Боксшыларды қазақша таныстырып, ел ықыласына бөленген Риши Паникер

Боксшыларды қазақша таныстырып, ел ықыласына бөленген Риши Паникер

Боксшыларды қазақша таныстырып, ел ықыласына бөленген Риши Паникер
ашық дереккөзі
Өткен аптада Иордания астанасы Амманда бокстан өткен Азия чемпионатында ұлттық құрама бокс­шы­ларын рингке қазақ тілінде шақырған ринг анонсер Риши Паникерге тәнті болмаған адам жоқ шығар, сірә. Лықа толы залдың қақ ортасында тұрып алып «Ханымдар мен мырзалар! Қарсы алыңыздар! Қазақстаннан...» деп қа­зақша сөйлеген Риши тек біздің атлеттерді емес, фи­налға шыққан әрбір боксшыны ана тілінде таныстырып, көп­шіліктің ыстық ықыласына бөленді. Дубайда туып-өс­кен ол боксшыларды ана тілінде таныстыру арқылы олар­дың туған жеріне, мәдениетіне деген ерекше құрметін көр­сетіп қана қоймай, сондай-ақ былғары қолғап шебер­лерін осылайша рухтандырғысы келгенін айтады. Амман­нан Дубайға жол жүргелі отырған Ришиге хабарласып, ағыл­шын тілінде аз-кем әңгімелескен едік. – Азия чемпионатының алтын дауы­сына айналған сіздің қазақ­шаңызға тәнті болған біздегі бокс­сүйер қауым сіз туралы білгісі келіп, өз бетінше анықтап жатса керек. Сол үшін алдымен оқырман қауымға өзіңіз­­­ді таныстыра отырсаңыз. – Менің аты-жөнім – Риши Паникер. 28 жас­тамын. Үнді ұлтынанмын. Ата-анам Үндістанның Керала штатынан Дубайға кө­шіп келген. Мен Дубайда туып-өстім. Сон­да мектеп табалдырығын аттадым, жо­ғары білім алдым. Бакалавриатта бизнес ме­­­неджмент, ал магистратурада маркетинг са­ласы бойынша білім алдым. Кәсіби ринг ано­н­сер ретінде жұмыс істеп жүргеніме төрт жылдай уақыт болды. Жалпы, бұл сала маған өте жақын. Бұл индустрияға келу үшін көп нәрсе үйрендім. Әуесқой бокс сайыс­тарының тізгінін қолға алғанға дейін үш жылдай Дубайда өткен бокс кештерін жүр­гіздім. Үш жыл осы нарықта нөмірі бірін­ші ринг анонсер болдым десем артық айт­паймын. Дубайдағы ең беделді спорт ұйы­мы ұйымдастыратын кештерді жүр­гі­зе­мін. Бокстан бөлек, кикбокс, муай-тай спор­тынан өтетін жарыстарда да ринг ано­н­сер қызметін атқарамын. [caption id="attachment_204233" align="alignnone" width="1200"]А Алуа Балқыбекованы марапаттау сәтінен.[/caption] – Ал Халықаралық бокс қауым­дас­ты­ғына (IBA) қалай шақырылдыңыз? – IBA-ға дейін Азия бокс конфе­дера­ция­сында (ASBC) жұмыс істедім. Былтыр Дубай­да бір турнирді жүргіздім. Өзіңіз бай­­қағандай, мен үнемі дауысымды шы­ға­рып сөйлеймін. Оған қоса, ірі денелімін. Көп­шілік бірден назар аударатыны анық. Сол кеште Азия бокс конфедерациясының бұрын­ғы президенті Анас Аль-Отайбамен әңгі­мелесіп, шүйіркелескен соң IBA өкіл­де­рі­мен таныстым. Сөйтіп, ақырында қауым­дас­тық атынан ұйымдастырылатын сайыс­тардың ринг анонсері болып бекітілдім. Ал­дымен Ташкентте 22 жасқа дейінгі жас­тар арасында өткен Азия чемпионатын, со­сын осы Амманда Азияның кіл мықты жас­тары мен жасөспірімдерін анықтайтын чем­пионатты жүргіздім. Кейін Түркияның Ыстанбұл қаласында бокстан әйелдер ара­сында өткен әлем чемпионатында ринг анон­сер болдым. Бастапқыда фрилансер ре­тінде жұмыс істеген мені IBA өкілдері ма­ман ретінде мойындаған соң штатқа алы­нып, қауымдастыққа толығымен жұ­мысқа тұрдым. – IBA эгидасымен өтетін сайыстарда сіз секілді ринг анонсердің бірнеше тіл­де сөйлегенін бірінші рет