теграция министрлігі мәлімдеген «ба­қылаудан бас тарту» ұсынысы осы тәртіп­тің өзгеретінін меңзеп отыр. Дегенмен ведомство 15 пайыздан аспайтын шекті үстемеақының орнына «әлеуметтік әмиян» те­тігін ұсынған. Бұл әлеуметтік көмектің басқаша форматы болмақ. – Жаңа жылдан бастап саясат өзгереді. Біз барлығын бірдей қолдамайтын шығар­мыз. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын белгілеу туралы айтсақ, атаулы кө­мекті меңзейміз. Ең алдымен, бұл өмір­де қиын жағдайға тап болғандарға қарас­ты­рылуы керек. Біздің деректеріміз бойын­ша, 19,5 миллион ел азаматының тек 1 миллионға жуығы – атаулы әлеумет­тік көмек алушы. Қолдау шаралары нақты осы топқа бағытталуы керек. Ал біз бар­лы­ғына қолдау көрсете отырып, тауар өн­дірушілерімізді қиын жағдайда қалдыр­дық, – деді Сауда және интеграция ми­нист­рі Серік Жұманғарин. Яғни, көмек пен қолдау атаулы әлеу­меттік көмек алатын, әлеу­меттік тұрғыдан көмекке мұқтаж азаматтарға көр­сетіледі. Ол ақшалай берілмек. Ми­нистр бағаны бақылаудың орнына мұқ­таж­дарға арнайы азық-түлік жәрдем­а­қы­сын тағайындауды ұсынып отыр. Бұл ақша атаулы әлеуметтік көмек алатын аза­мат­тардың шотына тікелей түседі. Алайда кө­мектің нақты сомасы қанша болатыны, оған қарастырылатын бюджет шығынына қатысты ақпаратты министр­лік жарияла­ған жоқ. Дегенмен биыл қазынадан атаулы әлеу­меттік көмек үшін 83 мил­лиард теңге төленген. Қазақстандағы АӘК жан басына шаққандағы орташа табысы ке­дейлік шегінен төмен адамдарға немесе от­б­асыларға тағайындалады. Оны анық­тау үшін күнкөріс деңгейі және кедейлік шегі сияқты экономикалық көрсеткіштер ес­керіледі. Мысалы, отбасының әрбір мү­шесіне шаққандағы орташа табыс өңірдегі ең төменгі күн­көріс деңгейінің 70 пайы­зынан төмен болуы тиіс. 2022 жылғы 1 та­мыздағы жағ­дай бойынша атаулы әлеу­меттік көмек елі­мізде 121,1 мың отбасы­нан 622,6 мың адамға тағайындалған. Ведомствоның есебі бойынша, бір адамға өзін азық-түлікпен қам­тама­сыз ету үшін орта есеппен 43 мың теңге қажет. Орташа бір отбасыға азық-түлік сатып алу үшін шамамен 160 мың теңге керек. Сондықтан бұл бастаманың нә­ти­жесі қандай болатынына қатысты бірдеңе деу қиын. Ол, әрине, бастаманың орын­далу сапасына тікелей қатысты бол­мақ. Одан бөлек, қымбатшылық атаулы әлеу­меттік көмек алатын ғана емес, ми­нистр­дің «бәріне бірдей» деген жалпылама сөзінің ішінде кеткен халықты да қысып тұрғаны тағы бар. Ал министрдің сөзіне сүйенсек, бұл жерде, ең алдымен тауар өндірушілердің мүд­десіне басымдық беріліп отыр. Десек те, экономист мамандар бұл бастаманы қос қолдап қолдайды. Олардың пікіріне сүйенсек, керісінше осы «бағаны бақылау» қым­батшылықтың өршуінің бір себебі бо­лып отыр. Одан бөлек, «баға одан сайын аспандап кетпей ме?» деген сұрағы­мызға жауап алдық. Арман БАЙҒАНОВ, экономист: Реттеудің қосымша тетіктерін ұмытпаған жөн – Бағаға бақылау қоймау туралы бас­таманы толығымен қол­даймын. Біз нарықтық экономикадағы елміз. Ал ба­ғаны рет­теу бізде Кеңес үкіметі тұ­сын­да, жоспарлы экономика аясында бол­ған еді. Тек бағаға қатысты ғана емес, қолдауға мұқтаж салаларға суб­си­дия бөлу сияқты реттеудің қосымша те­тіктері бар екенін ұмытпаған жөн. Ал бағаны реттеу көлең­келі нарықтың пай­да болуына ықпал етеді. Яғни, тауар тапшылығы туын­дайды. Сон­дық­тан бұл – оң шешім. Тек баға қатты шарықтап тұрған өн­діріс салаларын