Жаңалықтар

Сыр өңірінде құрылыс саласында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр

ашық дереккөзі

Сыр өңірінде құрылыс саласында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр

Бүгінде аймақта заманауи нысандар салу ісі сәтті жүзеге асырылуда. Соның негізінде ағымдағы жылдың 7 айында өңірде  18 жаңа нысан пайдалануға берілген. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Сыр еліне қолдауы негізінде облыс орталығында қала көркін еселеп, ажарын аша түсетін бірқатар зәулім ғимараттың іргетасы қаланып, жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқын алды. Бұл тұрғыда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев  демеушілерді ортақ іске біріктіріп, 9 млрд. теңгеге жететін ауқымды жобалардың жүзеге асуына дәнекер болып отыр. Нәтижесінде, өңірде бір мезетте өнер сарайы, неке сарайы мен қан орталығының құрылысы басталды. Келер жылы халықаралық әуежайдың жаңа терминалы, стадион мен заманауи үлгідегі оқушылар сарайы және көпсалалы аурухана бой көтереді деп күтілуде. Аймақта алдағы уақыт еншісінде атқарылатын жұмыстар да ауқымды көрінеді. Соның ішінде келер жылдың соңына қарай Қызылорда қаласында Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойынан құны 3,7 млрд теңгеге 1000 орындық өнер орталығы ел игілігіне беріледі деп жоспарланған. Жаңа заманауи өнер ордасында мәдениет саласының симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытында концерттік бағдарламалар мен түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар да өткізілу көзделіп отыр. Сонымен қатар аймақта шаңырақ көтеруге ниеттенген жастар үшін құны 1,6 млрд теңгені құрайтын заманауи үлгідегі Неке сарайы келер жылы тұрғындарға есігін айқара ашпақ. Сол сияқты бүгінде сырдың сол жағалауында тағы бір әлеуметтік нысанның іргетасы қаланып отыр. Жалпы құны 2,7 млрд теңгені құрайтын «Қан орталығы» жылына қан мен оның компоненттерін донациялау көрсеткішін 500-ден 10 мыңға дейін жеткізеді. Шаһардың ажарын аша түсетін тағы бір нысан – сыр халқына белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құрылысы басталған құны 1,5 млрд теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығы. Бұған қоса өңірдің Түркістан облысымен шекараласатын тұсынан демеуші есебінен құны 200 млн теңгеге облыстың кіреберіс қақпасының құрылысы да өңір үшін зор маңызға ие. Сыр елі Мемлекет басшысының биыл жариялаған «Балалар жылына» орай өз тартуын жасап жатыр. Соның ішінде демеушілер есебінен құны 1,6 млрд теңгеге 80 балалар спорт-ойын алаңын салу қолға алынды. Алдағы уақытта сол жағалауда қасбеттері заманауи талаптарға сай келетін 7-9 қабатты тұрғын үй, физика-математикалық мектеп бой көтерсе, «Қазгермұнай» ұлттық компаниясы басшылығымен келісім нәтижесінде жаңадан «Оқушылар сарайы» еңсе тіктейді.