Түркі елдері бірлігінің жаңа деңгейі

Түркі елдері бірлігінің жаңа деңгейі

Түркі елдері бірлігінің жаңа деңгейі
ашық дереккөзі
11 қараша күні Өзбекстанның Самарқанд қаласында Түркі мем­лекеттері ұйымының саммиті өтті. Жиынға түркітілдес елдер­дің бе­делді өкілдері қатысты. Осы жолғы басқосуда қабылданған бірқатар маңыз­­ды құжат пен талқыланған мәселе түркі әлемінің ынты­мақ­тастығына жаңа серпін беретіндей әсер қалдырды. Жиында қандай мәселелер көтерілді? Қандай шешімдер қабылданды? Бас­тамалар бізге не береді? Сарапшы мамандардың пікірі қандай? Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Түрікменстанның Мил­ли Генгеші Халк Маслахатының төра­ғасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Түркі мемлекеттері ұйымы мемлекеттер бас­шылары кеңесінің 2021-2022 жылдар­да­ғы тө­ра­ғасы – Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Республикасының пре­зиденті Садыр Жапаров, Мажарстан пре­мьер-ми­нистрі Виктор Орбан және Түр­кі мем­лекеттері ұйымының бас хат­шы­сы Бағдат Әміреев пен Түркі мемле­кеттері ұйымының жаңадан тағайындалған Бас хатшысы Қубанычбек Өмірәлиев қатысты. Қазір Түркі мемлекеттерінің ұйымына Әзер­байжан, Қазақстан, Қырғыз Респуб­ликасы, Түр­кия және Өзбекстан кіреді, Венг­рия ба­қылаушы ретінде қатысады. Сонымен қа­тар Түрікменстан да ұйымға ба­қылаушы ел ре­тінде қабылданған бо­латын. Биыл төра­ғалық Түркиядан Өзбек­станға өтті. Жалпы, бұл жиындағы келісім­дер­дің басым бөлігі көлік-транзит мә­селелеріне қатысты болды. Бастамалар сәт­ті жүзеге асар болса, әрине тоғыз жол­дың торабында орналасқан біздің елге зор мүм­кіндік болар еді. Сонымен қатар ұйым­ға мүше елдердің ешқайсысына санкция са­лынбаған. Одан бөлек, геосаяси ахуалға бай­ла­нысты құбылмалы күйге енген эко­номиканы нығайту мәселелесі де күн тәр­тібіндегі ең өзекті тақырып болды. Бауырлас елдердің мәдени-тарихи құн­дылықтарын дәріптеу, сақтау ту­ралы да айтылды. Саммит қорытындысы бойынша бір­не­ше маңызды құжатқа қол қойыл­ды. Атап айт­қанда: 1. Түркі мемлекеттері ұйымы самми­тінің декларациясы; 2. Түркітілдес мемлекеттердің ынты­мақ­тастық кеңесін құру жөніндегі Нах­чы­ван келісіміне өзгерістер енгізу туралы хат­тама; 3. Түркі мемлекеттері ұйымы рәсім­дері­нің ережелерін қабылдау туралы шешім; 4. Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хат­шысын және оның орынбасарларын, сон­дай-ақ Түркі академиясының пре­зи­денті мен вице-президентін тағайындау тура­лы шешім; 5. Түркі инвестициялық қорын құру ту­ра­лы шешім. Бұл – саммиттің жалпы фабуласы. Кей­бір мәселелерге кеңірек тоқталып өтсек. Көлік-логистика саласына 20 миллиард доллар инвестиция тартылады Ең алдымен транзит мәселесі көтеріл­ді. Жиында сын-қатерлерді еңсеру үшін ұйымға мүше мемлекеттер күш-жі­ге­рін біріктіріп, шара қабылдауы керек еке­ні айтылды. Осы бағытта түркітілдес халық­тар­дың алдында құрлық ішіндегі көлік-транзит дәліздерін дамыту, тран­зит­тік және экспорттық мүмкіндіктерді одан әрі жетілдіру, шекара бекеттерін жаңғырту мақ­саты тұр. Сондай-ақ қолданыстағы те­мір­жол және автокөлік бағыттарына ба­ла­ма жолдар табу үшін кешенді шаралар қа­был­дауға шақырды. Саммитке қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев біздің еліміз бұл мәселеге ерекше мән беретінін айтып, Транскаспий халықаралық көлік дәлізі тура­лы сөз қозғады. – Қазіргідей алмағайып кезеңде транзит-кө­лік коммуникациясының әлеуетін арт­тыру және оның мүмкіндігін барынша пай­далану аса маңызды. Себебі біздің мем­ле­кеттеріміз Батыс пен Шығысты, Сол­түс­тік пен Оңтүстікті тікелей байланыстырады. Бауырлас үш ел арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік дәлізі – соның жарқын мысалы. Сондықтан біз көлік-логистика