көруім. – Иә, бұл бұған дейін болмаған. IBA – дү­­­ниежүзінде бокс спортын кеңінен на­си­хат­тайтын ең ірі ұйым. Кімнің қай елден шық­қанына қарамастан боксқа деген сүйіс­пеншілігіңді арттыра түсіретін бірден-бір құрылым. Жаһандық комьюнити. IBA – бір үлкен отбасы. Қауымдастық өкілдері түрлі ел, түрлі федерациямен тығыз жұмыс іс­тей­ді. Тиісінше, мұнда әркелкілік бар. Ал бұл әркелкілікті көрудің өзі бір ғанибет. IBA таза әрі әділ сайыс өткізетін ұйым бол­ған­дықтан, мұнда әлемдегі мықты бокс­шы­лардың өз әлеуетін көрсетуге зор мүмкіндігі бар. Осындай түрлі мәдени ортада шынық­қан, әлемдік деңгейдегі боксшыларды неге осы­лай таныстырмасқа?! Мен – IBA-ның қыз­меткерімін. Мұнда жұмыс істеп жүр­ге­німе бір жыл болды. IBA секілді отбасының мүше­сі болу – мен үшін бақыт. Мен IBA өкіл­деріне көп нәрсе бере алатынымды көр­сеткім келеді. Жұмысымды қатты жақ­сы көремін. Жұмыс істеу стилім де ұнайды. Мен IBA-ны осылай таныстырғым келеді. Кәсі­би ұйым болғандықтан, IBA-ның басты кілті – бокс жанкүйерлерімен байланыс ор­нату. Ал бұл – маған артылған міндет. Мен бұл міндетті абыроймен атқарып жүр­мін деп ойлаймын. Амманда өткен биылғы Азия чемпионатында біздің континенттегі 27 елдің боксшылары өзара кім мықтыны анықтады. Моңғолия, Тайпей, Оңтүстік Ко­рея, Жапония елдерінде таланттар же­терлік. Олар Қазақстан, Өзбекстан секілді бок­сымен танымал емес шығар. Бірақ олар әр жарысқа өз атлеттерін жібереді. Бұл аймақтарда бокстың дамып келе жатқанын көру бір бақыт. Ал атлеттерді ана тілінде та­ныстыруға келсек, мен мұны кәсіби бокс кеш­терін жүргізгенде-ақ бастағанмын. Жал­пы, әр маманның өзіндік стилі бар еке­ні белгілі. Әйгілі ринг анонсер Майкл Баффер «Айқасқа дайын болыңыздар!» (Let's Get Ready to Rumble!) дегенді үнемі ай­татынын білетін боларсыз. Бұл – алтын қа­ғида. Әрбір индустрияның осындай ал­тын қағидасы бар. Сол секілді менде де бір­неше тілде хабарлау арқылы осындай қағи­да болғанын қаладым. Әрі мен мұны жал­ғастыра беремін. Мұнымен тоқтап қал­маймын. Іздене беремін. Қарапайым тілмен айт­сам, мен қазір жұмысқа «ашпын». Осы рет­те айта кетейін, мен – БАӘ-де туып-өс­кен жанмын. Дүниенің әр бұрышында до­сым бар десем, артық айтпаймын. Олар­дың мәдениетін, музыкасын жоғары бағалай­мын. Жалпы, маған жаңа елді, жаңа мәде­ниет­ті зерттеу қызық. Олардың ұлттық та­ғам­дары мен спорттағы жетістіктері тура­лы да кішігірім зерттеу жасаймын. Ал боксшыларға келсем, олардың өз елдерінде іріктеліп, финалға дейін сүрінбей жет­кен­деріне, олардың жүріп өткен ауыр жолына ай­рықша құрмет көрсеткім келді. Оның үстіне, оларды әлем жұртшылығы бақылап отыр. Шешуші сәтте дем беріп, ерекше қол­да­ғым келді. Сөйтіп, әрбір финалисті өз ана ті­лінде таныстыруды құп көрдім. Менің қо­лымнан келетіні осы. Олардың жар­қыра­ған сәттерінің бір бөлшегі болғаныма өте-мөте қуаныштымын. Жалпы, спорт әлемі мені қатты еліктіреді. Мен ол жарыстарды жай көріп қана қоймаймын, сондай-ақ стильдерін байқауға тырысамын. Соның ішінде қазақ боксшыларының стилі маған ерекше ұнайды. Геннадий Головкиннің өзі әлемді мойындатқан соң сіздердегі бокс спор­тының бәсі биік екені айдан анық. Сіз жақта балалар кішкентай кезінен боксқа ерекше ден қоятынын білемін. Оны тіпті түрлі чемпионатта жартылай финалға, финалға сүрінбей жететін боксшылар са­нынан-ақ аңғаруға болады. [caption id="attachment_204235" align="alignnone" width="1300"] width= Жайна Шекербек жеңген сәттен.