Қолөнерін кәсіп еткен тігінші
Қолөнерін кәсіп еткен тігінші
Инара Маратқызы – жас тігінші. Кішкентай кезінен мата қиып, қолөнермен айналысуды жаны қалайтын ол бүгінде сүйікті ісін кәсібіне айналдырған. Салт-дәстүріміз бен өнерімізді дәріптеп жүрген қолөнер шебері халқымыздың ұлттық киімдерімен қоса, түрлі оюмен өрнектелген көрпе тігеді. Кейіпкеріміздің айтуынша, қолөнер, тігіншілік – бүгінде табысты бизнестің бірі. Өйткені қазір қолдан жасалған бұйымдарға сұраныс артқан.
«Бала кезімнен қолөнерге, тігіншілікке жақын болдым. Өсе келе болашақта тігінші болсам деп армандайтынмын. Мақсатыма жету үшін Астана қаласындағы «Бизнес және менеджмент» колледжіне модельер-құрастырушы мамандығы бойынша грантқа оқуға түстім. Колледжде оқып жүргенде тәжірибе жинау үшін өндірістік цехтарға, ательелерге, перде тігетін дүкендерге, әскери форма тігетін фабрикаға көп жіберетін. Осының нәтижесінде тігіншілерден пайдалы нәрселерді үйрендім. Оқуды бітірген соң ұлттық киімдер тігетін үлкен сән үйіне жұмысқа орналастым. 6 айдың ішінде ұлттық костюмдер тігіп, оюлармен, тастармен безендіруді, түрлі баскиім, сәукеле тігіп үйрендім. Осыдан кейін табыс таба бастадым, үлкен тәжірибе жинадым», – дейді тігінші.
Қазір қолдан жасалған бұйымдар үлкен сұранысқа ие. Адамдар, әсіресе эксклюзивті, яғни өзінің авторлық дизайны бойынша тігілген ерекше, сәнді бұйымдарға қызығады. Тігіншілік – тиімді кәсіп. Ең бастысы, өз ісіңді, мамандығыңды жақсы көруің керек. Кейіпкеріміз Инара Маратқызы тек тігін тігумен шектелмей, қолөнерге қызығатын жандарды осы кәсіпке баулып, курс өткізіп жүр. Айтуынша, елімізде тігін тігудің қыр-сырын үйренгісі келетін қыз-келіншектердің қатары жыл сайын көбейіп келеді.
«Еңбек адамды өсіреді, мақсатына жетелейді, қанаттандырады, бақытқа жетелейді. Ең бастысы, ерінбей, алға қойған мақсатыңа қарай қадам басу керек. Енді өзімнің тігін шеберханамды ашсам деп әрекет етіп жатырмын. Қол қусырып отырмай, еңбек еткен адам оның жемісін көреді. Қолөнермен ғана айналысып қоймай, тігін тігуді үйренгісі келетін қыздарға курс өткізіп те табыс табуға болады. Мысалы, өзім тәжірибеммен бөлісуге дайындалып жүрмін, ізденіс үстіндемін. Еліміздің әр өңірінен хабарласып, сұрап жатқандар көп.
Алдағы уақытта кәсібімді дамытып, сапалы бұйымдар тігіп, Қазақстан мәдениетін, тігін өнерін әлемге танытқым келеді», – дейді қолөнерші.