Алматы – еліміздің алтын бесігі

Алматы – еліміздің алтын бесігі

Алматы – еліміздің алтын бесігі
ашық дереккөзі
15 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевың Алматы қаласына жұмыс сапары басталды. Сапардың алғашқы күні Мемлекет басшысы автомобиль зауытының іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Ал кеше Алматы қаласының жұртшылығымен кездесіп, Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішін ашты. Автомобиль шығаратын зауыттың іргетасы қаланды Мемлекет басшысы Алматыға жұмыс сапары аясында алдымен Changan, Chery, Haval маркалы автомобильдер шығаратын зауыттың іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Зауыт 2024 жылдың төртінші тоқсанында ашылады деп жоспарланып отыр. Өндіріс аумағы 100 мың шаршы метрден асады. Үш автокөлік маркасының әрқайсысы үшін дәнекерлеу және құрастыру жұмыстарына арналған жеке цех салынады. Зауыт іске қосылғаннан кейін оның өндірістік қуаты жылына 90 мыңнан астам көлік шығаруға жетеді. Инвестицияның жалпы құны 100 миллиард теңгеден асады. Astana Motors компаниясы 2 200-ге жуық жұмыс орнын ашады. Қасым-Жомарт Тоқаев жобамен танысқан соң зауыт жұмысшыларымен әңгімелесті. – Бұл жоба елімізге өте қажет. Сондықтан тәуе­кел дейміз. Зауыттың жұмысына сәттілік тілеймін. Қытай Төрағасы Си Цзиньпин мырза биыл Қазақ­станға келген кезінде келіссөз жүргіздік. Соның ішінде осы жоба туралы да әңгімелестік. Нәти­же­сінде, міне, бұл жоба іске асырыла бастады. Құтты бол­сын! – деді Президент. «Агломерацияларды дамыту туралы» жаңа заң қабылданады 16 қараша күні Мемлекет басшысы Алматы қала­сының халқымен кездесті. Жиында Алматы­ның ел тарихында айрықша орын алатынын атап өтіп, осы қалада Егемендік декларациясы мен Қа­зақ­станның тәуелсіздігі жарияланғаны ай­тылды. Қасым-Жомарт Тоқаев шаһарды өркендетуге қатысты ой-пікірін айта келе, бірнеше бағытта ат­қа­рылуға тиіс жұмыстарға назар аударды. Ең алды­мен экономиканы әртараптандыру мәсе­ле­лері айтылды. Мемлекет басшысының айтуынша, ең ал­дымен қала экономикасын әртараптандыру арқылы оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету қажет. Жалпы ішкі өнімнің бестен бір бө­лігі, бюджет кірісінің 25 пайыздан астамы жә­не Қазақстанның сауда операцияларының үш­тен бір бөлігі осы қалаға тиесілі. Жыл ба­сынан бері қала экономикасына 930 мил­лиард жеке инвестиция тартылған. Кәсіп­кер­лік дәйекті дамып келеді. Шағын және орта биз­нес субъектілерінің саны 30 пайызға өс­кен. – Қала «орташа табыс тұзағына» түсті, одан шығу үшін қала экономикасын түбе­гей­лі әртараптандыру қажет. Өңдеу өнеркәсібін, ту­ризмді, IT секторын және креативті ин­дустрия­ны дамытуға баса назар аудару керек. Бә­секелестікті ынталандыру, инвестиция тар­ту және еңбек өнімділігін айтарлықтай арт­тыру қажет. Қала жағдайындағы өңдеу өнер­кәсібін дамыту ісі экологиялық таза жә­не ықшамды заманауи технологияларды қол­­дана отырып, үдерістерді жоғары дең­гей­де автоматтандырумен және цифр­лан­дыру­мен қатар жүзеге асырылуы керек. Алма­ты­ның индустриялық аймағы мен «Алатау» ин­новациялық технологиялар паркінің әлеуе­тін толық пайдаланғанымыз жөн, – деді Пре­зидент. Мемлекет басшысы Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдеріне Алматы аг­ломерациясының аясында өңдеу өнеркәсібін бір­лесіп дамытуды тапсырды. Сондай-ақ осы мақ­сатта жыл аяғына