«Тіл кестіру», «Шөміш қағу»: ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлер

«Тіл кестіру», «Шөміш қағу»: ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлер

«Тіл кестіру», «Шөміш қағу»: ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлер
ашық дереккөзі
Дәстүр – адамдардың рухани болмысын, өмірлік көзқарасын, іс-әрекетін реттеу мәселесінде маңызды рөл атқарады. Халқымызда ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып, құндылығын жоғалтпай келе жатқан керемет салт-дәстүрлер бар. Алайда бәрі бірдей жиі қолданыста деуге келмейді. Осы ретте Turkystan.kz ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерді назарыңызға ұсынуды жалғастырады.  «Тіл кестіру» /дәстүр/. Халық ұғымы бойынша сұқтана қарағанда жақсы адамдарға, сәбиге, малға тіл немесе көз тиеді. Мұндайда «Тiлден сақта, тіфә-тіфә», «кезден сакта, сұк-сұк» деп жатады. Ал, ауырып: қалған жағдайда «тіл кестіру» дәстүр-ырымын қолданады. Оның шарты мынадай: Ауырған адамды бiрнеше күнге кейде айлап оңаша үйге сақтап, оны балгерлер ұшықтау, дұғалау, қағу, арқылы емдейді. Ауру адам сол уақыттарда ешкіммен сөйлеспейді. «Тіл кестi» деген сөз осыдан шыққан. Ауру адам бойын таза сақтап, тәңірден тілек тілейді, әруақтарға дұға оқиды. «Тіл кестіру» мерзімі біткеннен кейін, халыққа құдайы береді. Біраз уақытқа дейін көппен, араласпайды. Өнерпаз, әнші, ақын болса топ алдына шығармайды. «Белкөтерер» /салт/. «Тоқсан көремiн деген жасым ба еді, быламық iшейiн деген асым ба еді» деп баяғы қариялар айтқандай, жасы жеткен адамдар тiсi болмаған соң тамақ жей алмайды. Ал, әлгi кiсiлерге жақсы тағамдар қажет. Мұндай жағдайда осындай адамдарға арнап «белкөтерер» деген тағам арнайы дайындалады. Бұл әрi жұмсақ, әрi дәмді, нәрi мол қазы, сарымай, жент, қымыз, ақ iрiмшiк, бал, тағы сол сияқты тамақтардан әзiрленедi. Мұны балалары, көрші-көлемдер, сыйлас кiсiлер әдейi дайындап әкеледi. Бұған риза болған қарттар батасын бередi. «Ашамайға мінгізу» /салт/. Баланың сана-сезiмiн жетiлдiру үшiн жасалатын тәрбиелiк салттың бiрi – ашамайға мiнгiзу салтанаты. Бала 6-7 жасқа келген соң оған жеке тай атап, қамшы өрiп, «сен азамат болдың» деген сенім ұялатып, үйретілген жуас тайға әсем ашамай ерттеп, мiнгiзедi. Еңбекке баулудың, адамгершiлiкке тәрбиелеудiң ұлттық әдiстемелiк жолдарының бірі осы ашамайға мінгізу арқылы да көрінеді. «Үме» /салт/. Үме – ұжымдасқан еңбек тойы. Ауқымды әрі ауыр жұмыстарды ауыл адамдары «бiр жеңнен қол шығарып», бас қосып, көпшiлiк болып, бiрiгiп атқарады. Мұндай iстен олар шет қалмайды. Әсіресе, қысқа мал азығы үшін жем-шөп дайындағанда мал иесi жiгiттердi үмеге шақырады. Қарулы азаматтар бел орақтарын шыңдап, қайрап iске кiрiседi. 20-30 жiгiт қатарласа тұрып орақ тартады. Бiр күн iшiнде бірнеше тонна шөп шабылып, жиналады. Үмеге ет жеуге бала-шағалар да, отырыстың көркін қыздыратын әнші, күйші, жыршылар да келеді. Олардың өнерін тамашалаған жұрт бiр серпіліп қалады. «Шөміш қағу» Көкек айында күн жылына бастайды. Сол кезде жиі жаңбыр жауып, көкте жасын ойнайды. Мұндайда ел-жұрт еңсе көтеріп, жадырай серпілісіп: «Күн күркiредi, көк дүркіреді», - десiп жатады. Осыған орай жасалатын ырымды «шөміш қағу» деп атаған. Үйдiң босағасына, мандайшасына, табалдырығына шөмішті тигізіп: – Құдайым, Жарылқа, Береке мол болсын, Ынтымақ артсын, Адалдық болсын, амандық болсын, Ырзық көп болсын, Уайым жоқ болсын, - десiп игі тілегін айтқан.