Мексика Парламентінің депутаттары алғаш рет Мәжіліске келді

Мексика Парламентінің депутаттары алғаш рет Мәжіліске келді

Мексика Парламентінің депутаттары алғаш рет Мәжіліске келді
ашық дереккөзі
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан бастаған депутаттар бүгін Мәжіліске алғаш рет келген Мексика Құрама Штаттарының Бас конгресі Депутаттар палатасының делегациясын қабылдады. Тараптар екіжақты қарым-қатынас пен парламентаралық ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Кездесуді ашқан Айгүл Құспан мексикалық әріптестеріне сапары мен елімізге қызығушылық танытқаны үшін алғысын білдірді.
«Сіз Қазақстанға екі ел үшін айтулы жылы – мемлекеттер арасындағы дипломатиялық байланыстың орнағанына 30 жыл толуына орай келіп отырсыз. Осы уақыт ішінде бір-бірімізден алыс болсақ та, екіжақты қарым-қатынаста белгілі бір ілгерілеушілікке қол жеткіздік, халықаралық құрылымдар аясында өзара қолдаудың тұрақты тетігі құрылды», – деді Айгүл Құспан.
Сонымен қатар Айгүл Құспан 15 адамнан тұратын Қазақстанмен Достық тобын құру туралы Мексика Құрама Штаттары депутаттар палатасының бастамасын құптады. Мәжілістегі «Қазақстан - Мексика» парламентаралық тобының жетекшісі, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Азат Перуашев ынтымақтастық бойынша өз ұсыныстарын айтты.
«Туризмді дамыту елдеріміз арасындағы екіжақты байланыстың нығаюына оң әсер етеді. Бұл тұрғыда Мексика қазақстандықтардың қызығушылығын тудырып отыр. Біз мексикалықтарға осында баруға болатын көрікті жерлерді ұсына аламыз», – деді Азат Перуашев.
«Мексика - Қазақстан» достық тобының төрағасы Хосе Мигель де ла Крус Лима өз тарапынан мәжілісмендерге жылы лебізі үшін алғыс айтып, елдер арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.
«Қазақстанмен достық қарым-қатынас орнатуды мақсат етіп отырмыз. Біз үшін мәдени алмасу және экономикалық салада ынтымақтастық орнату маңызды. Заманауи технологияларды дамытып, криптовалютаға қызығушылық танытудамыз. Сонымен қатар біздің елдердің азаматтары үшін электронды визаларды енгізу мүмкіндіктері бар», – деді мексикалық делегацияның басшысы.
Сонымен қатар Қазақстанға Мексика парламентінің федералды депутаттары Карла Эстрея Диас Гарсиа, Олимпия Тамара Жирон Эрнандес келді. Қазақстан тарапынан мәжілісмендер - Сауытбек Әбдірахманов, Әлия Әбсеметова және Ерлан Смайылов қатысты. Талқылау нәтижесінде депутаттар бүгінгі кездесу Қазақстан мен Мексика үшін әріптестіктің жаңа тарауын ашқанын атап өтті.