Жаңа Қазақстанды құру үшін мемлекетшіл мінез қалыптастыру керек – Өтен АХМЕТ
Жаңа Қазақстанды құру үшін мемлекетшіл мінез қалыптастыру керек – Өтен АХМЕТ
Нағыз белсенді қаламгерлер әрдайым заман тынысын тап басып, қоғам ойында жүрген мәселелердің шешімін іздейді. Сондықтан олардың мемлекет, ұлт, әдебиет туралы пікірлері әрдайым өткір және маңызды. Белгілі жазушы, драматург және аудармашы Өтен Ахметпен сұхбатымыз қоғам талқысында жүрген әңгімелермен өрбіп, ұлттық даму, мемлекетшілдік туралы ойларға ұласты.
– Өтен аға, сіз әдебиетке бір кісідей еңбек сіңірген аты белгілі жазушы болсаңыз да кезінде әдеби сын мақалалардағы «қалыптасқан тізімде» атыңыздың атала бермегенін, яғни шығармашылығыңызға дұрыстап назар аудармағанын білеміз. Жалпы, қаламгерлердің танымалдылығы, өз ұстанымына адалдығы туралы ойыңыз қандай?
– Күні кеше 84 жасқа толдым. Құттықтаулар қарша жауды. Бүкіл қазақ елінен. Байқасам, бәрі дерлік көркем әдебиетті сүйетін қарапайым оқырман. Рас, арасында бірде-бір шенеунік жоқ. Әу басынан менің көкірегімде шығарманы шенеунік үшін немесе өтпелі саяси науқандарға байланысты әлдебір бәйге алу үшін жазбайды, қоғам ішінде әртүрлі тағдыр тәлкегін кешіп жүрген адамдар туралы қалың оқырман үшін жазады деген ұстаным қалыптасқан. Осыдан айныған емеспін. Ұстанымымның дұрыстығын кешегі мені құттықтаулар көрсетті: қалың оқырман бар, бірде-бір шенеунік жоқ.
Иә, бізде кешегі коммунистік тапсырыспен әртүрлі бәйге, атақ алған жазушылардың жасы мен құралыптас үлкен шоғыры бар, соның арқасында олар билік дәліздерінде еркін жүріп бедел тапқан, үлкен дастарқандардан орын тиіп тамыр-таныстық тамырын жайған. Алайда атақты мен атақсыздың шығармаларын қатар алып, қайсысын қалай оқып жатыр деп салыстырып мониторинг жасаған кім бар? Ондайды естімеппін. Атақ – бізде көбіне ішінде дәні жоқ құр ұшық. Бір жас зерттеуші шығып, анау совет кезінен бастап атақ алғандардың тізімін жасап дұрыстап пайымдаса, атақ пен бәйгені кім кімнің арқасында алғанын қолмен қойғандай етіп айтып бере алады.
Көзі қарақты оқырманның көбі белгілі жазушы, менің замандасым Софы Сматаевтың мұң-зарын естіп те, оқып та жүрген болар. Мысалы, мен ондайымды өмірі айтқан емеспін. Айтпаймын да. Мүмкін, мінезім жасық болар. Ол айтып жатыр. Ащы айтып жатыр. Бұрынғы және қазіргі билік өкілдерінің аттарын атап айтып, дәлелдерімен. Өйткені билік дәліздерінде кезінде өзі де еркін, ұзақ жүрген адам. Ол ортаның мінезін өте жақсы біледі. Мысалы, соңғы жазғанында Ғабит Мүсіреповтен бастап марқұм болған біраз мықтылардың атын атапты. Ашынып айтқан сол ащы әңгімесінің түйіні: бәйгені шығармаға бермейді, әртүрлі қитұрқы жолмен жоғарыға жақын жүрген адамдарға бергізеді. Әрине, үлкен билікте қолдаушысы барлар, қабырғасына май қатқан астауларға жақын жүретіндер, ақша айналатын жерлерде отырып ақша жасап алып, төңірегіне топ жинағандар үшін өзінің кереметтігі жайында шу туғызудың қазір түк қиындығы жоқ. Сол шулайтындардың біреуінен: пәленшенің шығармашылығын жақсы көреді екенсіз, ғанибет, дегенмен оның қандай шығармасын оқыған едіңіз және нендей қасиеттері үшін ұнаттыңыз деп сұраңызшы, жай шуылдақ екеніне көзіңіз бірден жетеді. Бірақ олар фон жасайды. Өздерінің адамдарына қолдау көрсетуіне сылтау тауып береді. Тобырдың айқай шуы мен халықтың үні екі бөлек дүние, бірақ оның жігін айырып жатқан кім бар дейсіз.