саласына ерекше мән береміз. Соңғы 15 жылда Қазақстан осы са­ланы дамытуға 35 миллиард доллар қар­жы бөлді. Біз көлік бағдарын көбейтуге және логистиканы өзара ықпалдастыруға мүд­деліміз. Сол үшін 2025 жылға дейін та­ғы 20 миллиард доллар инвестиция тарту­ды көздеп отырмыз, – деді Мемлекет бас­шысы. Бұдан бөлек, жүктерді рәсімдеу шара­ларын оңтайлы ететін «цифрлық көлік жүйесін» қалыптастыру бастамасы кө­терілді. Бұл қадам, сонымен қатар тасы­мал құжаттарын жылдам алмасуға жол ашып, халықаралық нарыққа шығуға қо­сым­ша мүмкіндіктер бермек. Түркі ынтымақтастығына ұйытқы болған ұйымдардың тарихын зер­делегенде, олардың көпшілігіне Қазақстан бастамашы болғанын байқауға болатынын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев олардың мақ­сатына сай нәтиже беретініне сенім біл­дірді. «Жасыл экономиканы» дамыту үшін кеңес құру ұсынылды Саммитте «жасыл экономиканы» да­мыту тақырыбы да қозғалды. Әлем елдері соңғы 7 жылда «жасыл» облига­ция­ларға 2,5 триллион доллардан астам қаржы бөл­ген. – Осы ретте, мен бұл саладағы капитал нары­ғын дамыту үшін «Түркі жасыл қаржы кеңе­сін» құруды ұсынамын. Оны «Астана» халықаралық қаржы орталығының Жасыл қаржы орталығы негізінде ашуға болар еді. Бү­гінде «Астана» халықаралық қаржы орта­лығы әлемдегі ірі компаниялар арасында танымал болып, жоғары деңгейде мойын­дал­ды. Ол жаңа кеңестің Хатшылығы қыз­ме­тін атқара алады, – деді жиында Қ. Тоқаев. Түркі кедендік одағы құрыла ма? Қазір түркі елдерінің бастамалары Түр­кі елдерінің төл Кеден одағын құруға негіз бо­латыны айтылып жүр. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс­тер комитеті «Қазақстан Үкіметі мен түркі мемлекеттері ұйымдарының үкімет­тері арасындағы оңайлатылған Кеден дәлі­зін құру туралы» Қазақстан Үкіметі қау­лысының жобасын жариялады. Яғни, жо­ба дайын, қол да қойылмақ. Түркі елдері арасындағы Кеден дә­лі­зін құру туралы келісімге қатысты Қар­жы министрі түсініктеме берді. – Бұл құжат өзара кедендік бақылаудың тиім­ділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осы мақсатта мемлекеттеріміздің аумақ­тары арасында жүретін көліктер мен тауар­лар бойынша мәліметтерді электронды алмасу жолға қойылады. Кеден дәлізін құру арқасында бірін­ші­ден, кедендік бақылауды жүргізу мерзімдері қысқартылады, оның қауіп­сіз­дігі артады. Екіншіден, түркітілдес мемлекеттер аумақтары арасында қозғалатын кө­ліктер мен тауарларға қатысты ақпарат алмасу ісі дамытылады. Нәтижесінде, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар, мүше ел­дердің экспорттаушылары, импорттау­шы­лары үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жа­салады, елдеріміз үшін кедендік бақылау рәсім­дері оңайлатылады, – деді Премьер-Ми­­нистрдің орынбасары – Қаржы ми­нистрі Ерұлан Жамаубаев. Дегенмен бұл – Түркі елдерінің ор­тақ кедендік одағы құрылады деген сөз емес. Құрылған күннің өзінде, біз Еура­зия­лық экономикалық одақтан шығуымыз керек. Цифрландыру орталығы құрылмақ Жиында тағы бір көтерілген маңыз­ды мәселе – ІТ саласындағы қа­рым-қатынасты жандандыру. Түркі елде­рі­нің IT саласына қатысты тың тәсілдер әзір­леуі айрықша маңызды. Бұл біздің цифрлық дамуымызға жол ашады. Осы рет­те Қазақстан Astana Hub халықаралық тех­нопаркі негізінде Түркі мемлекеттері ұйы­мының Цифрландыру орталығын құру­ды ұсынды. – Бұл құрылым сауда, көлік, су ресурс­тары, ақпараттық қауіпсіздік және басқа да салаларға қажетті цифрлық шешімдер әзір­леуге мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы мақсаттар жүзеге асырылуы үшін Түркі елдерінің Венчурлық қо­рын құру керек екені, сол арқылы маңыз­ды старт-ап жобаларға инвестиция тар­туға жол ашылатыны да айтылды. Ортақ мұраны зерттеуге арналған «Жол