Жаңалықтар

«Гүл саудасы тиімсіз болып барады» - флорист

ашық дереккөзі

«Гүл саудасы тиімсіз болып барады» - флорист

Гүл сатуды бизнес көзіне қалай айналдыруға болады? Өткен аптада осы сауалға жауап іздеп, елордадағы гүл сататын дүңгіршектерді аралап шықтық. Дүңгіршектердің көбінде дерлік тек қана сатушылар отырады. Ал кейбір сауда орындарынан қызметкерлерімен бірге жүрген басшыларды кезіктірдік. Бірақ олардың арасында құрақ ұша бізді қарсы алған ешкім болмады. Кейбір сатушылар бас көтерместен селқос жауап қатады. Немесе «ертең келге» көшеді. Мұны өкпелеген соң емес, қызмет көрсету сапасы көңіл көншітпеген соң айтып отырмыз. Десе де «бес саусақ бірдей емес». Әйтпегенде Қосшығұлұлы, 16 мекенжайында орналасқан «Гүлдер» дүңгіршегінің иесі бізге уақыт арнамас еді. - Гүл дүкенін ашқанша, азық-түлік дүкенін ашыңыз, - деді аты-жөнін айтудан бас тартып, сұхбат беруден қашқақтаған егде жастағы әйел телефонын шұқылған күйі. – Қазір гүл бағасы да, оны жеткізу де қымбаттап кеткен. Жыл сайын баға шарықтап жатыр. Ал соған қарамастан осы шаруаны қолға аламын десеңіз, мынаны ескеріңіз: сіздің дүңгіршегіңіз адам жиі жүретін, тұрғын үйлері мен мекемелері көп орналасқан жерлерде болғаны жөн. Бір ғана мысал айтайын. Мен мына жерде 10 жылдан бері гүл сатамын. Әбден қалыптасып, орнығып үлгергенбіз. Ал менің сол жағымда бертінде жаңа дүңгіршек пайда болды. Иесі барынша әдемі етіп жасады. Кейін кәсіпкерлерге сауда жақсы жүреді, келушілер көп деген секілді жарнама жасады. Бір кісілер келді. Жаңағы жерді 3 айдай бастапқы жеңілдетілген ақшамен жалға алды. Бірақ саудасы жүрмеді. Тіпті дүңгіршектің атауын да үлкен етіп жаздырып еді. Ақыр аяғы шаруасы шатқаяқтады, білемін. Кетіп қалды. Ал үлкен әріптермен «ГҮЛДЕР» деп жазылған жақтауды маған сатты. Сондықтан бизнес жүргізетін орныңызды алдымен зерттеп алыңыз. Оның айтуынша, кейінгі кезде гүлдің шығыны көбейіп кеткен. Шамамен 9-10 шаршы метр жерді алып отырған сатушының тауарына көз салдық. Бөлме тар болған соң ба, зат тым көп секілді көрінді. Әсіресе бөлме гүлдері көп екен. Ол бізге сатуға болатын гүлдерді қайдан алуға болатынын айтып берді. - Менің дүкенімдегі гүлдер Нидерланды елінен келеді. Степнагорск қаласынан роза гүлдерін сатып аламыз. Екіншісінің сапасы сын көтермейді. Ал бөлме гүлдерінің тұқымын сатып алып, үйде өсіремін, - деді ол. Аз-кем әңгімеден соң басқа кейіпкер іздемек оймен әңгімені түйіндей бастадым. «Гүл сатуды доғарсаңыз, қандай бизнес түрін таңдар едіңіз?» деген сұрақ оған қойылған соңғы сауал еді. - Ломбард ашар едім. Алтын - табыстың көзі. Бір жерден – бір жерге көшсең де қиналмайсың. Бұйымдарыңды бір чемоданға салып ал да қалаған жағыңа тарт. Ал мынау гүлдермен қашанғы қайда көшіп-қонып жүресің?” - деп өзіме сұраулы жүзбен қарады. Осы бір сәтте ғана осынша пайдасыз болса, неге әлі гүл сатып жүргенін білгім келді... - Көшетін шығармын. Үйімді саудаға шығармақ ойым бар. Сондықтан әл-әзір бұл кәсіптен қол үзе алмасым анық, - деді ағынан жарылған апамыз. Бұл жерден шыққан соң  2gis бағдарламасының көмегімен жақын маңдағы өзге сауда нүктелерін іздей бастадық. Сарыарқа ауданында гүлдің иісі аңқыған үйшіктер көп. Біріне барып, бас сұқтық. Меселімізді қайтарды. Қала кезіп жүріп, Кенесары көшесінің бойына қалай шығып кеткенімізді аңғармаппыз. Мұндағы тұрғын үйлердің бірінші қабатынан ашылған гүл дүкендері көздің жауын алады екен. Біріне кіргенімізден шыққанымыз тез болды. Ал қарсы беттегі Күмісбеков, 2 мекенжайындағы Bella Rosa flowers дүкені жайлы әңгіме бөлек. Интерьерінен минимализм сезілетін дүкенге енгенімізде, бізді Виктория есімді сатушы қарсы алды. Ол өзін флорист ретінде таныстырды. 21 жасынан осы салада еңбек етіп жүр. - Сатушылар гүлді Алматыдан немесе жақын жердегі Степнагорсктен алса болады. Бұрындары жаппай сатылым арқылы Қазақстандағы делдалдардан сатып алушы едік. Қазір біздің басшымыз гүлдерді тікелей Нидерланды елінен алдырады. Тікелей тауар алдыру – арзанырақ. Әрі Қарағанды облысынан келетін гүлден әлдеқайда әдемі әрі ұзаққа шыдайды, - деді ол. Сатушының сөзінен мұнда 3-4 адамның жұмыс істейтінін аңғардық. Бірақ ол қанша жалақы алатындарын айтпады. Сондай-ақ ай сайын немесе жылына орташа есеппен қанша табыс табатындарын да айтпады. Дегенмен шығын болатынын, бірақ тиімді жұмыс тәсілінің нәтижесінде көп зардап шекпейтіндерін жеткізді. Оның айтуынша, жас кәсіпкер бұрынғыдай 1 млн теңгемен гүл саудасын бастап кете алмайды. Бұған кейінгі жылдардағы өзгерістер себеп болып отырғанға ұқсайды. Әлемдегі геосаяси ахуал қазақстандық кәсіпкерлерге де әсер етпей қоймайды. Дегенмен Сауда және интеграция ми­нистрлігінің дерегіне сүйенсек, 2021 жылы Қа­зақстанда гүл саудасының айналымы 44 миллион АҚШ доллары төңірегінде болған. Екінің бірі айналысып кете алмайды десек те, гүл бизнесі табысы мол кәсіптің түріне жатады. Бірақ үлкен дайындықпен келмесеңіз, сазға отырып қалуыңыз да мүмкін.