Ақын, жазушының «көпшілікке танымалдығы» салыстырмалы ұғым. Бәріне уақыт төреші. Бірақ адам пенде өзі өмір сүрген қоғамның орнатқан ережелерін сәйкес еңбегінің нәтижесін «мен анадан артық болмасам, кем емес едім ғой» дейтін көңілмен көзінің тірісінде көріп қалғысы келеді. Мысалы, мұны біз Софы Сматаевтың тағдырынан анық көріп отырмыз.
– Бір кезде қазақ әдебиеттану ғылымы мен жазушылардың шығармашылығын бағалау мәселесінде, көбіне, аты белгілі ақын-жазушылардың маңайында жұмыс жүргізгені жасырын-жабатын нәрсе емес. Осы тұрғыдан алғанда, өзіңіз қаншалықты бағаланған қаламгерсіз? Қай шығармаларыңыз бағасын алмады немесе қайсы туындыларыңыз лайықты бағаланды?
– «Бұрын жазушылардың шығармашылығын бағалау мәселесінде көбіне аты белгілі ақын-жазушылардың маңайында жұмыс жүргізгені жасырын-жабатын нәрсе емес» дейсіз, ол қазір де солай, інім. Мен ашқан жаңалық емес, баяғыдан айтылып келе жатқан мәлім нәрсе ғой. Ықпалды жерде жүрген кей кісілер тізіммен жұмыс істейді. Кімнің кітабының шығуын, кімге әдеби бәйге, атақ берілетінін сол адамдардың солардың қай өңірден шыққаны шешеді.
Жалпы, әртүрлі аймақта, ұжымдық орталарда жауапты қызметтерде жүріп, көзімнің анық бір жеткен жері – тайпашылдық саяси жүйенің ішіне обырдың тамырлары сияқты тереңдеп кіріп алса, бір топтың екінші бір топты күйретудің, біреудің екінші біреуден кек алуының құралына айналып кетеді. Алаш арыстарының тағдыр-тауқыметін алайық. Немесе соңғы отыз жылдағы көріп-білгеніміз ше? Иә, жеке тәжірибемнен ұққаным, тайпашылдық бұрынғы саяси жүйелердің қайсысынан да күшті болды. елдің шындап жаңаруын қазақ халқы тым ұзақ күтіп қалды. Тарихи мүмкіндігін осы жолы қолдан жібере қоймас. Халықты біртұтастыққа бастайтын мұрат жолы қалыптасып, шынайы демократиялық қоғам орнап, әркім өз орнында қолынан келер ісімен айналысып, жаппай мемлекетшілдік түсінік-мінез қалыптасса, рушылдық секілді кертартпа құбылыс идеологиялық қаруы болудан қалары сөзсіз.
Мен қария адаммын, Жаңа Қазақстан орнап, кейінгі ұрпақ Софы Сматаев құсап әділетсіздіктің құрбаны болдым деп қартайғанда жыламай өтсе екен деймін.
