Жаңалықтар

Аян Кемпіровке ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені берілді

ашық дереккөзі

Аян Кемпіровке ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені берілді

Төтенше жағдай министрі  Юрий Ильин парызын өтеу кезінде зардап шеккен өрт сөндірушілердің жағдайын білу үшін ауруханаға барды деп хабарлады turkystan.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Юрий Ильин өрт сөндірушілер Асқар Забикулин мен Аян Кемпіровтің емі қалай жүріп жатқанын білді. Қызметкерлердің туыстарымен кездесті. Қазіргі уақытта Асқар Забикулин №1 көпсалалы қалалық аурухананың реанимация бөлімінде ем қабылдап жатыр. Әзірге оның жағдайы өте ауыр. Тағы бір зардап шеккен қызметкер № 10 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Аян Кемпіров комбустиология бөлімінде ем қабылдауда. Оған министр Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен берілген ІІІ дәрежелі «Айбын» мемлекеттік наградасын тапсырды. «Маған Мемлекет басшысы қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен батылдығыңыз үшін алғыс айтуды тапсырды. Сіздің тез сауығып кетуіңізді тілеймін. Сонымен қатар осы жерде тұрған дәрігерлерге жеделдігі мен уақтылы атқарылған жұмыстары үшін алғыс айтқым келеді. Олардың айтуынша, жағдайыңыз оңалып келеді», - деді Юрий Ильин. Сондай-ақ Юрий Ильин Аян Кемпіровтің анасына да алғыс білдірді. Сонымен қатар министр Астана қаласының әкімі Алтай Көлгіновпен бірге Асқар Забикулиннің отбасына барып, үш бөлмелі пәтерге сертификат табыс етті. Пәтер демеушілік қаражат есебінен беріледі. Осы ретте айта кетейік, Аян Кемпіровтің отбасына ипотеканы өтеуге көмек көрсетіледі. Екі отбасына да несиелерін өтеуге көмектесу туралы шешім қабылданған. Еске салайық, 16 қарашада сағат 10:43-те Астана қаласы ТЖД бөлімшелеріне Бауыржан Момышұлы даңғылы, 14 мекенжайындағы пәтердің өртеніп жатқаны туралы хабар келіп түскен. Шақыру орнына үш минуттан кейін жедел түрде жеке құрамның 26 адамы мен 6 бірлік техникадан тұратын өрт-құтқару бөлімшелері келген.  Олардың арасында өрттен зардап шеккен өрт сөндірушілер Асқар Забикулин мен Аян Кемпіров те болды.