Жұма, 27 Қаңтар, 2023

Жайылым мәселесін шешу үшін 5 бағыт бойынша жұмыс атқарылып жатыр – Бахтияр БЕЙСЕМБАЙҰЛЫ

Еліміз әлем бойынша жер көлемі жағынан 9-орында болса, жайылым жөнінен 5-орында. Алайда жайы­лым тапшылығы әр өңірде кездесетін өзекті м­ә­селеге айналды. Мемлекет бас¬шысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы мәселеге тоқталып, нақты тапсырма берген болатын. Президент бос жат­қан жерді мемлекетке қайтарып, ауыл тұрғындарына қол­жетімді етуді тапсырды. Осы маңызды міндетті орындау үшін «AMANAT» партиясы жанынан «Жер аманаты» комис­сиясы құрылды. Партия өкілдері, Мәжіліс депутаттары, тәуел­сіз сарапшылар мен қоғам қайраткерлерінен құралған ко­мис­сия осыған дейін еліміздің оннан аса өңірін аралап, 3,8 млн гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Бұл көр­сеткіш жыл соңына дейін 5 млн гектарға жетуі мүмкін. «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері Жамбыл облысына да ба­рып, тұрғындардың мұң-мұқ­та­жын тың­дап, өңірдегі 46,3 мың гектар жер­ді мемлекет меншігіне қайтар­ған еді. Осы орайда Жамбыл облысы әкімдігі Жер қатынастары басқар­ма­сының басшысы Бахтияр Бейсем­байұлымен сұхбаттасып, өңірдегі жер мәселесінің жайын сұраған едік.

– Жамбыл облысында ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жер қалай пайдаланылып жа­тыр?

– Жамбыл облысында жерді тиім­­ді пайдалану, жер ресурстарын қорғау, жер телімдерін бөлу және игеру, бос жатқан жерлерді халық қажеттілігіне қарай пайдалануды жос­парлау жөнінде бірқатар жұмыс ат­қарылып жатыр. Жалпы, облыс­тың жер қоры – 14,4 млн гектар. Бұл республика аумағының 5,3 пайы­зы­на тең. Оның ішінде ауыл шаруа­шы­лы­ғы мақсатындағы жер көлемі – 4,7 млн гектар.
Өздеріңізге белгілі, облыстың табиғи орналасу ерек­ше­лік­теріне және жер байлығына сәй­кес аграрлы-индустриялық ай­мақ болып саналады. Облыс аума­ғы­ның 72 пайызы егін және мал шаруа­шы­лығын дамытуға қолайлы. Осы­ған орай ауыл шаруашылығына ар­нал­ған жерді қорғау және тиімді пай­далану өзекті мәселе болып отыр.

– Биыл «Жер аманаты» ко­мис­сиясының араласуымен Жам­был облысында 46,3 мың гек­тар жер мемлекет меншігіне қай­тарылды. Бұл бағыттағы жұ­мыс қалай жалғасып жатыр? Жалпы, ауыл шаруашылығына арналған жердің игерілмеуіне не себеп?

– Биыл 1 қаңтардағы жағдай бойын­­­ша айтар болсақ, бос жатқан жер­лерді қоспағанда, ауыл шаруа­шы­лығы мақсатындағы жер бір­қа­тар шаруа қожалығының пайда­лануы­на берілген. Негізі, ауыл шаруа­­­шылығына арналған жердің тиім­ді­лігін арттыруға кері әсерін тигізіп отыр­ған негізгі фактор – жер пай­да­ланушы субъектілердің ұсақтығы. Өздеріңіз білесіздер, ұсақ шаруа қо­жалықтары материалдық, тех­ни­калық және қаржылық жағынан әл­сіз. Салдарынан егістік жерлердің бір­аз бөлігі жылма-жыл игерусіз қа­лып қояды.