Шығармаларымның бағалануына келсем, әрине егер оның құнын алған атақ, төске тағатындармен өлшесек – мен бағаланбаған адаммын. Әңгімеміздің басында айттым ғой, не жазсам да оқырман үшін жазамын, солар оқыса екен деп жазамын деп. Кеңестік кезеңде кітап дүкендеріне жаңадан не түсті екен деп жиі баратынмын, сонда байқаймын, партия, комсомол сыйлығын алған кейбіреулердің кітаптары қозғалмастан сықиып тұрады. Кейін КСРО құлағанда бәрін дерлік өртеп жіберді. Бертініректе кітапханаларға барғанымда, жетіден бастап жиырма пәленбай томдықпен шыққан сол «классикаларға» тағы кезіктім. Қаланған жерлерінде адам қолы тимеген күйінде мызғымастан қатып қалған.
Жалпы, кейбіреулер бүгін бермесеңдер ертең өлемін деп араға адам салып қалай да атақ алуға неге сонша жанталасады? Шығарманың құны оқырманымен екенін олар білмейді емес, біледі. Бірақ оның маңызды емесін, маңыздысы билік алдында жататын тізімге кіруде екенін де жақсы біледі. Өйткені тізімге бір кірсең болды, ешқашан марапат үлестіруден құр қалмайсың. Айтулы маскүнем болып жасыңа жетпей арақтан уланып өлсең де рулас-жерлестерің сенен қаһарман жасайды, тас мүсініңді қоқайтады, көшеге ме, әйтеуір бір жерге атыңды бергізеді. Күнде екінің бірі айтатын қарапайым сөздерінен тек соның ғана ғаламат милы басында туғандай етіп ерекше әулиелік мәні бар деп тізбектеп тәмсіл жасап қояды. Бірақ түптің түбінде мен шығарманың шынайы бағасын оқырман береді деп есептеймін. Басты көрсеткіші – жазғаныңның оқылғаны.
– Қазақ әдебиетінде тарихи шығармалар көп жазылды, әлі де жазылып жатыр. Бір кезде І.Есенберлиннің романдары өз тарихы туралы аз білетін қазақ оқырмандарын қызықтырғаны даусыз, ал қазір ұлттық тарихымызды зерттеуге еркіндік берілген кезеңде оны қияли қоспасы көп әдеби шығармалар арқылы насихаттау қажет пе? Тарихты жазып жүрген қаламгерлер сол тарих туралы объективті ой айта ала ма?
– Біз, қазақ – есінен танып қалған халықпыз. Мемлекетің болмаған, шексіз иен далада қойдың құйрығын құрттаудан басқа ештеңе үйренбей, білмей жүре бергенсің дегенді ғасырлар бойы басыңнан ұрып тоқпақтап айта берсе, есіңнен танбағанда қайтесің? Өз басым хат таныған соң ойлана бастадым. Батырлар жырын бабаларымыздың өткен жолы деп қабылдадым. Көргенім – соғыстан кейінгі күйкі тіршілік. Соның өзін бәлшебектердің ұлы жеңісінің ғажайып жеңісі деп дәріптейді. Түйсігің, еститінің, көріп жүргендерің бір-бірімен мүлде сәйкеспейді. Жалғыз мен емес, қазақтың талай ұрпағы осындай көңіл күйінде іштей тынып өскені, өмір сүргені белгілі ғой. Сондықтан қазақ әдебиетінде алғаш тарихи шығармалар жарыққа шыққанда оқырман қызығушылығы мен қуанышында шек болмады. Мәселен, Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романының сол кездегі оқырман көзімен қарағанда сиқыры неде? Бұл шығарманың саяси астарын біреу түсініп, біреу түсінбеген шығар, әңгіме онда емес, әңгіме қазақ халқының қой соңынан шыға алмай қалған жабайы емесін, болашағын ойлайтын, сол үшін күресе алатын, жаңаруға, жақсаруға ұмтылатын әрекет үстіндегі халық екенін жазушының суреттей білгенінде еді. Қазақ жабайы емес дегенді өзінше айта білгенінде еді. Мәселен, Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романы қазақ оқырманының құлдық санадағы ұйқысынан ояна түсуіне түрткі болып, ойын ұлт деген ұғымға қарай бұрып санасын сілкіп жібергені даусыз. Ілекеңнің тарихи кітаптарында қазақ халқының тағдыры, өзен суы, тау тасы әрдайым біртұтас. Оқырман қазақпын деп сезінеді. Кейінгі ру шежірелерін қуалап жазған шығармаларды тарихи дүниелер деуге келмейді. Ана ру, мына ру деңгейдегі мақтан туғызуы мүмкін. Бірақ ондай шығармалар ұлттық руханиятқа қызмет ете алмайды.