дейін екі аймақтың ты­ғыз ынтымақтастығына негіз болатын «Аг­ломерацияларды дамыту туралы» жаңа заң қабылданатынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев қалалық венчурлық қор құру туралы бастаманы қолдады Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі IT ком­па­ниялардың 40 пайыздан астамы Алматыда ор­наласқанына тоқталып, азаматтардың маңыз­ды бастамаларын жүзеге асыру үшін жа­қын арада қалада хабтар мен кластерлер іс­ке қосылатынын жеткізді. Сондай-ақ бас­тап­қы қаржыландырылу сомасы 10 миллиард тең­ге болатын қалалық венчурлық қор құру жө­ніндегі жергілікті биліктің идеясын қол­дайтынын атап өтіп, бұл жобаға жеке кәсіп­кер­лерден қаржы тартудың маңызды екенін айтты. Сонымен қатар Президент қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қа­лалық басқарма жүйесін цифрландыру мә­се­лелеріне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, биыл Қазақстанда тіркелген жалпы қыл­мыс­тың бестен бірі Алматыда жасалған. – Әкімдік 2025 жылға дейін қала көше­лері мен қоғамдық орындарды жүз пайыз жарық­пен қамтамасыз етуі керек. Тағы бір маңыз­ды бағыт – бейнебақылау жүйесін да­мыту. Бүгінгі таңда Алматыда 128 мыңнан ас­там жеке бейнебақылау камералары орна­тыл­ды, оның төрттен бір бөлігі ғана қалалық По­лиция департаментінің Жедел басқару ор­талығына қосылған. Әкімдік жеке бейне­бақы­лау жүйелерін бірыңғай диспетчерлік пунктке біріктіру жөнінде ереже қабылдауы керек. Әрине, жекеменшік иесінің келісімі ар­қылы. Сонымен қатар бейнебақылау құрыл­ғыларымен қамтылмаған учаскелерге 20 мыңға жуық камера орнату қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  width=«Алматы – ғылым мен білімнің орталығы» Мемлекет басшысы Алматы ғылым мен білімнің орталығы екенін атап өтіп, ғылымды дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. – Елімізге өмір жолын ғылымға арнаған, нақ­ты ғылыми жетістігі бар адамдар керек. Ота­н­дық ғалымдар құрамын жақсарту қажет. Бұл – уақыт талабы. Сондықтан Ғылым ака­де­миясына ғылымға жаны ашитын, ғылыми әлеуе­ті зор азаматтарды ғана көптеп тарту қа­жет. Біз ғылым мен өндірісті ұштастыру тура­лы жиі айтамыз. Бірақ ондай байланыс әлі де орныққан жоқ. Ащы болса да, мұны мойын­дауымыз керек. Отандық өндірісті өр­кендету үшін ғылыми жаңалықтар қажет. Ға­лымдарымыздың еңбегі сапалы өнім шы­ғаруға немесе өндірісті тиімдірек етуге сеп­тігін тигізуге тиіс. Сонда ғана экономикамыз дамиды. Осы орайда мен тағы бір маңызды бас­тама – Президент жанынан Ғылым мен тех­нология мәселелері жөнінде ұлттық кеңес құру туралы шешім қабылдадым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Алматының әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту қажет Мемлекет басшысы қаланың барлық ау­да­нын бірдей дамыту және тұрғын үй құры­лысын жандандыру керек екеніне назар ау­дарды. Президент бірқатар түйткілді мәсе­ле­ні атап өтіп, тұрғын үй коммуналдық шаруа­шы­лығына баса мән беру қажеттігін жеткізді. – Әкімдікке 3 жылдың ішінде барлық тұр­ғындарға орталықтан су беруді тап­сыра­мын. Алдағы 2 жылда Қарғалы, Ақсай өзен­дері­нен су алатын 2 ірі құрылғыны іске қосу ке­рек. Наурызбай және Алатау аудандарында су жинайтын жаңа орталықтар салу қажет. Бұл шаралардың арқасында 150 мың адамға су беріледі. «Ерменсай» және «Барлық» өзен­дерінен су тарту жүйесін де іске қосу маңыз­ды. Су – тіршілік