«Мұнда білім жоқ»: астаналық студент оқу орнындағы былықтарды ашты

«Мұнда білім жоқ»: астаналық студент оқу орнындағы былықтарды ашты

«Мұнда білім жоқ»: астаналық студент оқу орнындағы былықтарды ашты
ашық дереккөзі
Астанадағы медицина университетінің студенті Facebook-тегі танымал парақшалардың біріне университет туралы шағымын жариялады. Білім алушы оқу ордасындағы көптеген келеңсіз жайтты жария еткен, деп хабарлады turkystan.kz newtimes.kz-ке сілтеме жасап. 
«Бұл университетте білім жоқ. Оқытушылар сабаққа келмейді немесе кешігіп келеді, өйткені олар қосымша басқа колледждерде, тағы басқа жерлерде жұмыс істейді. Анатомия пәні дәрісінің ZOOM арқылы (бейнебайланыс - ред.), тіпті презентациясыз, ешқандай материалсыз өтетінін елестетіп көріңіздерші? Тағы бір оқытушы ZOOM тек 30 минутқа ғана тегін байланыс орнатуға мүмкіндік беретінін алға тартып, уақыт аяқталғаннан кейін қайта қосылмайды. Оған қоса, олар әр дәріс үшін қосымша ақы алады» деп жазды студент.
Сонымен қатар шағым иесі университетте білім алуға қажетті жағдай жасалмағанын да айтып өтеді.
«Біз оқуға шамамен 1 млн теңге төлейміз. Биыл оқу ақысы 1,5 млн теңгеге дейін өсті. Бұл ақша қайда кетеді?! Ал университеттің  хәлі мүшкіл. Әсіресе, Сарыарқадағы корпуста - антисанитария (тарақандар өріп жүреді). Дәретханаларда сабын жоқ. Эпидемиология кафедрасында дәретханалар бар, бірақ қол жуатын жер жоқ. Төбелері тесік, қабырғалары қираған. Үш жыл ішінде біз жасаған тәжірибелерді бір қолдың саусағымен санарлық (химия бойынша 1 рет, микробиология бойынша 2 рет және тағы бір пән бойынша). Қалған жағдайларда біз тек тәжірибе жасап жатқанымызды елестетеміз. Мұғалім тәжірибе жасау үшін зертхана егеуқұйрықтары жоқ екенін айтқан болатын. Бірақ Польшадан академиялық алмасу бойынша оқуға студент келгенде, университет өзінің қаншалықты озық екенін, тышқандарға қандай тәжірибелер жүргізгенін көрсетті», - дейді ол.
Шағым иесі білімге ұмтылатын мектептен шыққан үздік студент ретінде дұрыс білім беретін университетте оқығысы келетінін айтады. Сонымен қатар өз атын жарияламауды, оқудан шығып қаламын деп қорқатынын жазыпты. Ал медицина университеті бұл шағымға төмендегідей жауап берген. Университеттің ресми мәлімдемесіне сәйкес жазбада айтылған жайттар қазір тексеріліп жатыр.
«Жазбаны байқағаннан кейін университет тез арада іске кірісті. Қазір шағымда айтылған мәселелер тексеріліп жатыр. Сондай-ақ студенттермен кері байланыс орнату үшін бірқатар іс-шара жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Университет сайтында ректордың блогы жұмыс істейді, WhatsApp ректорының тікелей желісі құрылды және тәулік бойы жұмыс істейді (+7 707 900 12 91). Сонымен қатар университет сайтында студенттермен тығыз кері байланысты ұйымдастыру үшін проректорлар мен декандардың блогтары іске қосылды. Келіп түскен сұрақтарды тұрақты түрде қабылдаймыз», - деп жауап берді университет өкілдері.
Университеттің баспасөз қызметі университет студенттерімен кері байланыс орнату үшін нақты саясат жүргізетінін айтқан. Ресми жауапқа сүйенсек, егер білім алушы ЖОО-дағы қандай да бір жағдайға шағымданғысы келсе, шағымын жасырын түрде беруге мүмкіндігі бар. Сондай-ақ университеттің көптеген аудиториясы мен қосалқы бөлмесінде QR кодтар бар, сол арқылы кез келген студент белгілі бір сабақ, дәрістер, оқытушы және тағы да басқа университетке қатысты пікірін жібере алады екен. Сондай-ақ университет өкілдері оқу нәтижелерінің сапасына қатысты университеттің барлық түлектері міндетті тәуелсіз емтихан тапсыратынын алға тартып отыр.
«Атамекен» ҰКП Жоғары оқу орындардың білім беру бағдарламаларының (Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру (медицина) рейтингінде университет бағдарламалары көшбасшылар үштігіне кірді. Тіркеуден өту және рейтингінің тәуелсіз агенттігі өткізген 2021 жылғы жоғары оқу орындарының ұлттық сұраныс рейтингінің нәтижелеріне сәйкес, университет 7-орынға ие болды және 85 жоғары оқу орнының арасында еліміздің топ-20 жоғары оқу орындарының бас рейтингіне енді» деп жазды аталған оқу орнының баспасөз қызметі.
Бұл - университетке байланысты жарияланған алғашқы шағым емес. Бұған дейін аталған оқу орны студенттерінің бірі университеттегі тарақандар мен көгерген қабырғаларды бейнежазбаға түсіріп, TikTok-тағы парақшасында жариялаған болатын.