картасы» әзірленеді Бұдан басқа, түркі мемлекеттерінің бі­лім және ғылым саласындағы ын­тымақтастығын нығайту мәселесі көте­ріл­ді. Осыған орай 2023 жылы біздің елде ІІ Түркі универсиадасын ұйымдастыру жос­пар­ланып отыр. 2023 жылы Түркі елдері университеттерінің ортақ желісін құру мүмкіндігін қарастыру да ұсынылды. Бұл бас­тама студенттеріміздің түркі тілдерін үй­реніп, бауырлас елдердің тыныс-тір­ші­лігімен танысуына жол ашуға тиіс. Сонымен бірге түркі елдерінің ру­хани дереккөздерін зерделейтін жо­баларға ерекше көңіл бөлген абзал екені ай­тылды. – Биыл Түркі академиясы Моңғолияда жүр­гізген қазба жұмысының нәтижесінде маңыз­ды жаңалық ашты. Екінші Түркі қа­ға­натын қайта тірілткен Құтлық қағанның кеше­нін тапты. Бұл – «түркі» деген сөзі бар ең көне жазба ескерткіш. Осы орайда мен түркі халықтарының ортақ жазба мұрасын зерт­теуге арналған «Жол картасын» әзір­леуді ұсынамын. Келешекте соның негізінде Түр­кі мемлекеттері ұйымының «Цифрлық кітап­ханасын» құруға болады. Бұл жұмыс құн­ды құжаттар мен сирек кітаптарды ұр­паққа мұра етіп қалдыруға мүмкіндік берер еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Талғат ЖАНЫСБАЙ, саясаттанушы: Түркі мемлекеттері ұйымының басқосуынан саяси астар іздеудің қажеті жоқ
– 2019 жылы басталып, әлемді әбігерге салған пандемиядан енді ғана ес жиып, еңсемізді көтердік. Екі жылдан астам уақыт бойы мем­лекет басшылары бір-біріне мемлекеттік ресми іссапарлармен бара алмады деуге болады. Дегенмен де бірқатар ұйымның жұмысы мен мемлекет басшыларының онлайн түрде басқосулары болып тұр­ды. Мысалы, 2021 жылдың 31 наурызында «Түркістан – түркі әле­мінің рухани астанасы» тақырыбында түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңе­сінің бейресми саммиті бейнеконференция арқылы өтті. Қазір геосаяси ахуал күн санап қиындап барады. Ресей мен Украинаның арасындағы ки­­­кілжің қашан аяқталатынын саясаттанушылардың өзі нақты дөп басып айта алмайды. Оған қоса, сыртқы күштердің әсерімен Әзербайжан мен Армения, Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан жә­не Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан арасында 30 жылдан бері созылып келе жатқан шекара мә­селесіндегі даудың оты үдеп барады. Сол себепті де түркітілдес мемлекеттер өзара ынтымақтастыққа келмесе, геосаяси жағдай өз арамызда шиеленісуі мүмкін екенін түсінді. Сондықтан да түркітілдес мемлекет басшылары бірігіп, ортақ мәселелерді көтеруге тырысты деп ойлаймын. 11 қарашада Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті – соның айғағы. Сол жиында негізінен рухани-мәдени, экномикалық, сауда-саттық жағынан ортақ келесімдер көтерілгенімен, түркітілдес елдердің сыртқы күштерге «міне, біз біргеміз!» деп ишара білдіргені деп ойлаймын. Естеріңізде болса, осы кезге дейін Ресей саясаткері Владимир Жириновский «түркітілдес мемлекеттер бірігіп, Тұран әскери одағын құрмақ» деген сияқты пікірлерін білдіріп жүрді. Бірақ Түркі мемлекеттері ұйымының басқосуынан саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Бауырлас мемлекеттер бір-біріне әскери қару-жарақ жағынан қолдау білдірмесе, әскер жағынан көмек бере алмайды. Себебі ол әлемдік саясаттың белгілеген қағидаларына сай келмейді. Қазір Түркі мемлекеттері ұйымының саяси және экономикалық ықпалы жоғары екенін баса айтқым келеді. Себебі әлемде болып жатқан саяси ахуалдарды айтпағанда, экономикалық қаржы дағдарысы жүріп жатыр. Осы жағдайларды ескеріп, бауырлас мемлекеттердің өзара келісімдерге келіп, сауда-саттық саласында бірқатар мәселенің шешімін қарастыру орынды. Биылдың өзінде елімізге бауырлас түркі елдерінің басшылары мемлекеттік ресми сапарлармен келді. Атап айтсақ, Түркия, Қырғыз Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан басшылары Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесулер жасады. Бұл ресми кездесулер біздің елдің түркі елдер арасында зор беделге ие екенін көрсетеді. Осы кезге дейін біздің еліміз түркі мемлекеттерінің ұйымын құруға тікелей мұрындық болған. Сондықтан бауырлас мемлекеттер арасында біздің рөліміз жоғары деуге негіз бар. Бауырлас мемлекеттердің бірігуі өз нәтижелерін беріп жатыр деуге болады. Мысалы, қазір ортақ құндылықтарымызды жаңғырту мақсатында Қазақстанның Өзбекстандағы жылы, Өзбекстанның Қазақстандағы жылы немесе Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы жылы, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы жылы сияқты үлкен мәнге ие жұмыстар жүріп жатыр. Қала берді, келер жылдан бастап, Қазақстан мен Өзбекстан ЖОО арасында екі мемлекеттің тілі оқытылмақ. Осының бәрі бауырлас мемлекеттердің бір-біріне жақындасуының көрінісі.
Лидия ПАРХОМЧИК, ӘЕСИ сарапшысы: ДиалогтІң жаңа форматы
– Самарқандтағы саммит 2021 жылғы қарашада Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Түркі мемлекеттерінің ұйымы болып қайта құрылғаннан кейінгі алғашқы жиын болды. Төрағалық Түркиядан Өзбекстанға ауысты. Жоғары деңгейдегі келіссөздер қатысушы елдердің ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне шығуға ниетті екенін байқатады. Жиында күн тәртібіндегі көлік мәселелерінің мемлекетаралық тетіктерін жетілдіру туралы сөз болды. Қазір кооперацияның осы бағытын әзірлеуге ерекше назар аударылып отыр. Мәселен, 2022 жылғы қазанның соңында ұйымға мүше елдердің теміржол әкімшіліктері басшыларының бірінші кеңесі өтті, оның шеңберінде тараптар өңірдің транзиттік әлеуетін көтеру және баламалы көлік маршруттарын дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Ұйымға мүше елдердің көлік саласы министрлері істеген жұмыстың нәтижесінде халықаралық жүк тасымалын дамыту бойынша ынтымақтастықтың нормативтік базасы дайындалғанын айтып өту керек. Түркі мемлекеттерінің өзара көлік байланысы жөніндегі бағдарлама қабылданғаны елдердің Еуразиядағы құбылмалы геоэкономикалық жағдайды пайдалануға ұмтылып жатқанын білдіреді. Түркі әлемінің елдері өздерінің құрлық және теңіз шекараларын әлемдік нарықпен байланыстырып қана қоймай, уақыт өте келе бірыңғай көлік кеңістігін құруды да мақсат етіп отыр. Жеңілдетілген кеден дәлізін енгізу туралы және жүктерді халықаралық аралас тасымалдау туралы келісімдер бұған ықпал етуге тиіс. Ұйым форматындағы ынтымақтастыққа көшкеннен кейін ұйымға мүше елдер экономикалық өзара іс-қимылдың тәжірибелік аспектілеріне назар аударуға мүмкіндік алғанын атап өту маңызды. Шын мәнінде, 2021 жылғы қарашада «Түркі әлемінің келешегі – 2040» бағдарламасының қабылдануымен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер жаңа интеграциялық күн тәртібін қалыптастыра бастады. Диалог платформасынан толыққанды ұйымға ауысу сауда байланыстарын кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашты. Түркі мемлекеттері ұйымының 2022-2026 жылдарға арналған стратегиясын бекіту туралы шешім елдердің сауда-экономикалық айырбас динамикасын арттыруды көздейді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша ұйымға мүше елдер арасындағы өңірішілік сауданың жиынтық көлемі 21 миллиард долларға жетті, яғни 2016 жылғымен салыстырғанда өсім 89 пайыз болды. Алдағы уақытта Сауда-экономикалық, инвестициялық және көлік-логистикалық салалардағы серіктестікті жандандыру үрдісі тек күшейетіні анық. Қазақстан үшін ынтымақтастық пен байланыстың оң динамикасын сақтау маңызды. Осы тұрғыда Түрікменстанды түркі интеграциясы үдерістеріне неғұрлым белсенді тарту тараптар арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге сеп бола алады.
