Жайылым мәселесін шешу үшін 5 бағыт бойынша жұмыс атқарылып жатыр – Бахтияр БЕЙСЕМБАЙҰЛЫ
Жайылым мәселесін шешу үшін 5 бағыт бойынша жұмыс атқарылып жатыр – Бахтияр БЕЙСЕМБАЙҰЛЫ
Еліміз әлем бойынша жер көлемі жағынан 9-орында болса, жайылым жөнінен 5-орында. Алайда жайылым тапшылығы әр өңірде кездесетін өзекті мәселеге айналды. Мемлекет бас¬шысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы мәселеге тоқталып, нақты тапсырма берген болатын. Президент бос жатқан жерді мемлекетке қайтарып, ауыл тұрғындарына қолжетімді етуді тапсырды. Осы маңызды міндетті орындау үшін «AMANAT» партиясы жанынан «Жер аманаты» комиссиясы құрылды. Партия өкілдері, Мәжіліс депутаттары, тәуелсіз сарапшылар мен қоғам қайраткерлерінен құралған комиссия осыған дейін еліміздің оннан аса өңірін аралап, 3,8 млн гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 5 млн гектарға жетуі мүмкін. «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері Жамбыл облысына да барып, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, өңірдегі 46,3 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарған еді. Осы орайда Жамбыл облысы әкімдігі Жер қатынастары басқармасының басшысы Бахтияр Бейсембайұлымен сұхбаттасып, өңірдегі жер мәселесінің жайын сұраған едік.
– Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қалай пайдаланылып жатыр?
– Жамбыл облысында жерді тиімді пайдалану, жер ресурстарын қорғау, жер телімдерін бөлу және игеру, бос жатқан жерлерді халық қажеттілігіне қарай пайдалануды жоспарлау жөнінде бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Жалпы, облыстың жер қоры – 14,4 млн гектар. Бұл республика аумағының 5,3 пайызына тең. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі – 4,7 млн гектар.
Өздеріңізге белгілі, облыстың табиғи орналасу ерекшеліктеріне және жер байлығына сәйкес аграрлы-индустриялық аймақ болып саналады. Облыс аумағының 72 пайызы егін және мал шаруашылығын дамытуға қолайлы. Осыған орай ауыл шаруашылығына арналған жерді қорғау және тиімді пайдалану өзекті мәселе болып отыр.
– Биыл «Жер аманаты» комиссиясының араласуымен Жамбыл облысында 46,3 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл бағыттағы жұмыс қалай жалғасып жатыр? Жалпы, ауыл шаруашылығына арналған жердің игерілмеуіне не себеп?
– Биыл 1 қаңтардағы жағдай бойынша айтар болсақ, бос жатқан жерлерді қоспағанда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер бірқатар шаруа қожалығының пайдалануына берілген. Негізі, ауыл шаруашылығына арналған жердің тиімділігін арттыруға кері әсерін тигізіп отырған негізгі фактор – жер пайдаланушы субъектілердің ұсақтығы. Өздеріңіз білесіздер, ұсақ шаруа қожалықтары материалдық, техникалық және қаржылық жағынан әлсіз. Салдарынан егістік жерлердің біраз бөлігі жылма-жыл игерусіз қалып қояды.
Екіншіден, облыс егістікті суландыратын ағын судың 80 пайызын көрші қырғыз елінен алатындықтан, суармалы егістік жерлердің қайтарымы төмен. Жалпы, жер қорын пайдаланудың тиімділігін арттыру бағытында жерді түгендеу және тексеру жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырудың маңызы зор. Осы мақсатта басқарманың мұрындық болуымен жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы есебінен облыста ауылшаруашылық жерлері, бұрынғы саяжайлар орналасқан аумақтар, алма бақтары мен жүзімдік алқаптары, өндіріс орындарына қосалқы шаруашылық жүргізу үшін берілген жерлер түгенделді. Сол сияқты облыс аумағындағы бүлінген жерлердің есебі алынып, жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жерлер тексеруден өтті.
2017 жылдан бастап егістік жерлердің игерілуін ғарыштан мониторингтеу тәсілі қолданысқа енгізілді. Қазір бұл істі кейінгі екі жылдан бері республикалық бюджет есебінен Ауыл шаруашылығы министрлігі атқарып келеді. Осы іс-шаралардың нәтижесінде игерілмеген 236 мың гектар ауылшаруашылық мақсатындағы жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Аталған жұмыстардың жалғасы ретінде бос жатқан жерлер нақтыланып, геопорталға орналастырылды. Қазір облыс тұрғындарының есебін нақтылау жұмыстары қолға алынды. Осыдан кейін артық жерлер анықталып, мемлекет меншігіне қайтарылатын болады.
– Елімізде жайылым тапшылығы өзекті мәселе болып отыр. Облыста осы мәселені шешу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Иә. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді тиімді пайдалану туралы айтқанда, жайылым мәселесін айналып өту мүмкін емес. Бүгінде барлық облыста жайылым жетіспеушілігі байқалады. Президент Жолдауында осы мәселеге аса мән беріліп, жайылым тапшылығын 2023 жылдың аяғына дейін жою туралы тапсырма берілген болатын.
