Жаңалықтар

Павлодарда күйеуі әйелін көшеде пышақтап кетті

ашық дереккөзі

Павлодарда күйеуі әйелін көшеде пышақтап кетті

Павлодар қаласында ер адам әйелін бес жерден пышақтаған деп хабарлады turkystan.kz Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап. Бұл туралы НеМолчиKZ қорының президенті Дина Таңсәрі  Іnstagram парақшасында жазды. «Менің үш балам бар. Ең кішісі – алты айлық. Амангелді көшесі мен Назарбаев даңғылының қиылысында артымнан күйеуім шабуылдап, бетім мен иық тұсымнан, басым мен қолымнан бес рет пышақтады. Күйеуіммен бір айдан астам бірге тұрмаймыз. Қорғаныс ұйғарымы болған. Үнемі айыппұлмен құтылып кетеді. Бұған дейін Ақсу қаласының ішкі істер бөліміне  жүгіндім, дегенмен ешбір нәтиже болмады, - деді жәбірленуші. 17 қараша күні жолдасы жасырын нөмірден қоңырау шалып, өлтіремін деп қорқытқан. Жұмыстан шыққан кезде әкесі алып кету керек болған. Телефонмен тәтесімен сөйлесіп тұрған кезде жолдасы пышақпен жарақаттаған. Қарсылық таныта бастаған кезде бетінен тіліп, иығы мен сол жақ қолын жарақаттаған. «Мен айқайлай бастадым. Ол пышақты қалтасына салып, № 24 мектеп жаққа қарай кетті.  Тәтем анама қоңырау шалған, мен 102 нөміріне хабарласып үлгердім. Олардан жедел жәрдемді шақыруды сұрадым. Жедел жәрдем келгенге дейін көп қан жоғалттым. Полиция тағы да  денсаулыққа жеңіл дәрежеде зиян келтірілді деп, әкімшілік құқықбұзушылық ретінде ауыстырады. Ал ол қылмысты алдын ала жоспарлап, өлтіруге келген», - деді ол. Қор жетекшісінің жазуынша, күйеуінен зардап шеккен әйелдің бетін тіккен, енді ол тыртық өмір бойына қалады. Сондай-ақ ол қорғау ұйымдарының  нәтижесі жоқ екенін айтқан. Облыстық Полиция департаментінде аталған факті бойынша материал Павлодар қаласы Полиция басқармасы орталық полиция бөлімінде тіркелген. Тексеру жүргізілуде, барлық материалдар зерттеледі. Сараптама тағайындалды, соның нәтижелері бойынша процестік шешім қабылданады.