Арыстарымызды бұлай «дәріптеуге» жол берілмеуі тиіс – Ағабек Қонарбайұлы

Арыстарымызды бұлай «дәріптеуге» жол берілмеуі тиіс – Ағабек Қонарбайұлы

Арыстарымызды бұлай «дәріптеуге» жол берілмеуі тиіс – Ағабек Қонарбайұлы
ашық дереккөзі
Qulan.kz онлайн киім дүкені Алаш арыстарының суреттері бар жейделерді сатып жатыр. Алайда, қайраткерлеріміздің көзін ойып, алып тастаған бейнелерге қатысты қоғамда наразылық туындауда деп хабарлады turkystan.kz.  Бұл жайтқа қатысты Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы пікір білдірді.
«Әлеуметтік желілерде Алаш арыстарының бейнесі салынған киімдерге қатысты жазбалар жарияланды. Киімдерге салынған суреттерде Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Мағжан, Жүсіпбек секілді тұлғаларымыздың көзін жасырған. Осыған байланысты қоғамда наразылық туындауда. Мұндай киімдер жеке кәсіпкерлердің сату мақсатында жасап жатқан дүниелері болуы мүмкін. Алайда ұлт қайраткерлерін бұлай мансұқтауға болмайды. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы Алаш арыстарының көзі жасырылған киімдерді шығарып, сатудың дұрыс емес екенін мәлімдейді. Шариғатта тірі жанның көзін салмай, бейнесін ғана салуға болады деген пәтуа жоқ. Мүфтият бұған қатысты пәтуа шығарған емес. Арыстарымызды бұлай «дәріптеуге» жол берілмеуі тиіс. Ел үшін жанын пида еткен Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Мағжан, Жүсіпбек секілді қайраткерлеріміздің асыл бейнелерін қорлауға болмайды. Мұндай әрекеттер – ұлт қаймақтарына деген құрметсіздік», - деді  Ағабек Қонарбайұлы.
Ол, сондай-ақ, ислам дінінде адамдардың, жануарлардың, басқа да тіршілік иелерінің суреті салынған киімдерді шығаруға тыйым салынбағанын айтты.
«Асыл дініміз мұндай киімдерді шығаруға қарсылық білдірмейді. Алайда тірі жанның суреті салынған киіммен намаз оқымаған абзал. Мұндай киіммен намаз оқу – мәкруһ. Ал осы мәселеге қатысты сұхбат берген ҚМДБ Төраға орынбасары, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай қажы Құрбанұлының сөзін кесіп, тек бір жақты бағытта пікір таратып, қоғамда екіұдай көзқарас тудыру дұрыс емес», - деді Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының баспасөз хатшысы.