көзі. Тұрғындардың өмір са­пасы тікелей суға тәуелді. Сондықтан сумен қам­тамасыз ететін жаңа желі салу, жаңғырту жұ­мысын басты назарда ұстау керек, – деді Пре­зидент. Қасым-Жомарт Тоқаев қала халқының са­ны күн өткен сайын өсіп келе жатқанына тоқ­талып, тұрғын үй құрылысына айрықша мән берілетінін айтты. Оның айтуынша, Ал­ма­ты тұрғындарының көпшілігі, әсіресе жас­тар үшін баспана – ең өзекті мәселе. Жас­тардың баспана алуына жан-жақты жағ­дай жасау керек. – Әкімдік жалға берілетін тұрғын үй салу үшін инвесторларға тартымды болатын тиімді тәсілдер ойластыруға тиіс. Бірақ жал­дамалы үйлер тым қымбатқа түспеуі керек. Он­дай пәтерлер, ең алдымен қолжетімді болу­ға тиіс. Жалпы, Алматы жастары үшін бас­паналы болу қол жетпес арман болмауы ке­рек. Басында баспанасы бар жастардың ер­тең­гі күнге деген сенімі артады. Қалада тұр­ғын үй тапшылығын азайту – аса маңыз­ды міндет. Келесі жылдан бастап тұрғын үй құрылысын жыл сайын 10 пайызға арттыру қажет. Әрине, Алматыда бос жер аз. Бұл жағ­дай құрылыстың қарқынын күшейтуге ке­дергі келтіруі мүмкін. Сол себепті жаңа жер­лерді игеру керек. Қалада 1 500-ге жуық ескі үй бар. Шағынаудандарда тұрған мұндай үйлерге күрделі жөндеу жүргізген жөн. Әкім­дікке осы шаруаны кезең-кезеңмен жүзеге асыру үшін нақты жоспар әзірлеуді тапсыра­мын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы Алматының әлеу­мет­тік инфрақұрылымын дамыту қажет еке­ніне тоқ­талды. – Алматы тұрғындарының саны жыл сайын өсіп жатыр. Соның 60 пайызы көші-қон есебінен жүзеге асады. Бұл жағдай қала­ның әлеуметтік инфрақұрылымына елеулі әсер етеді. Қазір қаладағы балабақшаларда 19 мың­нан астам орын жетпейді. Бұл тапшы­лық­­ты азайту үшін мемлекеттік және жеке­мен­шік балабақшалар салу керек. Сондай-ақ балаларды мемлекеттік білім тапсырысы ар­қылы мектепке дейінгі жеке білім беру ме­кемелеріне орналастыру қажет. Әкімдікке үштен алты жасқа дейінгі балалардың 97 пайызын мектепке дейінгі біліммен қамтуды тапсырамын. Бұл міндетті 2025 жылға дейін орындау керек. Оқушылардың саны жыл сайын орта есеппен 12-15 мыңға артып келе­ді. Сол себепті мектептерде орын тапшылығы жоғары. Қазір 29 мыңнан астам оқушыға орын жетпейді. Бұл ахуал оқушылардың са­па­лы білім алуына кері әсер етеді. Менің тап­сырмаммен Алматыда алдағы екі жыл ішін­де «Жайлы мектеп» жобасымен 37 мың орын­дық 22 мектеп салынады. Басты міндет – 2030 жылға қарай бір ауысыммен оқытуға то­лық көшу, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент қаланың денсаулық сақтау са­ласына қатысты негізгі міндет инфра­құры­лым­ды дамыту және қызмет көрсету сапасын арттыру екенін айтты. Алматыда емханалар мен ауруханалар әбден ескірген. Тұрғын үйлер салған кезде әлеуметтік нысандар дұрыс жоспарланбайды. Қасым-Жомарт Тоқаев осындай түйткілдерді атап өтіп, әкім­дік жаңа медициналық нысандар салып, ес­кілерін жаңғырту үшін арнайы жоспар әзір­леуі керек екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше күтімді қажет ететін жандарға жан-жақты қолдау көр­сету аса маңызды деп санайтынын және олар­ға мейлінше ыңғайлы қоғамдық орта қа­лыптастыру керек екенін айтты. Жол-көлік жүйесіндегі мәселелер шешіледі Президент Алматының жол-көлік жүйе­сіне де арнайы тоқталды. Бірнеше сағат­тық көлік кептелістері азаматтардың денсау­лы­ғына әсер етіп қана қоймай, қала эконо­ми­ка­сы