Жаңалықтар

Алматы – еліміздің алтын бесігі

ашық дереккөзі

Алматы – еліміздің алтын бесігі

15 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевың Алматы қаласына жұмыс сапары басталды. Сапардың алғашқы күні Мемлекет басшысы автомобиль зауытының іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Ал кеше Алматы қаласының жұртшылығымен кездесіп, Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішін ашты. Автомобиль шығаратын зауыттың іргетасы қаланды Мемлекет басшысы Алматыға жұмыс сапары аясында алдымен Changan, Chery, Haval маркалы автомобильдер шығаратын зауыттың іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Зауыт 2024 жылдың төртінші тоқсанында ашылады деп жоспарланып отыр. Өндіріс аумағы 100 мың шаршы метрден асады. Үш автокөлік маркасының әрқайсысы үшін дәнекерлеу және құрастыру жұмыстарына арналған жеке цех салынады. Зауыт іске қосылғаннан кейін оның өндірістік қуаты жылына 90 мыңнан астам көлік шығаруға жетеді. Инвестицияның жалпы құны 100 миллиард теңгеден асады. Astana Motors компаниясы 2 200-ге жуық жұмыс орнын ашады. Қасым-Жомарт Тоқаев жобамен танысқан соң зауыт жұмысшыларымен әңгімелесті. – Бұл жоба елімізге өте қажет. Сондықтан тәуе­кел дейміз. Зауыттың жұмысына сәттілік тілеймін. Қытай Төрағасы Си Цзиньпин мырза биыл Қазақ­станға келген кезінде келіссөз жүргіздік. Соның ішінде осы жоба туралы да әңгімелестік. Нәти­же­сінде, міне, бұл жоба іске асырыла бастады. Құтты бол­сын! – деді Президент. «Агломерацияларды дамыту туралы» жаңа заң қабылданады 16 қараша күні Мемлекет басшысы Алматы қала­сының халқымен кездесті. Жиында Алматы­ның ел тарихында айрықша орын алатынын атап өтіп, осы қалада Егемендік декларациясы мен Қа­зақ­станның тәуелсіздігі жарияланғаны ай­тылды. Қасым-Жомарт Тоқаев шаһарды өркендетуге қатысты ой-пікірін айта келе, бірнеше бағытта ат­қа­рылуға тиіс жұмыстарға назар аударды. Ең алды­мен экономиканы әртараптандыру мәсе­ле­лері айтылды. Мемлекет басшысының айтуынша, ең ал­дымен қала экономикасын әртараптандыру арқылы оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету қажет. Жалпы ішкі өнімнің бестен бір бө­лігі, бюджет кірісінің 25 пайыздан астамы жә­не Қазақстанның сауда операцияларының үш­тен бір бөлігі осы қалаға тиесілі. Жыл ба­сынан бері қала экономикасына 930 мил­лиард жеке инвестиция тартылған. Кәсіп­кер­лік дәйекті дамып келеді. Шағын және орта биз­нес субъектілерінің саны 30 пайызға өс­кен. – Қала «орташа табыс тұзағына» түсті, одан шығу үшін қала экономикасын түбе­гей­лі әртараптандыру қажет. Өңдеу өнеркәсібін, ту­ризмді, IT секторын және креативті ин­дустрия­ны дамытуға баса назар аудару керек. Бә­секелестікті ынталандыру, инвестиция тар­ту және еңбек өнімділігін айтарлықтай арт­тыру қажет. Қала жағдайындағы өңдеу өнер­кәсібін дамыту ісі экологиялық таза жә­не ықшамды заманауи технологияларды қол­­дана отырып, үдерістерді жоғары дең­гей­де автоматтандырумен және цифр­лан­дыру­мен қатар жүзеге асырылуы керек. Алма­ты­ның индустриялық аймағы мен «Алатау» ин­новациялық технологиялар паркінің әлеуе­тін толық пайдаланғанымыз жөн, – деді Пре­зидент. Мемлекет басшысы Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдеріне Алматы аг­ломерациясының аясында өңдеу өнеркәсібін бір­лесіп дамытуды тапсырды. Сондай-ақ осы мақ­сатта жыл аяғына дейін екі аймақтың ты­ғыз ынтымақтастығына негіз болатын «Аг­ломерацияларды дамыту туралы» жаңа заң қабылданатынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев қалалық венчурлық қор құру туралы бастаманы қолдады Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі IT ком­па­ниялардың 40 пайыздан астамы Алматыда ор­наласқанына тоқталып, азаматтардың маңыз­ды бастамаларын жүзеге асыру үшін жа­қын арада қалада хабтар мен кластерлер іс­ке қосылатынын жеткізді. Сондай-ақ бас­тап­қы қаржыландырылу сомасы 10 миллиард