Елордада 23,5 мың автокөлік тексерілді

Елордада 23,5 мың автокөлік тексерілді

Елордада 23,5 мың автокөлік тексерілді
ашық дереккөзі
Ауаға тарайтын газдың уыттылығына байланысты елордада 23,5 мыңнан астам автокөлік тексерілді деп хабарлады turkystan.kz.
«Автокөлік қоршаған ортаны ластаудың негізгі көзіне жатады. Барлық көлік ауаға улы заттар шығарады. Автокөліктің пайдаланылған газдарының құрамы қозғалтқыш түріне, дизельге немесе бензинге байланысты өзгереді, бірақ негізгі жиынтық өзгеріссіз қалады. Осы жылдың шілде айынан бастап Астана қаласында Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бастамасымен елорданың атмосфералық ауасының жылжымалы шығарындылар көздерінен ластануын азайтуға бағытталған жоба өз жұмысын бастады», - деп жазылған қалалық әкімдіктің хабарламасында.
Қоршаған ортаға көміртегі (СО), азот (NО) оксидтері, күкірт газы (ЅО2), альдегидтер, күйе (С), қорғасын (Pb) және басқалары бөлінеді. Қазіргі уақытта пайдаланылған газдар қаладағы ауаның ластануының негізгі себебі және адам денсаулығына үнемі әсер етуші болып саналады. Жоба автокөліктердің пайдаланылған газындағы ластаушы заттардың құрамын өлшеуді орындайтын жылжымалы экологиялық бекеттердің қала магистральдарын патрульдеу арқылы жүзеге асырылды. Жылжымалы экологиялық бекеттер жұмысының нәтижесі бойынша бүгінгі күні автокөліктен шығатын газдардың уыттылығы 23,5 мыңнан астам машинада тексерілді, оның ішінде 3,9 мыңнан астам автокөлікте уыттылықтың жоғары көрсеткіші анықталды, бұл барлық тексерілген машиналардың 17%-ын құрайды. Өлшеу кезінде жылжымалы бекет қызметкерлері нормаланатын ластаушы заттардың концентрациясын сандық анықтаудың тексерілген жабдығын пайдаланды. Олар – көп компонентті газ талдағыштар мен түтіндік өлшегіштер.  Бензин мен газдағы автокөліктер үшін нормаланған компоненттер – СО (көміртегі тотығы), дизельдер үшін – түтін (жарық ағынының сіңіру коэффициенті) болып саналады. Бұл компоненттердің құрамы қолданыстағы стандарттарда белгіленген мәндерден аспауы керек: - Кеден одағының КО ТР 018/2011 «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті; - ҚР СТ 1433-2017 «Жол көлігі. Атмосфералық ауаға автокөлік құралдарының пайдаланылған газдары бар ластаушы заттардың шығарындылары. Анықтау нормалары мен әдістері». Сондай-ақ жобаны іске асыру шеңберінде және қала тұрғындарын хабардар ету мақсатында акциялар өткізілді, онда қаланың әрбір автокөлік иесі өз автокөлігін пайдаланылған газдың уыттылығына тексеруге мүмкіндік алды. Уыттылық нормаларының асып кетуі анықталған жағдайда, бұл әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады, ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – 10, заңды тұлғаларға – 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, ал әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде әрекет қайталанып жасалған жағдайда, жеке тұлғаларға – 20, заңды тұлғаларға – 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.