мен экологиясына да айтарлықтай зиян кел­тіреді. Сондықтан адамдарға «жайлы қа­ла» қағидатын іске асыруға мүмкіндік беретін үйлесімді және теңгерімді жол-көлік кешенін салу маңызды. – Қоғамдық көліктердің тартымдылығын дәйекті түрде арттыра отырып, жеке көлік­тер­ді пайдалануды азайту жайын ойластыру ке­рек. Ол үшін метро желісін кеңейтуді жал­ғас­тыру қажет. Ескірген және экологияға зиян келтіретін көлік түрлерінен бас тарту ке­рек. 2025 жылдан кейін Алматы көшеле­рін­де дизельді автобустар қалмауға тиіс. Олар­ды газбен және электр қуатымен жүре­тін көліктер алмастырады. Алматыда оны та­бысты дамытудың мол тәжірибесі бар. Тран­зиттік жүк тасымалының басым бөлігін Үлкен Алматы айналма жолына көшіру де қа­л­аға оң әсерін тигізеді. Бұл үшін 6 радиалды жә­не 4 ішкі негізгі көше салу қажет, – деді Мем­лекет басшысы. Жуырда Алматы мен Қонаев қалалары ара­сында электр пойызының қозғалысы қай­та қалпына келгенін еске салған Қасым-Жомарт Тоқаев Индустрия және инф­ра­құры­лымдық даму министрлігі, Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдіктері қала маңындағы теміржол қатынасын одан әрі жандандыру жоспарын әзірлеуі қажет екенін айтты. 2030 жылға дейін 2,5 миллион ағаш егу жоспарланып отыр Президент экология мәселесі үнемі на­зарын­да екеніне тоқталып, алматылықтарды қала­дағы ауаның ластануы қатты алаңдатып отырғанынан хабардар екенін жеткізді. Оның айтуынша, жыл сайын атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтың көлемі 125 мың тоннаға жуықтайды. Ауаны негізінен ав­токөліктер, қалалық жылу электр стан­са­лары, өнеркәсіп кәсіпорындары және газ тар­тылмаған жер үйлер ластайды. Мегапо­лис­те ауаның таза болуына тығыз әрі ретсіз са­лынған ғимараттар да кедергі келтіріп тұр. Осы ретте Мемлекет басшысы әкімдікке өнер­кәсіп кәсіпорындарының экологиялық қауіп­сіздік нормаларын сақтауын қатаң қада­ғалауды тапсырып, ЖЭО-2 және ЖЭО-3 ор­талықтарын газға көшіру арқылы зиянды қал­дықтарды он еседен астам төмендетуге бо­латынын айтты. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Ал­ма­тыда 2030 жылға дейін 2,5 миллион ағаш отырғызу жоспарланып отырғанын айтты. Ең бастысы, абаттандыру жұмыстары суар­ма­лы судың қолжетімділігі мен қала жос­парын ескере отырып, мазмұнды әрі біркелкі жүргізілуі керек. Алматыда 136 саябақ бар. Олар­дың қатарын көбейтіп, абаттандыру жұ­мыстарын жоспарлы түрде жүргізу керек. «Алматының асқақ рухы құлаған жоқ» Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қаң­тар оқиғасының еліміз үшін зор сынақ бол­ғанын атап өтті. – Қаңтар оқиғасының астарына үңілсек, оның себептері айқын көрінеді. Елімізде ұзақ уақыт әлеуметтік әділдік назардан тыс қалды. Мем­лекет пен қоғамның арасы алшақтап кет­ті. Жылдар бойы шешілмеген әлеуметтік-эко­номикалық мәселелерден жұрт әбден қа­­жыды. Бұл – түсінікті жайт. Алайда қыл­мыс­керлердің көздегені басқа еді. Олар бей­біт шеруді жаппай тәртіпсіздікке айнал­дыр­ғы­сы келді. Алдын ала әзірлеген арандату­шы­лар, бұзақылар, тіпті қарақшыларды пай­да­лан­ды. Соның кесірінен Алматыдағы жағдай күрт нашарлады, тіпті бақылаудан шықты. Қылмыскерлер әкімшілік ғимараттарды ба­сып алды. Көшелерді жауып, жолында кез­дес­кеннің бәрін қиратты, тонады. Қысқасы, ойларына не келсе, соны істеді. Бірақ қандай жағдай болсын, азаматтарымыз, ең бастысы Алматының асқақ рухын