[/caption] – Қазақша сөздерді жаттауға қанша уа­қыт жұмсадыңыз? – Қазақ тілін аз уақыттың ішінде үй­рену мүмкін емес екенін айта кетейін. Әлі де үйреніп жатырмын. Қазақша анау айт­қан­дай көп сөз білмеймін. Рингте атлетті та­ныстыруға қажет, маңызды сөздерді ғана білемін. Бастысы, өз ісімді қазақша қалай жүр­гізу керек екенін білемін (күліп). Осы рет­те айта кетейін, мен қазақтармен бірге өскен­мін. Дубайда университетте оқығанда Алма­ты, Астанадан келген Нұржан, Қамбар, Еркен, Алдияр есімді қазақтармен жақын дос болдым. Сондықтан қазақ мәдениетінен ха­барым бар. Jah Khalib деген атпен таны­мал Бақтияр Мамедовпен кездескенім бар. Кейін оның жанкүйеріне айналдым. Оның бір­неше әні, әсіресе «Медина» туындысы ар­қылы қазақтың мәдениетін, салт-дәс­түрін тағы да тани түстім. Сөйтіп, та­рих­­қа үңіл­дім. Көп мәлімет біл­дім, қызық дерек­ке қанық болдым. Күндердің кү­нінде Қазақстанға барып, оқып-естігенімді өз кө­зіммен кө­ремін деп ой­лай­мын. Ал Азия чемпиона­ты­ның қар­саңын­да бокс­шы­ларды қа­зақша таныс­тыр­ғым келіп, кә­сіби бокс кештерін ұйым­дас­ты­ратын досым Нұрғазы Ис­мағам­бетов­ке «Қа­зақ тілін үйрете ала­сың ба?» деп өтін­дім. Не­гізі, мен көп уақыт бойы орыс тілін үй­ренгенмін. Орыстілді мемлекеттерден кел­ген атлеттерді орысша таныстыра­тын­мын. Бірақ осы құрлықтық сайыста түрлі елдің мәдениетіне құрмет көрсеткім келеді. Мә­дениет пен құрмет – менің өмірімдегі ең жоғары бағалайтын екі нәрсе. Байқа­ға­ныңыздай, мен парақтан оқымаймын. Ма­ғынасын түсініп, есіме сақтап аламын. Қа­зақ тілін нағыз қазақ секілді сөйлей ал­майтыным айтпаса да түсінікті. Әрі сіз­дердің әліпбилеріңізде бар төл әріптеріңізді ды­быстау да оңай емес. Әсіресе, «қ» әріпі бас­қа ешбір ұлтта жоқ шығар, сірә (күліп). Бірақ тілдердің қиын құрылымына қара­мастан, тырысып-бағып, дұрыстап ды­быс­тауға бар күшімді салдым. Бұл турнирде бірін­ші рет кәріс, жапон, моңғол, өзбек, ман­дарин, тай тілдерінде сөйледім. Ана ті­лін­де сөйлегенім боксшыларға да ұнаға­нын байқадым. Соның ішінде қазақ боксшы­ларының кейбірі ағылшын тілін біл­мегендіктен, ризашылығын ыммен, түр­лі әрекетпен жеткізуге тырысты. [caption id="attachment_204234" align="alignnone" width="1200"] width= Сәкен Бибосыновтың кездесуінен.[/caption] – Азия чемпионатында күміс жүл­дені қанжығасына байлаған Сәкен Бибосыновты қазақша ерекше та­ныс­тырған сәті таспаланған видео көп қа­ралым жинады. Ал сол видеоның ас­тына сізге разылығын білдіріп, тіпті туыс ретінде жақын тартқандардың қа­расы көп. Осыдан кейін сізге біздің фе­дерация басшылығы ринг төрінде ша­пан кигізгенін көрдік. Біздің жан­күйерлерден мұндай ерекше қолдауды күтпеген боларсыз, сірә? – Шынымды айтайын, алғашында «шок» болдым. Расымен, Сәкенді қазақ тілін­де таныстырғаныма көбі мен күтпеген реак­ция танытты. Тіпті, аренада отыр­ған­дар­дың да ерекше қуанғанын байқадым. Ринг­тің ортасында тұрып, «Ханымдар мен мырзалар! Қарсы алыңыздар! Қазақстаннан Сә­кен Бибосынов!» деп айқайлағанда аре­на­дағылар да айқайлап сала берді. Негізі, мен өз бетіммен, тыныш жүргенді қалай­тын адаммын. Оқшау жүргенді дұрыс са­най­мын. Жұмысымды аяқтаған