дамыту керек. Мә­се­лен, ауыл шаруа­шылығы саласы. Негі­зі­нен, барлығы бір-бірімен тығыз бай­ланысты: егер бидай баға­сы өсетін бол­са, сәйкесінше ет те қымбаттайды, жұ­мыртқаның да бағасы еселе­неді. Оған қоса, бізде халық саны аз, өндіру­шілер көп болған сайын, баға да түседі. Экспортқа да шығаруға болады. Жалпы, біздің агроөнеркәсіптік кешен сала­ларындағы тауар өндірісінің тиімділігі өте төмен. Осы саладағы еңбек өнімді­лігін жақсарту керек. Мысалы, Беларусь­тегі сүт өндірісі көрсеткіші бір сиырға 4,5 тонна болатын болса, біздің елде – ша­мамен 2,5 тонна. Екі есе айырма­шы­лық бар. Тағы бір айта кететін нәр­се – шағын кәсіпкерлік тиімді бола бермейді, орта және ірі кәсіпорындарды да­мыт­қан жөн. Аграрлық саладағы табыстың негізгі бөлігін ірі кәсіпорындар әкеледі. Осы бағытта жұмыс жүргізілуі керек. Басқа шаралардың тиімділігі де байқалмай тұр Сарапшылардың пікіріне тұздық ре­тінде қосып өтетін жайт – Аста­на­да бюджеттен несие берілетін супер­мар­кеттерде азық-түлік бағасы басқаларына қара­ғанда жоғары болған. Елорданың ірі сауда компаниялары әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын ұстап тұру үшін қа­лалық бюджеттен несие алады. Бұл – ба­ғаны тұрақтандыру үшін қарастырылып отыр­ған кезекті тәсіл. Қыркүйекте Астананың қоғамдық кеңе­сінің мүшесі Бауыржан Смайылов «Маг­нум», «Аян», «Анвар» және «Ақмол» сау­да желілерінде әлеуметтік маңызы бар өнім­дерге баға мониторингінің нәти­же­лерін жариялаған. Қоғамдық кеңестің жұ­мыс тобы осы сауда желілеріне екі рет мо­ниторинг жүргізіпті. Бауыржан Смайылов жұмыс тобы сауда нүктелерінде бірқатар олқы­лық­тар анықтағанын хабарлады. Мәселен, «Маг­нумда» «N1 Май зауыты» күнбағыс майы­ның литрін шартта белгіленген 790 тең­генің орнына литріне 999 теңгеден сат­қан. «Курочка Ряба» өнімі 1300 теңгенің ор­нына 1500 теңгеге сатылған. «Анварда» осы компания өнімінің жұмыртқалары (30 дана) 1188 теңгенің орнына 1254 теңгеден саудаланған. Сонымен қатар жұмыс тобы «Маг­нум» және бюджеттен несиелеу бағ­дарламасына қатыспайтын Small сауда ком­паниясындағы бағаларды салыс­ты­рып, Small сауда желісіндегі бағалардың төменірек екенін анықтаған. Яғни, шекті баға қою ғана емес, ірі сауда желілерін бұлайша қолдау ар­қылы бағаны тұрақтандыру тетігінің де тиімділігі күмәнді болып тұр. Осылайша, Үкіметтің бағаны тұрақтандыру бойынша әзірлеген тетіктерінің әзірге нәтижесін бай­қай алмай отырмыз. Ал шекті баға қою­дан бірнеше Үкімет басшысы, талай ми­нистр қандай да бір нәтиже ала алма­ған. Себебі бағаларды жаппай бақылауда ұстау мүмкін емес. Дегенмен қай кезде бол­масын бағаның одан әрі қымбат­тамай­тынына толассыз уәде беріліп келген. Андрей ЧЕБОТАРЕВ, тәуелсіз қаржы сарапшысы: Бағаны қолдан реттеу тек кері нәтиже береді – Бағаны қолдан реттеу ешқашан, ешкімнің қолынан келмеген. Біз де бұ­дан жақсы нәтиже ала алмаймыз. Біздің есімізде жақсы сақталған, ең анық мы­сал­ды алға тартайын, Кеңес үкіметі ке­зін­де дүкен сөрелерінде көбінесе аса та­нымал емес консервілер ғана тұратын. Неге? Екінші мысал ретінде келтіретін жағдай жақында, пандемия ке­зінде болды. Денсаулық сақтау министр­лігі «кардиомагнил» препаратына шекті баға белгіледі. Бұл баға сатып алу баға­сы­нан да арзан болды. Яғни, дәріха­на­ларға бұл препаратты сатып алып, қайта сату тиімсіз болды, сөйтіп олар пре­парат­ты мүлде сатылымға