құлатқан жоқ. Қала тұрғындары жұдырықтай жұмылды, сүйікті қаласын қорғап қалу үшін бірікті. Әрине, со­дырлардың мұндайды күтпегені айдан анық. Еліміздің алтын бесігі – Алматыны қи­ратып жатқаны осы қаланың перзенті ре­тінде менің де жаныма батты. Дегенмен дәл сол сәтте абдырап, уақыт ұттыруға еш қа­қы­мыз болған жоқ. Онда әбден дандайсып кет­кен қарақшылар қаламызды күл-талқан етер еді. Ел тағдыры сынға түскен жауапты сәт­те халқымыз мызғымас бірлігі мен қайт­пас қайсарлығын танытты. Мемлекеттігімізді сақ­тап қалу үшін біз қандай тәуекелге де бара­тынымызды айқын көрсеттік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  width=«Жұртына пайдасы тиетін жұмыстың бәріне Ахаң үлес қосқан» Жұртшылықпен кездесуден соң Прези­дент ағартушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сынұлы­ның музей-үйіне барды. Ахмет Бай­тұр­сынұлы бұл үйде қызы Шолпанның отба­сымен бірге 1934-1937 жылдары тұрған. Музей-үйі 1998 жылы Алаш қайраткерінің 125 жылдық мерейтойында салтанатты түрде ашылды. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ахмет Байтұрсынұлына арналған ескерткішті ашты. Өте шебер соғылған мүсін ұлт ұста­зының бейнесін толық ашқан. Ескерткіш ав­тор­лары – Айдос Бүркітбаев және Тимур Ермұхаметов. Іс-шараға ақынның туыстары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы ескерткіштің ашылу рәсіміне жиналғандар алдында сөз сөйлеп, тұлғаның ұлт тарихын­дағы рөлі жоғары екенін айтты. – Жұртына пайдасы тиетін жұмыстың бәрі­не Ахаң үлес қосқан. Тіпті, бірқатар сала­ны өзі бастап берген. Ол қазақтың төл әліп­биін жасады, алғашқы әліппемізді құрас­тыр­ды. Сондай-ақ оқулық жазып, тіл білімінің негізін қалады. «Қазақ» газетін шығарып, бас­пасөздің дамуына жол ашты. Еліміз бүтін, жеріміз тұтас болуы үшін өлшеусіз еңбек сіңір­ді. Қазаққа қызмет ету жолында бар күш-жігерін жұмсады. Ұлт көшбасшысының өмір жолын елді сүюдің жарқын үлгісі деуге бо­лады. Оның ғибратты ғұмыры – өскелең ұрпақ үшін әрдайым өнеге, – деді Мемлекет бас­шысы. Президент Алаш арысының туған жері Торғай өңірінде дүбірлі той өткенін, ЮНЕС­КО, ТҮРКСОЙ ұйымдары аясында алқалы жиын­дар ұйымдастырылғанын атап өтті. Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық шығар­малар жинағы басып шығарылып, таңдамалы еңбектері 4 тілде жарық көрді. – Қостанай қаласындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді. Торғайда Міржақып Дулатұлы екеуіне ескерткіш орна­тылып, қос алыптың әдеби музейі толық жаң­ғыртылды. Былтыр осы Алматыдағы мұражайы мемлекет меншігіне қайтарып алын­ғанын білесіздер. Енді, міне, қала төрін­де сәулетті ескерткіші бой көтерді. Осының бәрі – халқымыздың ұлт ұстазына деген ерекше құрметінің белгісі. Кезінде Мұхтар Әуезов «Ахаңның қазақ баласына істеген еңбегін, өнер, білім, саясат жолындағы қажы­маған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмыт­пайды» деген болатын. Ахмет Байтұр­сынұлы­ның ұрпаққа аманат еткен мол мұра­сы – қазақтың баға жетпес асыл қазына­сы. Бүгінде ахметтану ғылымына бет бұрып, ғалымның шы­ғармашылығын зерттеп жүрген жастар­дың қатары көбейіп келеді. Бұл – ұлы тұлға­ның ұлағатты жолы ешқашан үзілмейді деген сөз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы салтанатты рәсімнен кейін ақынның ұрпақтарымен, зиялы қауым өкілдерімен, сондай-ақ ескерткіш авторлары Айдос Бүркітбаевпен және Тимур Ермұ­ха­метовпен әңгімелесіп, суретке түсті.  