Нұрлан СЕЙДІН, саясаттанушы: Түркі елдері арасындағы ынтымақтастықтың ауқымы кеңейіп бара жатқанының белгісі
– Cоңғы жылдары жалпы әлемдегі ахуал күрделеніп кетті. 2020 жылғы пандемия салдарынан көптеген саммит жоспарланған мерзімінен кейінге шегерілген болатын. Бізде де 2021 жылы Түр­кістанда түркі елдерінің басшылары жиналуы керек еді. Сондықтан мәсе­лелер енді қолға алынып жатыр. Биыл біздің Президенттің Түр­кияға жасаған сапары, Түркия президентінің Қазақстанға жа­саған ресми сапары, сонымен қатар түркі елдері басшыларының Самарқандта кездесуі – осының барлығы түркітілдес елдер арасындағы ынтымақтастықтың ауқымы кеңейіп, мазмұны ұлғайып бара жатқанының белгісі десек болады. Жалпы, әлемдегі, аймақтағы болып жатқан геосаяси өзгерістер, санкциялар бар, басқалар бар, экономикалық дамуға қатты әсер етуде. Географиялық тұрғыда бұрын Еуропамен басқа да мемлекеттермен Ресей арқылы қарым-қатынас орнатқан болсақ, қазір енді тасымалдың жаңа жолдарын іздеп жатырмыз. Соған байланысты Президентіміз біршама кездесу өткізді, Әзербайжанға, басқа да бірқатар елге барды. Сондықтан алдағы уақытта түркітілдес елдердің арасындағы экономикалық, саяси, мәдени ынтымақтастық одан әрі тереңдей түседі деп айтсақ болады, оған барлық негіз бар. Бұл жолы да Президент түгел түркі тарихы, мәдениеті, тілі туралы терең зерттеулер жасауға, оны дамытуға қатысты бірқатар ұсыныс жасады. Түркі академиясы және басқа да ме­кемелер бұл жолда жүйелі жұмыс істеп жатыр. Енді біз осы түркі мемлекеттерінің ара­сын­дағы саяси, экономикалық ынтымақтастықты күшейтуіміз керек. Егер де біз бір-бірі­мізбен қарым-қатынасымызды нығайтар болсақ, басқа да әлемде болып жатқан түрлі қарама-қайшылық пен кері процестер көп ықпал ете алмайтын болады. Өздеріңіз білесіздер, біздің еліміз ынтымақтастық жөнінде халықаралық, әлемдік дең­гейде үнемі бастама көтеріп отырады. Сол себептен де белсенді елдердің бірі ретінде еліміз ары қарай да саяси-экономикалық, қауіпсіздік, гуманитарлық, экологиялық мәселелер, мә­дени байланыстар төңірегіндегі ұсыныстарды қолдай отырып, осы бағыттағы жұмыс­тарды тереңдете бермек. Саммит барысында да осы мәселелер айтылды. Ары қарай ұйымның беделі де, ықпалы да күшейе бермек. Егер бірігіп, ұйымдасатын болсақ, территориялық тұтастық, саяси экономикалық мәселелерді еңсеруге толық мүмкіндігіміз болады.
Қорыта айтқанда, бұл жиын қазіргі құбылмалы жағдайда түркі әлемінің бір-біріне демеу, сүйеу болуға ниетті екенінің белгісі деуге келеді. Сарапшылардың пікіріне қарасақ, қабылданған құжаттардың қай-қайсысы болмасын тараптардың бәріне игілігі мол болмақ. Енді 2023 жылғы Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті Қазақстанда өтеді.