шығарған жоқ. Соның нәтижесінде «кардиомагнил» тап­шылығы туындады. Әкімшілік жол­мен тыйым салу немесе реттеу осындай қай­шылықтарға апарып соқтырады. Дефицит, көлеңкелі нарық пайда болады, яғни бұл – спекулятив­тілік туын­дататын негізгі алғышарт. Сон­дықтан бағаны қолдан реттеу әлем­дегі ешқай елде, ешқашан нәтиже берген емес, бермейді де. Егер біз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына бақылау қою­дан бас­ тартар болсақ, баға қатты ша­рық­тап, абыр-сабырға ұласады деп ойла­маймын. Бірақ баға сәл қымбаттауы мүм­кін еке­нін де жоққа шығара алмай­мын. Бұл жерде бағаны қолдан реттеуден тиімдірек тетіктерді қарастырған жөн болады. Біріншіден, айналым схемасы, бұл – өндірушілерге аса көп емес қара­жат беру арқылы бағаны өсірмеуге к­е­лісу. Екіншісі – тұрақтандыру қорлары. Қорға Үкімет белгілі бір тауарларды ал­дын ала сатып алып қойып, баға ажио­тажы бола қалған жағдайда, нарық­қа шығарады. Баға – индикатор Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз жос­парлы экономикадан нарық­тық экономикаға көшті. Дегенмен бәрібір де жос­парлы экономиканың элементтері әлі күн­ге дейін сақталып отыр. Соның бірі – осы бағаны қолдан реттеу. Нарықтағы тауардың бағасы ар­қы­лы, негізінен, өндіруші, сатушы, са­тып алушы және билік нақты ақпарат ала алады. Сондықтан баға нарықтық эко­но­микада маңызды рөл атқарады. Біріншіден, нарықтық эконо­ми­ка­дағы баға – тепе-теңдіктің нәтиже­сі, сатушының сатуға деген ұмтылысы мен сатып алуға деген ұмтылысы арасындағы ымыра. Екіншіден, баға тұтынушыларға өнім­нің сапасы, оның қасиеттері, оның қан­шалықты сұранысқа ие екенінен хабар бере­ді. Әрине, бұл талап толық орындалуы мүм­кін емес, бірақ әдетте, өнім неғұрлым жақ­сы болса, соғұрлым қымбат болады. Бұл арқылы өндірушілер тауардың сұра­ныс­қа ие екенін және оны өндіруге тұрар­лық екенін біледі. Сонымен қатар егер на­рық қатты монополияланған болса, он­да бағалар тауардың сапасын емес, ком­па­ниялардың нарықтағы билік деңгейінің көр­­сеткіші болады. Нарықта сатушы ком­паниялар неғұрлым аз болса, баға соғұр­лым қымбаттайды. Бұл тепе-теңдіктің бұзылуына әкеп соғады. Мұндай жағдайда мемлекет бағаны реттеуге тырысады. Соның ішін­де, әкімшілік жолмен, яғни қолдан реттеу на­рықтағы компаниялардың азаюына ық­пал етеді, бірақ сұранысты одан әрі кө­бейтеді. Нәтижесінде, нарықта тауар тап­шылығы пайда болады. Осы жерде Венесуэлада болған жағдайды мысалға келтіруге бо­лады. 2014 жылы мұнда елдің ең басты экспорттық өнімі – мұнай бағасы арзан­дап, валюта тапшылығы туындаған. Осы­лай­ша, ел билігі ақша массасын ұлғайтуды жөн деп тауып, жаппай валюта басып шы­ғара бастаған. Бұл гиперинфляцияға жол ашты. Ал қымбатшылықты жою үшін бағаны қолдан реттеу тетігі қолданылған. Оның нәтижесінде дүкен сөрелерінде тауар азайып, ел билігі азық-түлік кар­та­сын енгізуге мәжбүр болған. Яғни, бар­лығы тек кері нәтиже берген. Тапшылық туындаған жағдайда тауарды қалай да алғысы келе­тін­дер саны көбейеді. Тауар сатушыларға бұл тиімді: бағаны одан да асырып белгілейді. Ал Үкіметтің нарықтағы бағаларды бақы­лау мүмкіндігі шектеулі, бәрін жаппай тек­сере алмайды. Осылайша, көлеңкелі на­рық пайда болады. Естеріңізде болса, биы­лғы қант тапшылығы кезінде біздің ел­дегі ішкі нарықта тура осы сипаттағы ажиотаж байқалған болатын. Мұны екін­ші мысал ретінде айтуға болады.