Қызылордалық полиция әйелін ауыр соққыға жықты деген күдікке ілінді

Қызылордалық полиция әйелін ауыр соққыға жықты деген күдікке ілінді

Қызылордалық полиция әйелін ауыр соққыға жықты деген күдікке ілінді
ашық дереккөзі
Қызылордада полиция қызметкері әйелін ауыр соққыға жықты деген күдікке ілінді. Бұл туралы әйелдің анасы Назым Жаңабергенқызы мәлімдеді. Оның айтуынша, күйеуінен зәбір көрген келіншек көпқабатты үйдің үшінші қабатынан секірген. Қазір ол ауруханада ауыр халде жатыр деп хабарлады turkystan.kz zakon.kz сайтына сілтеме жасап. Назымның айтуынша, қызы Аруна былтыр күйеуінен заңды түрде ажырасқан. Оған себеп - отбасындағы ұрыс-керіс, төбелес. Алайда, "жаздым, жаңылдым" деп келген соң екеуі кейін қайта қосылыпты. Оның соңы осындай жағдайға әкеліп соғып отыр деп хабарлады Астана телеарнасы.
Банкімен басынан ұра бергенін, одан кейін қылқындырғанын айтты. Қолына түскен затпен ұра берген ғой. Ақыры қашқанда терезеге жеткен, арты жаңағыдай жағдай болып тұрған енді. Оны итеріп жібергенін, өзі секіргенін ешкім білмейді. Талап етемін, заңды түрде жазасын алсын, - деді жәбірленушінің анасы Назым Жаңабергенқызы.
Дәрігерлер келіншектің ауруханаға өте ауыр жағдайда түскенін айтады. Бірнеше рет күрделі ота жасалған. Жүру мүмкіндігі аз дейді.
Есі түзу. Екі аяғы істемейді және жамбас, қолы жұмыс істемейді. Жұлыны зақымданған, сонымен байланысты. Жұлын қайта тігілмейді, езіліп кеткен, - деді Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасының дәрігері Шынжырбай Оразмаханұлы.
Полиция департаментіндегілер Арунаның күйеуі Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасында жұмыс істегенін растады. Бүгін "майор күйеубала" қызметінен босатылған.
Аталған дерекке байланысты ҚР ҚК 105-бабымен қылмыстық іс тіркеліп, Қызылорда облыстық ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасымен сотқа дейінгі тергеп тексеру әрекеті жүргізілуде. Оқиғаның мән жайы анықталуда. Барлық тиісті сараптамалар тағайындалды, - деді Қызылорда облысы ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының аға тергеушісі Мейрамбек Абдуллаев.