Қазақтың қолында өзінің болашағын өзі қамдайтындай тап қазіргідей мүмкіндігі ешқашан болған емес. Бізді өзбекпен салыстырып күпініп мақтанатындар әнеу жылдары өте көп болды, қазір де жетерлік. Олардың кемшіліктерін қоя тұрып айтсақ, бір артықшылығын мойындау керек. Ол – мемлекетшілдік психология – мінез. Бұл оларда Ақсақ темір заманынан мықтап қалыптасқан. Сол себепті оларда ұлттық тіл мәселесі туындаған емес. Мемлекетшілдік мінездегі отбасы, жеке адам өз елінің тілін өлсе жоғалтпайды. Әйтпесе, өзбек жұрт ойлайтындай біртекті халық емес, руларының саны, алуан түрлі кірме этностар тұрғысынан, тіпті еврейлерінің өзі көп, бізден асып түспесе, кем түспейді.
Өнер саласында тайпалық шежірелерден туындайтын шығармалар – мемлекетшілдік мінез қалыптастырудағы басты бөгет. Ал мемлекетшілдік мінезсіз Жаңа Қазақстан құру оңай болмас. Жаңа Қазақстанды құру барысында мемлекетшілдік мінез қалыптастыру тетіктерін ойластыру ауадай қажет деп білем. Әйтпесе, тайпашылдық залымдықтан тағы да жеңіліп қаламыз.
Мен тарихи шығармаларға оқырман қызығатынын білдім. Бірақ ондай дүние жазу үшін ру шежіресінің жеткіліксіз болатынын түсіндім. Сондықтан ол тақырыпқа саналы түрде бармадым. Мен өз заманым, өзімнің бүгінге ортам жайында жазғанды жөн көрдім. Өзі өмір сүрген заманы, ортасы туралы жазатын жазушының бағы жанбайтынын да жақсы білдім. Өйткені кез келген адам бұл өмірді мен өзім де жетік білем деп ойлайды. Шынында, бүгінгі өмірдің артық-кемін түсінген адам ғана ертеңгі тәуір күнге бастайтын дұрыс жол таңдай алады. Әйтпесе, бір адасудан өлердей болып әрең шығып, тағы да адасу жолына түскенімізді білмей жауыр болған ескі сөздерді фетишке айналдырып, «әй, енді осы жолы бәрін қатырамыз» деп ұрандатып, шындығында сол баяғы табанымыздың астындағыны таптаумен боламыз.
Иә, өткенді сипаттау керемет. Жоқ, олай емес деп кім айтады. Бүгінгі күнді суреттеу, айту қиямет. Өйткені куәң қасыңда. Осындайдан ғой, атақты Стендальдің «Қызыл мен қара» деген романын замандастары іске алғысыз етіп тастағанда, мұның бағы жүз жылдан кейін жанады деп жауап бергені. Солай болып шықты ғой. Менің өз заманым, замандастарым туралы жазылған үш романым: «Қарқаралы аруы», «Заңғар», «Ғашық жүрек» тақырыбы, көтерген мәселесі, мазмұны, адам тағдыры жағынан болсын қазақ әдебиетіндегі ешбір романға ұқсамайды. «Қарқаралы аруы» романым «Жазушы» баспасының 1984 жылғы жоспарына енді. Соны шығартпау үшін, ішінде мемлекеттік сыйлық, тағы басқа атақ алғандары да бар, күйедей жабылды. Таққан ортақ айыптары: «Советтік жерұйық тұрмысты бұрмалап көрсеткен, күйе жаққан». Негізінде, тапқан айыптары дұрыс. Ол шығармамда мен советтік жүйе сол қалпында кете берсе, шынында құлайтынын болжаған едім.