width=Сәтбаев университетінің жанынан ғылыми-зерттеу хаб құрылады Президент Алматыда студенттермен жә­не жас ғалымдармен кездесуінде олардың сө­зін зейін қойып тыңдағанын атап өтіп, ұсы­нылған барлық маңызды ғылыми жо­балар мен технологиялық стартаптардың ел үшін мәні зор екенін айтты. – Әйгілі Қаныш Сәтбаев осы қалада Ғы­­лым академиясының негізін қалаған. Көп­­теген ғалымымыз академия қабыр­ға­сын­да қа­зақ ғылымын дамытуға орасан зор үлес қо­с­ты. Аға буынның абыройлы жолы лайық­ты жалғасын табуға тиіс, – деді Пре­зидент. Мемлекет басшысы қазір әлемдегі ең қымбат әрі капиталы мол компаниялар фин­тех, жасанды интеллект, IT және басқа да озық технологияға негізделген өнім шыға­ра­ты­нына, қызмет көрсететініне тоқталды. – Олар әлемнің үздік инженерлерін өз ел­деріне шақырып жатыр. Себеп – біреу, ғы­лым алып индустрияға айналды. Бұл сала бү­кіл экономиканы жаңа деңгейге көтеретін сек­тор ретінде қалыптасып келеді. Біз осы әлем­дік үрдістен шет қалмауымыз керек. Елі­міз талай жыл бойы негізінен мұнайға ар­қа сүйеп келді. Бірақ қазір – заман басқа. Та­биғи байлықтың емес, адам капиталының маңы­зы артқан дәуірге қадам бастық, – деп атап өтті Мемлекет басшысы. Президенттің пікірінше, Қазақстанда жо­ғары санатты техникалық кадр тап­шы­лығы сезіледі. – Соңғы жылдары жастардың техни­ка­лық мамандықтарға деген қызығушылығы ар­тып келе жатқаны байқалады. Қазір елі­міз­дегі 610 мың студенттің 112 мыңы тех­ни­ка­лық мамандықтар бойынша білім алып жа­тыр. Қазақстанда экономиканың жаңа са­ла­лары жедел дамып келеді. Мысалы, тек отан­дық IT секторда алдағы жылдары 150 мың жаңа жұмыс орны пайда болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы өз сөзінде инже­нер­лік-техникалық салаға мән бере отырып, елі­м­іздің жоғары оқу орындарына білім беру грант­тарын бөлудің маңызы зор екеніне тоқ­талды. Сонымен қатар Президент студенттерді оқы­ту және жатақханамен қамтамасыз ету мә­селесіне лайықты көңіл бөлуге шақырды. – Бүгінде Алматыдағы 37 мың студентке жа­тақхана жетіспейді. Құрылыс қарқыны қа­зіргідей бәсең болса, біз бұл мәселені шеше ал­маймыз. Оның үстіне, халық саны, сту­дент­тердің саны жыл өткен сайын артып келеді. Үкі­мет келесі жылы 1 сәуірге дейін жатақхана тап­шылығын жою үшін тың тәсілдер әзір­леуге тиіс. Ең алдымен Алматыдағы ахуалды рет­ке келтіру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы ғылымның ашық үлгісін енгізу ең тиімді тәсіл екенін атап өтті. Сон­дай-ақ бұл университеттерге жеке сек­тормен тығыз ынтымақтастық орнатуға мүм­кіндік береді деп санайды. Президенттің пікі­рінше, ғылымды дамытудың мұндай стратегиясын жүзеге асырудың тағы бір жолы – эндаумент-қорлар. – Мен Сәтбаев университетінің жанынан жаңа технологиялардың ғылыми-зерттеу ха­бын құру туралы тапсырма бердім. Оның инф­рақұрылымын техникалық оқу орын­дарының бәрі пайдалануына болады. Үкімет ғылыми-зерттеу хабтарын қаржыландыру мүм­кіндігін қарастыруы қажет. Хабтарды мем­лекеттің инвестициялық жобаларының са­натына қосу арқылы бұл мәселені шешуге бо­лады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Кездесу соңында Мемлекет басшысы са­палы білім алу адамды қоғамдық ортаға бейім­дейтін, оның бойына ізгі құндылықтар мен мінез-құлық нормаларын сіңіретін маңыз­ды институт екенін айтты.