Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық қоғамдық штабқа барды

ашық дереккөзі

Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық қоғамдық штабқа барды

Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық қоғамдық штабқа барып, кезектен тыс Президент сайлауындағы «Ашық қоғам» аймақтық зерттеулер халықаралық институты жүргізген Exit poll-дың қорытындысымен танысты деп хабарлады turkystan.kz.

Exit poll-дың нәтижесі жарияланғаннан кейін Республикалық қоғамдық штаб мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін ерекше, тарихи науқан өткенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне үлкен сенім артқаны үшін коалицияға ризашылығын білдірді.

«Қоғамдық штабқа, сенімді өкілдеріме, еріктілерге рақмет айтамын. Сіздер еліміздің әр түкпіріне бардыңыздар. Ауыл-аймақтар, шалғай елді мекендер назардан тыс қалған жоқ. Ел арасында үгіт-насихат жүргіздіңіздер. Бұл – үлкен жұмыс. Оны мен ешқашан ұмытпаймын. Сол себепті, бүгінгі көрсеткіш – бәрімізге ортақ жеңіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның пікірінше, сайлау заңға сәйкес өтті. Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткерлерге бірдей мүмкіндік берілді.

«Олар аймақтарды емін-еркін аралады. Сайлаушылармен кездесіп, үгіт-насихат жүргізді. Яғни, ешкімге шектеу қойылған жоқ. Әрбір сайлаушыға өз таңдауын жасауына еркіндік берілді. Сондықтан бұл науқан ерекше әділ, ашық өтті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент сайлауы жаңа саяси дәуірге жол ашатынын айтып, алдағы уақытта басты билік институттары түгел жаңғыртылатынын жеткізді.

«Конституциялық реформаны толығымен және нақты жүзеге асырамыз. Еліміздің саяси құрылысын жаңа қалыпқа түсіреміз. Экономиканы түбегейлі өзгертеміз. Халқымыздың әл-ауқатын арттырамыз. Соның бәрін ойдағыдай атқару үшін бізге бірлік керек. Сондықтан әрдайым бірге болайық!» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөзінің соңында ол шараға қатысушыларды Жаңа, Әділетті Қазақстанды бірге құруға шақырып, бақ-береке тіледі.