«Заңғар» – Теміртау металлургтер өмірінен. Заман өзгергенмен, қара металлургиядағы жұмысшы өмірі нашарламаса, жақсарған жоқ. Мен суреттеген сол тағдыр, әлі де сол тағдыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жақында болған үлкен трагедиялық апаттан кейін бұған өзі тікелей назар аударды.
Өнер адамының тағдыры сахна мен сахна сыртында қандай? Осыны мен «Ғашық жүрек» романымда тұңғыш суреттедім деп ойлаймын. Заманалар өзгере келе менің бұл романдарым тарихи дүниелерге, өз уақытын танытатын қоспасыз шынайы дүниелерге айналады. Бағы жанады.
– Сіз жазуы қалыптасқан прозик қана емес, жанр табиғатын жақсы меңгерген драматургсіз. Өзіңіз жазған, аударған драмалық шығармаларыңыз театр сахналарында қойылған, қазір де көрсетіліп жатыр. Солар туралы қысқаша айта кетсеңіз?
– Мен 1974-1982 жылдары Қарағанды телерадиокомитетінде Бас редактор болып қызмет істедім. Ол уақытта ТВ қызметінің бір саласы театр сияқты еді. Көрініске пайдаланатын кәдуілгі пулемет пен автоматымыз да болды. Шағын көріністер, скетчтер қоятынбыз. Осындай ізденістер мені драматургияға алып келді. «Темірқазық» деп аталатын тұңғыш пьесам Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық театрында қойылды. Бертініректе «Жұлынқұрт» пьесамды сахналады. Жалпы, төл пьесаларым және аудармаларым бар, Алматыда Ғ.Мүсірепов атындағы, Талдықорғандағы Б.Римова атындағы, Астанада Қ.Қуанышбаев атындағы, сондай-ақ Ақтау, Ақтөбе, Шымкент, Павлодар облыстық театрларында қойылды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай он шақты драмалық шығармалар ішінен таңдау менің «Алаштың Ахметі» деген пьесама түсіп, ол қазір Қостанай облыстық театрынан өз орнын тапты. Шымкент театрында менің аудармам бойынша «Медея\Филоктет» спектаклі жүріп жатыр. Орал қаласында өткен театр фестивалінде Медея рөлінде ойнаған Бақытгүл Қожамұратова «Ең үздік әйел рөлі үшін» бәйгесін жеңіп алды. Менің қоржынымда ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан туралы, АЛЖИР түрмесінің азабын көрген жазықсыз жандардың қияметті өмірлері жайында, атақты күйшінің шығармашылық ізденіс жолындағы азапты күйзелісін суреттейтін, басқа да өзекті ойларды қозғайтын шығармаларым баршылық. Ал қазір мемлекеттік баспадан болсын, театрлардан болсын шығарма өткізу атағыңа байланысты боп қалды. Сондықтан осындайда ебін тауып, кітабын шығарып, драмасын қойғызып, атақ, сыйлық алудың жолын тапқыштарды әулие демеске лажың жоқ.
– Өтен Ахмет дегенде драматург қана емес, мықты аудармашы да есімізде тұрады. Аударма саласында тындырғаныңыз аз емес. Қазір қандай шығармаларды аударып жүрсіз? Сіз аударып жүрген туындылардың қазақ оқырмандарына әсері қандай болуы мүмкін?
– Аудармаларыма қатысты біршама айтып та тастадым-ау деймін. Жалғастырсам, әлемдік драматургияның жауһарлары «Медея», «Федра», «Филоктет», «Войцекті» аудардым. Халықаралық театр фестивальдарына қатысып, алды төрт ретке дейін Гран-при бәйгесін алған. Войцекті ойнағаннан кейін қанат бітіп ұшып кеткеннің бірі – Азамат Сатыбалды. Қазір қандай қызметте отырғанын білесіздер.
