Жаңалықтар

Елімізде ерекше климаттық жағдайлардағы өсімдіктерді өсіруге мүмкіндік бар

ашық дереккөзі

Елімізде ерекше климаттық жағдайлардағы өсімдіктерді өсіруге мүмкіндік бар

Өсімдіктерді микроклонды тәсіл арқылы көбейту технологиясы өсімдік өсірудің түбегейлі жаңа әдісіне айналды. Қазір бұл технологиямен өнеркәсіптік және жеке шаруашылықтар сапасы жоғары өсімдіктерді алуда қолданады. Көптеген елдерде банан, цитрус, ананас, қант қамысы, картоп сияқты дақылдар осылай өндіріледі. Гүлді өсімдіктердің ішінен микроклонды әдістер антуриум, гербера, орхидея, раушанның сан қилы түрлеріне жасалады.

Микроклонды көбеюдің тиімділігі жоғары болуы үшін процестің барлық кезеңдерінде өсімдіктердің жұмыс істеуі мен өсуі үшін оңтайлы жағдайларды сақтау қажет. Ол үшін зертхананың заманауи үлгідегі технологиялармен жабдықталғаны маңызды. «Микроклонды көбейту жұмыстары кезінде түрлі инфекциялардың енуіне жол бермеу керек. Микроклонды көбею үшін өсімдіктердің жылдық, екі жылдық өсінділері қолданылады. Өсімдіктерді ашық жерге отырғызбас бұрын, олар арнайы қоректік ортасы бар стерильді түтіктерге орналастырылады», - деді «Жасыл технологиялар» ЖШС басшысы Сергей Санаров.

Ақмола облысының Щучинск қаласында Қазақстанның қатал климаттық жағдайларына бейімделген өсімдіктердің сирек түрлерін өсіруге мүмкіндік беретін микроклонды көбейту зертханасы бар. Жобаны Республикалық Ғылым қоры жанындағы «Жасыл технологиялар» ЖШС жүзеге асырады.