Екіншіден, облыс егістікті су­лан­дыратын ағын судың 80 пайызын көрші қырғыз елінен ала­тын­дықтан, суармалы егістік жер­лер­дің қайтарымы төмен. Жалпы, жер қорын пайдаланудың тиімді­лі­гін арттыру бағытында жерді тү­ген­деу және тексеру жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырудың маңызы зор. Осы мақсатта басқарманың мұ­рын­дық болуымен жергілікті бюд­жеттен бөлінген қаржы есебі­нен облыста ауылшаруашылық жер­­лері, бұрынғы саяжайлар орна­лас­қан аумақтар, алма бақтары мен жү­зімдік алқаптары, өндіріс орын­дарына қосалқы шаруашылық жүр­гізу үшін берілген жерлер түгенделді. Сол сияқты облыс аумағындағы бү­лінген жерлердің есебі алынып, жеке тұрғын үй құрылысы үшін беріл­ген жерлер тексеруден өтті.

2017 жылдан бастап егістік жер­лер­дің игерілуін ғарыштан мони­то­рингтеу тәсілі қолданысқа енгізілді. Қазір бұл істі кейінгі екі жылдан бері республикалық бюджет есе­бі­нен Ауыл шаруашылығы министр­лі­гі атқарып келеді. Осы іс-шара­лар­дың нәтижесінде игерілмеген 236 мың гектар ауылшаруашылық мақ­са­тындағы жер мемлекет меншігіне қай­тарылды. Аталған жұмыстардың жалғасы ретінде бос жатқан жерлер нақ­тыланып, геопорталға орналас­ты­рылды. Қазір облыс тұрғындары­ның есебін нақтылау жұмыстары қол­ға алынды. Осыдан кейін артық жер­лер анықталып, мемлекет мен­шігіне қайтарылатын болады.

– Елімізде жайылым тапшы­лы­ғы өзекті мәселе болып отыр. Об­лыста осы мәселені шешу үшін қандай жұмыстар атқа­ры­лып жатыр?

– Иә. Ауыл шаруашылығы мақ­са­тындағы жерді тиімді пайдалану туралы айтқанда, жайылым мәсе­ле­сін айналып өту мүмкін емес. Бүгін­де барлық облыста жайылым жетіс­пеу­шілігі байқалады. Президент Жол­дауында осы мәселеге аса мән бері­ліп, жайылым тапшылығын 2023 жылдың аяғына дейін жою тура­лы тапсырма берілген болатын.

Жамбыл облысының жер қорында 8,1 млн гектар жайы­лым бар. Оның 3,6 млн гек­тары ауыл шаруашылығы мақса­тын­­­дағы жерде. Ал 1,7 млн гектары ор­­­ман, 1 млн гектары бос жатқан жер санатында. Қолда бар жайы­лым­дықтарды есептегі шартты мал ба­сына шаққанда, облыс бойынша жайылым жеткілікті болып шы­ға­ды. Дегенмен бүгінде мал басы негі­зі­нен жеке шаруашылықтарда шо­ғырланғандықтан және қалыптас­қан жүйеден, яғни малды жайып бағудың әсерінен елді мекендерге бе­кітіліп берілген жайылым жетіс­пей жатыр. Жағдайды нақтылау үшін облыстың прокуратура орган­дарымен бірлесіп зерделеу жұмыс­тары жүргізілді. Нәтижесінде, елді мекендерде 683 мың гектар жайы­лым жетіспейтіні анықталды.

Қазір осы мәселені жүйелі түрде шешу үшін 5 бағыт бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Біріншіден, Жер кодексінің 36-бабына сәйкес ауылдық округ бос жатқан жер санатындағы жайы­лым­ды елді мекенге беру жұмыс­тары басталды. 2021 жылы жалпы республика бойынша 1,8 млн гектар жайылым қайтарылды. Оның 730,2 мың гектары жергілікті тұрғындарға пайдалануға берілді.
Екіншіден, ортақ жайылым­ның пайдалануға беріліп кет­кен бөлігін елді мекендерге қай­та­рып беру жұмыстары қолға алын­ды. Бұдан бөлек, елді мекендер ау­ма­ғына 5 шақырым радиуста жақын ор­наласқан 199,6 мың гектар жайы­лым­ды ауылдық округтерге бекітіп беру ісі басталды. Атап айтар болсақ, 2021 жылы 13,6 мың гектар, 2022 жыл­дың 9 айында 18, 6 мың гектар беріл­ді. Бұл бағыттағы жұмыс жал­ға­сып жатыр.