Жамбыл облысының жер қорында 8,1 млн гектар жайылым бар. Оның 3,6 млн гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерде. Ал 1,7 млн гектары орман, 1 млн гектары бос жатқан жер санатында. Қолда бар жайылымдықтарды есептегі шартты мал басына шаққанда, облыс бойынша жайылым жеткілікті болып шығады. Дегенмен бүгінде мал басы негізінен жеке шаруашылықтарда шоғырланғандықтан және қалыптасқан жүйеден, яғни малды жайып бағудың әсерінен елді мекендерге бекітіліп берілген жайылым жетіспей жатыр. Жағдайды нақтылау үшін облыстың прокуратура органдарымен бірлесіп зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, елді мекендерде 683 мың гектар жайылым жетіспейтіні анықталды.
Қазір осы мәселені жүйелі түрде шешу үшін 5 бағыт бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Біріншіден, Жер кодексінің 36-бабына сәйкес ауылдық округ бос жатқан жер санатындағы жайылымды елді мекенге беру жұмыстары басталды. 2021 жылы жалпы республика бойынша 1,8 млн гектар жайылым қайтарылды. Оның 730,2 мың гектары жергілікті тұрғындарға пайдалануға берілді.
Екіншіден, ортақ жайылымның пайдалануға беріліп кеткен бөлігін елді мекендерге қайтарып беру жұмыстары қолға алынды. Бұдан бөлек, елді мекендер аумағына 5 шақырым радиуста жақын орналасқан 199,6 мың гектар жайылымды ауылдық округтерге бекітіп беру ісі басталды. Атап айтар болсақ, 2021 жылы 13,6 мың гектар, 2022 жылдың 9 айында 18, 6 мың гектар берілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.
Үшіншіден, мал басы көп тұрғынның малын орман қоры жеріне шығару жұмыстары ұйымдастырылды. Нәтижесінде, орман қорындағы 1 млн гектар жайылымға 242,9 мың мал басы шығарылды.
Төртіншіден, жер пайдаланушылармен бірлесіп, өнім жиналып алынған жерлерге кедергісіз мал жаюға қатысты меморандум жасалып жатыр. Осы орайда нақты көрсеткішке тоқталып өтсем, көлемі 486,5 мың гектар болатын жерге қатысты 2 071 шаруа қожалығымен меморандум жасалды.
Бесіншіден, былтыр игерілмеген және заң талаптарын бұза отырып пайдаланылған 252,3 мың гектар жайылымның 106,3 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылса, осы жылдың 10 айында 140 мың гектар қайтарылды. Жалпы, биыл 415,8 мың гектар жайылым тексеруге ұсынылды. Осы жылы жайылымды ұлғайту үшін 1 060 мың гектар жер учаскесін қосып беру жоспарланған.
Малды жайып бағуды ретке келтіру үшін «Жайылымдар туралы» заңның талаптарына сәйкес, әрбір елді мекен бойынша жайылымды пайдалану тәртібі мен схемасы әзірленіп, бекітілді. Қорытындылай келе, облыс аумағында жер қатынастарын, жер учаскелерін табыстауды реттеу және келісімдеу шаралары қолданыстағы заңнамалық актілер аясында атқарылып отырғанын айта кету керек.
– Шаруалардың көп ісіне қағазбастылық қолбайлау болып жатады. Осы орайда Жер қатынастары басқармасы қызмет сапасын арттыруда қандай бастамаларды қолға алып жатқанын айта кетсеңіз.
– Ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында Жер комиссиясы құрамына қоғамдық кеңес, мәслихат депутаттары, мемлекеттік емес бірлестік өкілдері тартылған. Олардың үлес салмағы 50 пайыздан кем емес.
Қызмет көрсету ісін жеңілдету үшін жер қатынастары саласындағы он мемлекеттік қызметтің тоғызы электронды түрде атқарылды. Сол сияқты жерге қатысты сауда-саттық қызметі де электронды форматқа көшірілген. Аукционды цифрландыруды республикада екінші болып, Батыс Қазақстан облысынан кейін қолданысқа енгіздік. Былтыр Тараз, Меркі ауданында өткізілді. Енді конкурстарды толығымен электронды жүйеге көшіру үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Басқарма тарапынан инвестициялық-инновациялық жобаларды дамытып, кәсіпкерлікті қолдау ісі назардан тыс қалған емес. Агроөнеркәсіптік және коммерциялық нысандарды орналастыру үшін олардың нысаналы мақсатын белгілей отырып, жерді, аумақты аймақтарға бөлу схемасы жасалды.
Кейінгі екі жылда инвестициялық-инновациялық жобалар үшін 12 386 гектар жер учаскесі рәсімделіп, табысталды.
– Әңгімеңізге рақмет!