Әлемдік классикалық прозадан қазақ тіліне Нобель сыйлығының лауреаты Дж.Кутзеенің «Михаэланың өмір соқпақтары мен тағдыр тоқпақтары» және «Арсыз» деген екі романын, Рэй Бреэдбери, Стивен Кинг, Хулио Кортасар, Алистер Кроули, Джек Ричи, Джером Д. Сэленджер, Акутавага Рюноскэ, Ясунари Кавабатаның әңгімелерін аудардым. Менің аудармамда Луйза Мэй Олкоттың «Кішкентай ханымдар» романы, Николай Лугиновтың «Шыңғыс хан әмірімен» деген эпопеясы «Фолиант» баспасынан жарық көрді. Осы баспа үшін Грегори Дэвид Робертстің «Шантарам» романын, Марио Пьюзоның атышулы «Өкіл әке» («Крестный отец») романын аударып бердім. Әлемдік оқырман қабылдаған, сүйсініп оқитын, айтары мол рухани жәдігерлерді қазақ оқырмандары да жақсы қабылдар, жатсына қоймас деп ойлаймын.
– Сексен беске аяқ бассаңыз да әлі күнге жиі жазатын белсенді жазушы екеніңізді әлеуметтік желіге жарияланған жазбаларыңыздан көріп, біліп отырмыз. Бірақ бір таңғалғанымыз, сіз секілді өнімді еңбек еткен қаламгердің мемлекеттік марапаты да, әдеби сыйлығы да жоқ екен. Оның себебі не?
– Атақтарым неге жоқ? Әңгімеміз барысында оған біршама тоқталдым-ау деймін. Оған тағы бір себеп, мүмкін басты себеп – өзімнің жаман мінезім. Жаратылысымда біреуге жағынайыншы деген көңілімде қылтанақтай да ой ешқашан көктемейді. Біраз уақыт Қарағанды облысының баспасөз саласында басшылық қызметте болдым. Комиссия, анау-мынауларының ішіндемін. Сол кезде де басыма осы артықшылығымды пайдаланайыншы, бірдеңе алып қалайыншы деген ой келмепті. Мән бермеппін. 1992 жылы маған медалімен «Еңбек ардагері» деген атақ берді. Зейнетке шығарымда сондай марапатым барын айтуды ұмытып кетіппін. Менің бұл қасиетімді қазақ қоғамында қалыптасқан түсінік бойынша, «кем пайда» біреу дейді. «Жыламаған балаға емшек қайда» дегендей, өзім қамданып, керекті адам іздеп кезінде қамданбаған болсам, кімге өкпелеймін. Оның үстіне, билік жағында «осы кісіні ұмытып жүрміз, обал болды» деп маған жаны ашитын адам ешуақытта болған емес.
Мен Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туғанмын. Ол жақтан 16 жасымда кеттім. Еңбек жолымды шахтада кенші болып бастап, азамат ретінде Қарағанды облысында қалыптастым. Бар күш-қайратымды осы облысқа арнадым. Қызылорда бізде еңбек еткен жоқсың десе, Қарағанды біздің жерімізде тумағансың десе, мен оларға не айта алғандаймын. Бұл – біздің өміріміз, шындығымыз...
– Баспасөз саласында біраз жерде басшылық қызметтер атқардыңыз. Елімізге көрнекті қаламгерлердің талайымен бірге жұмыс істедіңіз. Бір сөзбен айтқанда, өмірбаяны бай қаламгерсіз. Ал сіз секілді көрген-білгені көп жазушының өмір тәжірибесі, қаламгерлік тағдыры жұртты қызықтырары сөзсіз. Мемуарлық кітап жазу ойыңызда жоқ па?
– Құдай ғұмыр берсе, күш-қуат сарқылып қалмаса ойда әлі талай нәрсе бар. Бұйырса, бәрі ретімен жазылып, жариялана жатар.
– Әңгімеңізге рақмет! Ойға алған шығармаларыңыздың тезірек жазылып, халықтың кәдесіне жарауына тілектестігімді білдіремін.
Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