соң үйге қайтуға асығамын. Әлеуметтік желіде де белсенді емеспін. Әлдебір видеолар са­лып, қызықтыруға тырыспаймын. Лайк үшін жарыспаймын. Әкем бала кезім­нен қарапайым болуды санама құй­­ғандықтан, сол қалпымнан тайып кет­­пеуге тырысамын. Әлемге айқай­лап жар салмасам да, өзімнің кіші­гірім кеңістігімде өзімді ба­қытты сезінемін. Бірақ қазақ жан­күйер­лерінің қолдауы өте ыстық болды. Мұны байқаған Азия бокс кон­фе­дерациясының (ASBC) вице-пре­зиденті Азиз Қожам­бетов қазақ дәстүрі деп, ұлттық киімдеріңіз – шапанды иығыма жауып, бөрік кигізді. Бұл сыйлықты тарту еткен кездегі сезімімді сөзбен айтып жет­кізе алмаймын. Ерекше әсерге бө­лендім. Сосын ел ішінде таратылған ви­деолардың астына жазылған пікірлерді оқып шықтым. Біразының жазғанын оқып, күлкіге қарық болдым. Бірі «қайыненесі қазақ шығар» деп жазыпты (күліп). Кей­бірін оқи алмадым, себебі әлеуметтік же­лі­де орысшаны ағыл­шыншаға аудар­ға­нымен, қазақшаға аудару функциясы жоқ екен. Сондықтан көбін оқи ал­мадым. Десе де, жекеме шығып, хат жаз­ған қазақ жан­күйер­лері жетерлік. Олардың бәріне жауап беру­ге тырыстым. Кейбірі «Қа­зақстанда емес, Қазақстаннан» деп ай­тыңыз» деп ақы­лын айтты. Түзеп, ертесіне дәл солай ай­тып шықтым. Алдағы уақытта қазақ­шам­ды жақсартқым келеді. [caption id="attachment_204236" align="alignnone" width="1300"] width= Шапан кигізу сәтінен.[/caption] – Ринг анонсер ретінде рингте еш­кімді бөліп-жармау керек екеніңізді біле­мін. Десе де, чемпионат барысында фа­воритіңізге айналған боксшылар бар ма? – Сәкен Бибосынов пен Хасанбой Дус­матовты Сербияда өткен турнирден бері танимын. Екеуінің де жұдырықтасу тех­никасы мықты, әлемдік деңгейдегі атлеттер. Жарқын болашақта Головкин, Усик секілді атын шығарады деп сенемін. Содан соң Махмұд Сабырханды да ерекше атап өткім келеді. Оның бокстасу стилі, техникасы кере­мет. Одан бөлек, Таиланд намысын қор­ғайтын Бунджонг Синсиридің де қа­білеті қайран қалдырады. Моңғолия аты­нан сынға түскен Буяндалай Баярху да то­сын әрекетімен көпшілікті таңғалдырды. Бұл жарыста әйелдер де ерлерден кем түспей жұдырықтаса алатынын байқатты. Олар да ойын ережесін өзгертіп, әйелдер боксының деңгейін көрсетті. Жапониядан Ринка Киношитаны ерекше атап өтер едім. Сондай-ақ үшінші рет Азия чемпионы ата­ғын иеленген оңтүстіккореялық Ёнджи О да болашақта әйелдер боксының жарық жұл­дызы болады деп сенемін. Жалпы, қазір әйелдер боксына көптеп көңіл бөлінуде. IBA басшысы Умар Кремлев әйелдер бок­сының әлеуетін арттыру үшін көп шаруа атқарып жүргенін байқап жүрмін. Ерлер боксымен қатар, әйелдер боксының бір бөлігі болу керемет. [caption id="attachment_204237" align="alignnone" width="2048"] width= Кәсіпқой боксшы Мурад Гассиевпен бірге.[/caption] – Қазақстандықтардан бөлек, бас­қа ұлттық құрамалардың жанкүйер­лерінен де фидбэк алған боларсыз? – Иә, Өзбекстан құрамасының жан­күйер­лері жазды. Негізі, мен Өзбекстанға екі рет барғанмын. Екі ретінде де ондағы аре­налар, мамандардың ұйымдастыру қа­білетіне таңғалғаным бар. Әлбетте, мені ең алдымен өзбек халқының кең пейілдері мен қонақжайлылығы таңғалдырды. Қа­зақтар да сондай керемет қонақжай дегенді жиі естимін. Алла қаласа, жарқын бола­шақ­та Қазақстанға бару жоспарда бар. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