Үшіншіден, мал басы көп тұр­ғынның малын орман қоры жеріне шығару жұмыстары ұйым­дастырылды. Нәтижесінде, ор­ман қорындағы 1 млн гектар жайы­лымға 242,9 мың мал басы шы­ғарылды.

Төртіншіден, жер пайда­лану­шылармен бірлесіп, өнім жиналып алынған жерлерге кедер­гі­сіз мал жаюға қатысты меморан­дум жасалып жатыр. Осы орайда нақ­ты көрсеткішке тоқталып өтсем, кө­лемі 486,5 мың гектар болатын жер­ге қатысты 2 071 шаруа қожа­лы­ғымен меморандум жасалды.

Бесіншіден, былтыр игеріл­ме­ген және заң талаптарын бұ­за отырып пайдаланылған 252,3 мың гектар жайылымның 106,3 мың гектары мемлекет меншігіне қай­тарылса, осы жылдың 10 айында 140 мың гектар қайтарылды. Жал­пы, биыл 415,8 мың гектар жайы­лым тексеруге ұсынылды. Осы жы­лы жайылымды ұлғайту үшін 1 060 мың гектар жер учаскесін қосып беру жоспарланған.

Малды жайып бағуды ретке келтіру үшін «Жайылымдар ту­ралы» заңның талаптарына сәй­кес, әрбір елді мекен бойынша жайы­­­лымды пайдалану тәртібі мен схе­масы әзірленіп, бекітілді. Қоры­тын­дылай келе, облыс аумағында жер қа­тынастарын, жер учаскелерін та­быстауды реттеу және келісімдеу ша­ралары қолданыстағы заңна­ма­лық актілер аясында атқарылып отыр­ғанын айта кету керек.

– Шаруалардың көп ісіне қа­­­ғазбастылық қолбайлау бо­лып жатады. Осы орайда Жер қа­тынастары басқармасы қыз­мет сапасын арттыруда қандай бас­тамаларды қолға алып жат­қа­нын айта кетсеңіз.

– Ашықтық пен жариялылықты қам­тамасыз ету мақсатында Жер ко­миссиясы құрамына қоғамдық кеңес, мәслихат депутаттары, мем­ле­кеттік емес бірлестік өкілдері тар­тылған. Олардың үлес салмағы 50 пайыздан кем емес.

Қызмет көрсету ісін жеңілдету үшін жер қатынастары саласындағы он мемлекеттік қызметтің тоғызы элек­тронды түрде атқарылды. Сол сияқ­ты жерге қатысты сауда-саттық қыз­меті де электронды форматқа кө­шірілген. Аукционды цифр­лан­дыру­ды республикада екінші болып, Батыс Қазақстан облысынан кейін қол­данысқа енгіздік. Былтыр Тараз, Мер­кі ауданында өткізілді. Енді кон­курстарды толығымен элект­рон­ды жүйеге көшіру үшін дайын­дық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Басқарма тарапынан ин­вес­тициялық-инновациялық жобаларды дамытып, кәсіпкерлікті қолдау ісі назардан тыс қалған емес. Агроөнеркәсіптік және коммер­ция­лық нысандарды орналастыру үшін олардың нысаналы мақсатын белгі­лей отырып, жерді, аумақты аймақ­тарға бөлу схемасы жасалды.
Кейінгі екі жылда инвес­ти­ция­лық-инновациялық жо­ба­лар үшін 12 386 гектар жер учас­ке­сі рәсімделіп, табысталды.

– Әңгімеңізге рақмет!

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button