тең­ге болатын қалалық венчурлық қор құру жө­ніндегі жергілікті биліктің идеясын қол­дайтынын атап өтіп, бұл жобаға жеке кәсіп­кер­лерден қаржы тартудың маңызды екенін айтты. Сонымен қатар Президент қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қа­лалық басқарма жүйесін цифрландыру мә­се­лелеріне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, биыл Қазақстанда тіркелген жалпы қыл­мыс­тың бестен бірі Алматыда жасалған. – Әкімдік 2025 жылға дейін қала көше­лері мен қоғамдық орындарды жүз пайыз жарық­пен қамтамасыз етуі керек. Тағы бір маңыз­ды бағыт – бейнебақылау жүйесін да­мыту. Бүгінгі таңда Алматыда 128 мыңнан ас­там жеке бейнебақылау камералары орна­тыл­ды, оның төрттен бір бөлігі ғана қалалық По­лиция департаментінің Жедел басқару ор­талығына қосылған. Әкімдік жеке бейне­бақы­лау жүйелерін бірыңғай диспетчерлік пунктке біріктіру жөнінде ереже қабылдауы керек. Әрине, жекеменшік иесінің келісімі ар­қылы. Сонымен қатар бейнебақылау құрыл­ғыларымен қамтылмаған учаскелерге 20 мыңға жуық камера орнату қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. «Жұртына пайдасы тиетін жұмыстың бәріне Ахаң үлес қосқан» Жұртшылықпен кездесуден соң Прези­дент ағартушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сынұлы­ның музей-үйіне барды. Ахмет Бай­тұр­сынұлы бұл үйде қызы Шолпанның отба­сымен бірге 1934-1937 жылдары тұрған. Музей-үйі 1998 жылы Алаш қайраткерінің 125 жылдық мерейтойында салтанатты түрде ашылды. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ахмет Байтұрсынұлына арналған ескерткішті ашты. Өте шебер соғылған мүсін ұлт ұста­зының бейнесін толық ашқан. Ескерткіш ав­тор­лары – Айдос Бүркітбаев және Тимур Ермұхаметов. Іс-шараға ақынның туыстары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы ескерткіштің ашылу рәсіміне жиналғандар алдында сөз сөйлеп, тұлғаның ұлт тарихын­дағы рөлі жоғары екенін айтты. – Жұртына пайдасы тиетін жұмыстың бәрі­не Ахаң үлес қосқан. Тіпті, бірқатар сала­ны өзі бастап берген. Ол қазақтың төл әліп­биін жасады, алғашқы әліппемізді құрас­тыр­ды. Сондай-ақ оқулық жазып, тіл білімінің негізін қалады. «Қазақ» газетін шығарып, бас­пасөздің дамуына жол ашты. Еліміз бүтін, жеріміз тұтас болуы үшін өлшеусіз еңбек сіңір­ді. Қазаққа қызмет ету жолында бар күш-жігерін жұмсады. Ұлт көшбасшысының өмір жолын елді сүюдің жарқын үлгісі деуге бо­лады. Оның ғибратты ғұмыры – өскелең ұрпақ үшін әрдайым өнеге, – деді Мемлекет бас­шысы. Президент Алаш арысының туған жері Торғай өңірінде дүбірлі той өткенін, ЮНЕС­КО, ТҮРКСОЙ ұйымдары аясында алқалы жиын­дар ұйымдастырылғанын атап өтті. Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық шығар­малар жинағы басып шығарылып, таңдамалы еңбектері 4 тілде жарық көрді. – Қостанай қаласындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді. Торғайда Міржақып Дулатұлы екеуіне ескерткіш орна­тылып, қос алыптың әдеби музейі толық жаң­ғыртылды. Былтыр осы Алматыдағы мұражайы мемлекет меншігіне қайтарып алын­ғанын білесіздер. Енді, міне, қала төрін­де сәулетті ескерткіші бой көтерді. Осының бәрі – халқымыздың ұлт ұстазына деген ерекше құрметінің белгісі. Кезінде Мұхтар Әуезов «Ахаңның қазақ баласына істеген еңбегін, өнер, білім, саясат жолындағы қажы­маған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмыт­пайды» деген болатын. Ахмет Байтұр­сынұлы­ның ұрпаққа аманат еткен мол мұра­сы – қазақтың баға жетпес асыл қазына­сы. Бүгінде ахметтану ғылымына бет бұрып, ғалымның шы­ғармашылығын зерттеп жүрген жастар­дың қатары көбейіп келеді. Бұл – ұлы тұлға­ның ұлағатты жолы ешқашан үзілмейді деген сөз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы салтанатты рәсімнен кейін ақынның ұрпақтарымен, зиялы қауым өкілдерімен, сондай-ақ ескерткіш авторлары Айдос Бүркітбаевпен және Тимур Ермұ­ха­метовпен әңгімелесіп, суретке түсті.