Украинадағы қазақстандық дипломаттар сайлауға қатысу үшін Польшаға барды

Украинадағы қазақстандық дипломаттар сайлауға қатысу үшін Польшаға барды

Украинадағы қазақстандық дипломаттар сайлауға қатысу үшін Польшаға барды
ашық дереккөзі
Қазақстан елшілігінің қызметкерлері 20 қарашада өтетін президенттік сайлауға қатысу үшін бүгін Польшаға барды деп хабарлады turkystan.kz. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Украинадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дархан Кәлетаев Zakon.kz сайтының тілшісіне мәлімдеген.
«Біз Польша аумағына енді ғана кірдік. Шекарадан өттік. Біздің барлық дипломаттар 20 қарашада Қазақстанда өтетін Президент сайлауына дауыс беруге қатысады. Сайлау учаскесі Молдовада емес, Варшава қаласында ғана орналасқан», - деді Қазақстан Республикасының Украинадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дархан Кәлетаев.
Қазақстанның Украинадағы елшілігінің мәліметінше, қазір бұл елде 600-ге жуық қазақстандық тұрады. Олар, негізінен, қазақстандық төлқұжаты бар этникалық украиндар.
«Өздеріңіз білесіздер, Қазақстанда украиндар көп болды, қазір олардың көпшілігі отбасымен бірге Украинаға тұрақтаған. Олардың арасында бизнесмендер де бар. Біз барлық азаматтарымызды Варшавада сайлау учаскесінің орналасқан жері туралы хабардар еттік. Қазақстанның Польшадағы Елшілігі осы қаладағы сайлауды тікелей ұйымдастырып отыр», - деді Дархан Кәлетаев.
Украинада тұратын қанша қазақстандықтың президенттік сайлауға қатысатынын айту қиын. Дархан Кәлетаевтың айтуынша, қазіргі қиын кезеңде Украинадан Польшаға жету оңай емес.
«Киевтен Варшаваға дейін 1000 шақырым. Мүмкіндігі барлар келе алады. Арада пойыздар мен автобустар жүреді», - деді елші.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Жалғас Әділбаевтың айтуынша, Қазақстанның Польшадағы Елшілігінде сайлау учаскесі құрылған. Бүгінде Украинада тұратын қазақстандық сайлаушылардың тізіміне 11 адам тіркелген. Айта кетейік, 20 қарашада Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында оны 2022 жылдың күзінде өткізуді ұсынған болатын.